Бүгін біздің студенттерімізге еліміздің басты байлықтары не деп сауал салсаңыз ең алдымен мұнай, газ, жер, пайдалы қазбалар алтын, соңғы кезде «инвестициялар», «инновациялар», кейбіреулері «ақша» дейді. Басқаша айтқанда, материалдық байлықты алға тартып, рухани-мәдени байлықтарды ескере бермейді.
«Біз, – деді, – Н.Назарбаев, – дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Басқа бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білу бір бөлек». Ең қымбат та қасиетті баға жетпес байлық – Тәуелсіздік. 105 жыл өмір сүрген қытайдың жоғары мәртебелі отбасының мұрагері У.Тунань (1884-1989 ж.ж.) ерекше қабілетті адам болған, бойындағы туа біткен аурудан өзінің ішкі энергия күшімен сауыққан. Оның керемет қабілеттері туралы әңгімелер көп. 1937 жылы университетте жұмыс жасап жүрген кезінде оқу орнының сейфінен бір жылға жұмсалатын қаржысы ұрланып кетіпті. Іздеушілер ол қаржының тауда тығылған бандының қолында екенін баяндайды. Бірақ оған тәуекел етіп ешкім бара алмайды. Жасы ұлғайған У.Тунань осы іске батыл кіріседі. Бандының талай тосқауылдарынан өтіп, өзінің ерекше қасиеттерінің арқасында қарақшылардың бас мәжіліс залына өтеді. Бандының жетекшісі әйел екен. У.Тунань оған Жапониямен өз тәуелсіздігі үшін соғысып жатқан Қытайға білімді азаматтар қажет, ал ұрланған қаржы жастардың білім алуына жұмсалмаса, ел зиян шегеді деген. Атаман әйел «мен ең алдымен қытай әйелімін, сосын барып қарақшымын» деген екен. Сондықтан ақша ұрлағандарды іздетеді, оларды тапқаннан кейін өлім жазасына бұйырып, қаржыны университетке қайтарады. Қайту сапарында қымбат жүкті жеткізу үшін У-дың қасына қарулы күзетшілерді де қоса береді. Осылай елге қауіп төнгізген суыққол ел мүддесін ойластыра бастайды. («Наука-религия» 2013, №1, 54 бет). Адасып, кейін айыбын түсініп, ұлтына қызмет ету, ол да кісілік қасиет.
Ал тәуелсіздікті сақтау үшін сенім, келісім, тұрақтылық, түсіністік, әлеуметтік әділдік, ар, ұят, жауапкершілік деген ең қымбат, ақшаға сатып алмайтын құндылықта екенін кейде ойланбайтын сияқтымыз. Бір кездерде мұнай, газ, басқа да байлық сарқылар, болмаса бүгінгідей бағасы арзандар, ал кісілік, имандылық, өзара сыйластық қай заманда да құндылық болып қала береді. Елбасы қоғамдық келісімді, әсіресе, этносаралық түсіністікті әл-ауқаттың, қауіпсіздіктің тірегі деп өте орынды айтты. Сондықтан биылғы жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, өткенді саралап, болашаққа қадамдарымызды ойластыратын жыл болғалы тұр. Осыған орай тәуелсіздігімізді баянды ететін, барлық қазақстандықтардың басын біріктіретін мемлекеттік тіл – қазақ тілі төңірегінде бірқатар әлеуметтік-психологиялық мәселелермен бөліскенді жөн көрдік.
- Жаңа тілдік ахуал
Мемлекеттік тіл жалпы мемлекеттік саясатқа, Конституцияға негізделінеді. Теория және практика жүзінде де қазақ тіліне мемлекеттік тіл ретінде басымдық берілді. «Тілдер туралы» Заңмен, мемлекеттік бағдарламалар арқылы тілді қолдау жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар, орыс тілін, басқа да тілдерді дамыту стратегиялық бағыт болып есептеледі. Тіл саясаты біртілдік емес, қостілділік, көптілділік жүйе қалыптастыруды көздейді. Дегенмен, қазақ тілінің мәртебесі бөлек мәселе.
Қазақ тілінің тәуелсіздік жылдарында білім, бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет, өнер, экономика, ғылым, саясат, қорғаныс салаларында өрісі кеңейді. Қазақ тілі дін саласында да кең өріс алды. Тек қазақ тілінде бірнеше телеарналар жұмыс жасайды, терминология саласында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазақ тілі ғылым тіліне де айнала бастады, ол тілде диссертациялар қорғалады. Қазақ тілі басқа тілдерден, Еуропа, әсіресе, ағылшын, сондай-ақ, араб, түркі тілдерінен жаңа сөздермен толықты.
