Экономика • Бүгін, 09:15

Салық бәсекелестікті қалай дамытады?

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Салық кодексінің енгізілуіне байланысты қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Кейбіреулер бұл реформа шағын кәсіпкерлікке салмақ түсіреді десе, енді бірі елдегі бизнес иелері салық режімдері жеңілірек көрші елдерге көшіп кетуі мүмкін деп қауіптенеді.

Салық бәсекелестікті қалай дамытады?

Көрші елдер деп тұрғанымыз – Қырғызстан мен Өзбекстан. Мұндағы салық резиденттігінің шарттары сырт көзге шынымен де тартымды болып көрінеді. Мысалы, осы елдердегі ҚҚС базалық мөлшерлемесі   12%. Олар да  бизнес үшін жаңа, тартымды жағдайлар қалыптастыруға жанталасып жатыр. Мысалы, қырғыз елінде  ШОБ үшін салық салудың жалпақ жүйесі мен арнайы салық режімдері жұмыс істейді. Бұған қоса, Қырғызстан мен Ресей арасында қосарланған салық салуды болдырмау туралы келісім бар. Бұл екі юрисдикцияда да бір рет табыс салығын есептеуге мүмкіндік береді. Мұндай жағдай ресейлік кәсіпкерлер үшін оның ішінде кейінгі жылдары біздің елге көшіп келгендерге тиімді болып көрінеді.

Қаржы министрлігінің ұстанымынша, қазақ бизнесі көрші елдерге көшіп кетеді деп қауіптенуге негіз жоқ. Вице-министр Ержан Біржановтың уәжімен айтсақ, бұл – жаңсақ пікір. Себебі өсіп-өнген өңірін тастап, ешкім де бөтен елге бармайды. Әрі Өзбекстанда немесе Қырғызстанда кәсіпкерлік ашып, тауарларды елімізге әкеп сатса, шығын тіптен көп болады.  Тауарларды елге әкелуге 16% ҚҚС төленеді. Оның үстіне резидент емес деген мәселе де көлденең шығады.

Өзбекстанда да бизнестің өсуі қар­қынды: 2025 жылы шағын кәсіп­орындардың саны 1,2 млн-нан асқан, шетелдік компаниялардың саны 30%-ға артқан. Біздің елдің ком­па­ния­лары Өзбекстандағы шетелдік кә­сіп­­орындардың 6,8%-ын ғана құрайды.

Дегенмен де еліміздің биз­несі көрші елдерге жаппай көшу үде­рісі байқалмайды. Ұлттық статистика бюросының деректе­ріне сәйкес, өткен жыл­дың қаң­тар-қараша айларында елімізде шағын және орта кә­сіп­керлік субъек­­тілерінің саны азаймаған, керісінше ұлғайған. Ресми статис­тика да бизнестің сырт елдерге қоныс аударуын әзірге растаған жоқ.

Алайда сарапшылар салық реформасында даулы тұстар кәсіпкерлікке салмақ түсі­руі мүмкін екенін айтады. Соның ішінде жет­кізу тізбектерінің бұзы­луына, шот­тардың жабылуы мен есеп берудегі жаппай қате­ліктерге алып келетінін ескертті. Олардың айтуынша, бизнес 2026 жылғы ақпан-сәуір айларын­да бизнестегі опера­циялық үдерістердің құл­дырау қаупімен бетпе-бет келеді. Еліміздің Сауда желілері одағы басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Әбдиевтің айтуынша, көптеген жергілікті өндірушілер жаңа ережелер бойынша жұмыс істей алмайды. Олар не жабылады, не өндірісін елден тыс жерлерге ауыстырады. «Нәтижесінде, дүкендердің сөрелері ресейлік, өзбекстандық, белорустық тауарлармен толығуы мүмкін. Салдарынан халықтың күн көріске жұмсаған ақшасы импортқа кетеді, дейді ол.

сп

Экономистер болса, басқа елге көшуді тек салықтық өз­геріс­­терден деп қарамау керек­­тігін ескертеді. Оның да тиім­ді тұстары бар, жаңа нарық неғұрлым тиімді немесе неғұр­лым бәсекелі болуы мүмкін, ере­же­лердегі жылдам өзге­ріс­тер мем­лекеттің рөлін жоға­ры­латады, елімізде инвес­торлар үшін үлкен жеңілдіктер бар.

Сарапшылардың айтуынша, көрші елдер салық жүйе­сінде тәр­тіп орнатуды енді ғана қолға алды, сондықтан тө­мен са­лықтарды ұсына отырып, қолынан келген­нің бәрін кө­­ле­ңкеден шығаруға тырысады. Одан кейін бұл бәрі­бір салық пайызының көтері­луіне алып келеді. Стандарт­ты әлемдік жол осы. «Бизнес­тің ауысуы – жай ғана салық­тық шешім емес. Нарықтың ауысуы сұраныстың, бәсекелестіктің, институционалдық ортаның өзгеруіне әкелетінін есте сақтау қажет», дейді сарапшылар.

