АСТАНА. 24 наурыз. Қырғызстан астанасы Бішкек қалалық кенешінің депутаттары Қырғыз ұлттық опера және балет театрының сахнасында банкет өткізген. Елдің мәдениет министрлігі мұны моральға да, этикаға да жатпайтын масқара тірлік деп бағалап отыр. Бұл туралы КирТАГ тілшісі хабарлады.
Мұның алдында, 23 наурыз күні бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында бір топ жастардың опера және балет театрының сахнасында мерекелік дастархан жайып, шулы банкет ұйымдастырғаны жайлы ақпарлар тараған еді. БАҚ мәліметі бойынша, олардың арасында Бішкек қалалық кенешінің депутаты, белгілі қырғыз олигархының баласы Жумабек Салымбеков болған.
Осыған орай Қырғызстан мәдениет, ақпарат және туризм министрлігі бүгін, 24 наурыз күні арнайы мәлімдеме таратып, онда қатысушыларды моральға жат және этикалық нормаларға сәйкес келмейтін әрекет жасады деп айыптады.
«Аталмыш шараның моральға жат сипаты бар, ол мұны ұйымдастырушылар мен қатысушыларда әлдеқандай бір этикалық нормалардың мүлдем болмағанын көрсетіп отыр. Қазіргі таңда министрлік бұл мәселенің жай-жапсарын театрдың басшылығымен және әкімшілігімен бірге анықтап жатыр», - делінген ведомство мәлімдемесінде.
Енді министрлік тиісті заңнамаға сәйкес, театр басшылығына қатысты барынша қатаң жаза қолдануға уәде беріп отыр.
Атап өте кету керек, театрдың директоры Тимур Саламатов КирТАГ тілшісіне театр сахнасында ешқандай да банкет болмағанын мәлімдеді. Түсіріліп алынған дастархан көріністері бар болғаны бутафория және көрсетілімге арналған бейнебаян болған.
Мұрат Айтқожа.
Мәнбе: КирТАГ.
Сурет: К-News.