Президент Ұлытау төріндегі толғанысқа толы сөзінде: «Мен бәрін білемін, біздің жазушыларымыз, мәдениет өкілдері біздің тіліміз жетімдік көріп келеді, тәуелсіздіктің жиырма жыл ішінде байғұс тіліміз жетімдіктен шықпай жүр» деп айта береді, – деді – «Бақытсызбын» деген адам бақытсыз болады. «Бақыттымын» деп жүрсе, бақытты болады. «Тіліміз бар» деп жүрсе, тіліміз бар болады. «Тіліміз жоқ» деп жүрсе, тіліміз жоқ болады», – деді.
Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілінде білім алатын оқушылардың саны 574 мың адамға өскен, ол барлық оқушылардың 64,5%-ын құрайды. Жылына 25 мыңнан астам қазақ мектептерінде оқитын оқушылардың саны өсіп отыр. Қазақ тілінде оқитын оқушылардың санының өзі ұлт санының өсуінің индикаторы, өлшемі деуге де болар. Шым-шымдап, аз-аздап болса да ұлттық сана өсіп, қазақтар ұлттық мектепте балаларын оқытуда. Ұлттық сананы оятып, елді тәрбиелеуде ұлттық патриоттық күштердің ықпалы зор. Қазақ тілінде білім алатын қазақ жастарының санының өсуі, оған қазақ халқының бүгін сұранысы бұрынғы кездермен салыстырғанда да артуы қазақ тілінің иесі барлығын көрсетеді.
Ең бастысы, қазақ тілі төңірегінде психологиялық ахуал өзгере бастады, жағымды тілдік психология, тілдік идеология, оңды, болмаса бейтарап көзқарас қалыптаса бастады, қазақтар арасында тілге байланысты жаңа сана-сезім, тілдік үлгі, тілдік ұстаным, мінез-құлық қалыптасып келеді. Біз осыдан 25 жыл бұрынғы қазақтар емеспіз.
Урбанизациялау қала халқының санын қазақтар есебінен өсіруде, 1970 жылы қалаларда олар 17,2%-ды құраса, 2009 жылы 55,9%-ды құрады. Орыстар сәйкесінше 58,2%-дан 31,9%-ға түсті. Ауылдық жерде қазақтар 1970 жылы 48,3-ды құраса, 2009 жылы – 71,5% болды. Орыстар сәйкесінше 26,3%-дан 14%-ға дейін азайды. Қазақтардың ауылдық жерде үлес салмағының өсуі орыс халқының қалаға, тарихи отандарына қоныс аударуына байланысты. Қалаларда жаңа тілдік ұстаным, тілдік беталыс, тілдік практика көріне бастады. Ең алдымен, қалалық қазақтар арасында ана тілін меңгеруге ұмтылыс күшейді, ал ана тілін білетін ауыл қазақтары арасында орыс тіліне ықылас азайған жоқ.
- Қайшылықтар
2013 жылы 18 сәуірде Елбасы Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді. Онда елдің бірлігін нығайту, этностық мәдениеттер мен өркениеттің үндесу бағытындағы мемлекетіміздің тәжірибесін қорытындылаумен қатар, этносаясатты іске асыру саласындағы күрделі объективтік және субъективтік факторлар да аталған. Солардың ішінде «халықты біріктіруші фактор, әлеуметтік ұтқырлықтың және әр азаматтың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі болып табылатын мемлекеттік тілді жекелеген этнос өкілдерінің төмен деңгейде білу;
– қоғамның бір бөлігінің дүниетанымдық тұрғыдан енжарлығы, ұлттық-мемлекеттік сәйкестік пен ұлттық бірлікті нығайту тетіктерінің әлсіреуі» – делінген.