Сарапшы Андрей Чебота­рев үш елдегі салық жүйесі мен бизнес жүргізу шарттарын мұ­қият талдау керектігін айтады. Нақты салықтар мен пайда туралы пайымдауды терең­детпес бұрын алдымен жалпы көріністі қараған жөн. «Елімізде орташа салық жүктемесі 19,5 пайыз­ды құрай­ды, ал Өзбекстанда ол айтар­лықтай жоғары – 24,7. Бұл елде ҚҚС жүйесі өте қатаң. Егер жеке кәсіпкер айналымы 1 млрд сомға жетсе (бұл шамамен 43 млн теңге), ол бірден ҚҚС-ға көшуге міндетті. Ал бізде жағдай басқаша: жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режімі бойынша жұ­мыс істейтін бизнес үшін ҚҚС бо­йынша шек мүлдем жоқ», дейді А.Чеботарев.

Оның пікірінше, төмен мөл­шер­леме басында тартымды көрі­нуі мүмкін, бірақ бизнесті ұзақ жос­парлауға келмейді. Осы тұрғыдан алғанда, отан­дық модель ұзақ жылдарға жоспар­лан­ған бизнес үшін өте тиімді. Сондықтан кәсіп­керлер бүгінгі дамуды емес, ертеңгі өркендеуді ойлау керек.

Инвесторлар үшін де айыр­­ма­шылықтар бар. Еліміз­де салық жеңілдіктері (корпо­ративтік та­быс салығы, жер және мүлік са­лықтары) 8–10 жыл қолданылуы мүмкін. Өзбек­станда мұндай жеңілдіктер ең көп дегенде үш жыл ғана қолда­нылады, дейді сарапшы.

Сарапшылардың айтуынша, салық жүйесіндегі өзгерістер­­ден үркудің қажеті жоқ. Алғаш­қы жарты­жылдықта жүйенің даму траек­ториясының беталысы анық­талады. Жаңартылған құ­жат салықтық бәсекеге қабілет­тілігімізді жоғалтуға жол бер­мейді. Дәл қазір бізге бизнес релокациясы емес, экономика­лық ландшафттың құрылымы маңыз­ды.

Сарапшы Сапарбай Жо­баев­тың айтуынша, біз бірінші кезекте салықтық бәсекелестік туралы емес, дамудың түрлі модельдері туралы ойлауымыз керек. Өзбекстан нарықты бел­сенді түрде кеңейтіп, төмен база мен демографияның әсе­ріне сүйене отырып, институттар құрып жатыр. Ал біз инс­титут­тардың сапасына, биз­нес­тің сенімі мен ережелердің бол­жамдылығына көбірек мән беріп отырмыз. Ұзақмерзімді перспективада мөлшерлемесі төмен немесе жоғары елдер емес, ережесі бәріне түсінікті елдер ғана ұтады. Бизнес үшін бәсекелестіктің негізгі желісінің аражігі осы жерде айқындалады.

С.Жобаевтың пікірінше, салық жүйесіндегі өзгерістер бизнеске қысым көрсету емес, елдің қаржылық-инвестиция­лық тұрақтылығын сақтау үшін қабылданған мәжбүрлі қадам. Макроэкономикалық жағдай тұрақты. Бірақ мемлекеттің кірістері мен шығыстарындағы жинақталған ауытқуларды енді елемеуге болмайды. Былтырғы қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 7 190 өзбек заңды тұлғасы тіркелген, олардың 5 473-і жұмыс істеп тұр. Өзбекстан еліміздің әсіресе сауда, логистика және қызмет көрсету саласындағы негізгі инвесторларының бірі, шетелдік компаниялар саны­ның жалпы азаюына қарамастан инвес­тициялар көлемі бойынша топ-5 елдің қатарына кіреді.

«Жұмысы жолға қойылған, на­рық­та өзіндік үлесі бар бизнеске аяқ ас­ты­нан басқа жаққа көшіп кету оңай емес. Бизнесті көшіру – бұл жай ғана салықтық шешім емес, нарық­ты ауыстыру деген сөз. Ол үшін тұ­тынушы нарығын, сұраныс құры­лымын, бәсекелестік ортаны, жеткізу тізбегін, институционалдық ор­таның бәрін өз­герту қажет. Бұл – оңай мәсе­ле емес. Сон­дықтан салықтағы өзгеріс­тер­ге байла­ныс­ты кәсіпкерлер көрші ел­дер­ге үдере көшеді деген – миф. Әрі жаңа Салық кодексіндегі негізгі өзге­­ріс­тер бизнесті жасанды түрде бөл­­шек­теуге жол бермейді», дейді сарапшы.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 10:00

Рухани тәрбие мектебі

Аймақтар • Бүгін, 09:55

«Ауыл аманатының» шапағаты

Қоғам • Бүгін, 09:50

Қарап тұрсам, дүние... Эссе

Таным • Бүгін, 09:45