Этнолингвистика ілімі тілдік оппозиция немесе тілдік бәсекелестік деген мәселеге мән береді. Қазақ тілінің мәртебесінің өсуі тілдік оппозицияны күшейтті. Біріншіден, ол оппозиция тек орыс тілінде сөйлейтін, жазатын, ойлайтындармен негізінен екі тілде сөйлейтін, жазатын, ойлайтындар арасында. Әлі де орыс тілінің артықшылығын сақтағысы келетін ниет, психология, қазақы құндылықтарға, әсіресе, қазақ тілі мен мәдениетін іштей менсінбеушілік, тәкаппарлық, «ұлылық» дерті басым. Екіншіден, бұл қайшылық тек орыстілді қазақтар мен қостілді қазақтар арасында көрініс алады. Тілдік нигилизм ана тілін менсінбейтін, ұлттық құндылықтарды мойындамайтындар мен ұлттық патриоттар арасында көрініс алып отыр.
Тағы да бір қайшылықты айтпаса болмайды. Қазақтар арасында қоспа, былық, қойыртпақ, орыс-қазақ сөздерін араластырып сөйлеу кең етек алды. Бұл қарапайым адамдар түгіл, интеллигенция, ақын, жазушылар, ғалымдар арасында да белең алып барады. Сауатты, әдеби тілдің үлгісін көрсететіндер күнделікті өмірде азайып бара жатыр. Украинада «суржик» деген құбылысты көп айтады. Суржик бидай мен қара бидай, қара бидай мен арпа, тағы да басқа қоспаларды білдіреді. Осыдан украиндықтар орыс-украин, украин-орыстілдік қойыртпалықты да «суржик» деп кеткен. Суржик, жергілікті тіл мен үстем тілдің қоспасы, қойыртпағы, негізінен отарланған елдерге тән, бара-бара адамдар қатынасының үйреншікті құралына айналып, тұрмыстық тілден әдеби тілге бәсекелес тіл болып, кейін тіпті әдеби тілді де ығыстыруы мүмкін әлемде ондай жағдайлар кездеседі. Суржик немесе біздің бүгін етіміз үйренген шұбар тіләдеби тілімізге оппозиция болып отырғаны анық.
Тіл білімінде тіл нарығы (языковой маркетинг) деген ұғым бар. Әр мемлекетте тілдердің өз алдына әлеуметтік топтардың мәртебесін айқындайтын ықпалына байланысты өз «бағасы», өз құндылығы бар. Тіл адамдық капитал ретінде оның меңгергендердің қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, саяси мәртебесін айқындайды, сондықтан ол тілге сұраныс та жоғары. Негізінен, ол қызметті мемлекеттік тіл атқарады.
Бүгін қазақ тілі алуан түрлі бәсекелестікке түсіп отыр: экономикалық салада, интеллектуалдық, ғылыми, мемлекеттік қызмет, мәдениет, өнер, БАҚ, құқық, денсаулық, отбасы, дін, әскери қызмет, сыртқы саясат, бәсекелестік күшеюде. Бүгін тіл мәселесін барлық салаларда тек заңмен реттей алмайтындығымызға көзіміз жетті. Мысалы, отбасы, күнделікті тұрмыстық қатынастарда, базар, сауда, көлік, денсаулық, басқа да салаларды қазақ тіліне заңмен икемдеп, жөнге салу қиын. Ол мәдениет, ұлттық намысқа, тәрбиеге байланысты.
Әлемдік тәжірибеде сан жағынан басым ұлттың тілі қолданыста басым тіл де болатыны белгілі, оны мамандар үстем тіл, басым тіл (доминантный язык), дейді. Қазақстандағы жағдай өзгеше, сан жағынан аз халықтың тілі басым, үстем тіл (доминирующий язык) болып, мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілі әлі толыққанды, жан-жақты, қоғамдық барлық салаларда қолданысқа ие бола алмай отыр.
Көптеген сарапшылар мемлекеттік тілдің қолданысының тарлығын оқулықтардан, оқу методикасының жетілмегендігінен көреді. Ол сын орынды да шығар. Бірақ ешқандай мемлекетте барлық елдің көңілінен шығатын оқулық та, оқу методикасы да жоқ. Ресей сарапшылары, ғалымдары, мысалы, орыс тілін оқытудың деңгейіне көңілдері толмайды, бірақ олар тілді меңгеруіне емес, орыс тілін білмейтін ресейлік жоқ, тіл мәдениетіне назар аударады.
Әлемде 184 мемлекет көпұлтты, көптілді, оларда 600-ден астам тілдік топтар бар. Әр елдегі тілдік ахуалдың басқалармен ұқсастығы да, қайталанбайтын ерекшеліктері де болатыны белгілі.
- Тіл саясаты ерекшеліктері: Беларуссия және Қазақстан
Тәуелсіздік алған бұрынғы кеңестік республикаларында орыстану, ұлтсызданудың тарихы да, оның салдары әртүрлі. Осы тұста, ұлтсыздану деңгейі асқындаған екі мемлекетті мысалға алуға болады: бірі – Белоруссия, екіншісі – Қазақстан. Белорустар мен қазақтар аяқтарын алшаң басып, тым еркінсімей, қызбалыққа берілмей тәуелсіздіктің пайымын, парқын, мәнін түсінген халықтар. Ол байсалды ахуал президенттер Н.Назарбаев пен А.Лукашенко ұстанған саясатынан туған. Белорус тілінің қазақ тілімен салыстырғанда жағдайы әлі ауыр. Орыс тілі белорус тілімен қатар мемлекеттік болып қабылданды. Бірақ, тіл саясатының бір ерекшелігі белорус тілінің аясын кеңейту тек тілді оқытумен шектелмейді, елде ұлт мәдениеті, тарихы, ономастика, басқа да салаларда ұлт мәртебесіне байланысты жағымды психологиялық ахуал, патриоттық сана қалыптастыру болып отыр. Белорустар тіпті 7 қараша мерекесінен де бас тартпады: халық ол күннің саяси мәнін бірте-бірте түсінді. Коммунистік сенбіліктер де күшін жойған жоқ, ол енді бұрынғы мазмұнынан ажырап, патриоттық мазмұнға ие бола бастады: астананың, қалалардың, елді мекендердің тазалығын сақтау көзделді. Баспасөзге жазылу да міндетті, бірақ ол көрші украиндықтардай елдегі жағдайды саясаттандырмай, нарық заманында ақылға сыйымды өмір сүру, ақшаны жұмсай білу, елде жемқорлықпен күресу, ана тілін сыйлау сияқты жаңа заманға бейімделді. Белорустар тым бай да емес, тым кедей де емес, бірақ тоқшылықта өмір сүруде. Белоруссия өзін Батысқа да, Шығысқа да бұра тартпай аралықты тиімді сақтайды, осы саяси ұстаным ұлт, тіл саясатына жағымды ықпал етуде. Белорустар Польшаның да, Ресейдің де отарлық саясатының зардабын шеккен. Сондықтан, орыс патшаларының, патша генералдарының ескерткіштерінен арылған. Минск қаласының бас көшесінің бірі бұрын Красноармейская болса, бүгін ол көше Кастус Калиновский атында. Ол да Украинадағы Бандера сияқты қайшылыққа толы тұлға. Енді мемлекеттің атын өзгерту мәселесі көтерілуде. Беларуссия тәуелсіз мемлекет, мемлекеттің атындағы, «руссия» деген қосымша отарланған заманды еске алатындықтан мемлекеттің атын өзгерту жөн деген уәж айтылуда. Сондай-ақ, белорустарда кириллицаны латын әліпбиіне ауыстыруды күн тәртібіне қойып отыр. Дегенмен, белорус тілі толықтай тұғырына мінсін, сонан кейін ойланайық деген пікір үстем, үзілді-кесілді қарсы пікір айтылмады.
Қазақтар да орыстандыру саясатының өкпе тұсында тұрды. Ресей империясында тұңғыш халық санағы 1897 жылы жүргізілген. Түркістан өлкесін есептемегенде, қазақтар 81,9%-ды, орыстар 10,15%-ды құраған, қалғаны басқа ұлт өкілдері.
Одан әрі 1959 жылға дейін қазақтардың үлесі өз елінде азая береді: 1920 жылы – 58,5%, 1939 жылы – 37,8%, 1959 жылы – 30%, 1970 жылдан бастап қазақтардың үлес салмағы аз да болса өсе бастап, 32,5% құрайды, 1979 жылы – 35,5%, 1989 жылы – 40,0% болды. Екі жылдан кейін халықтың 60%-ы басқа ұлт өкілдері болғанмен, тәуелсіздік алдық. 1999 жылы – қазақтар 53,5%, 2009 жылы – 63,1% болды. 2013 жыл басында Н.Ә.Назарбаев қазақтардың елде 65%-ды құрайтынын ресми түрде хабарлады.
60-70 жылдары орыс, украиндықтар, басқалармен бірге елімізге орыс тілі, орыс мәдениеті, орыс мектебі, дәстүрі келді. Келіп қойған жоқ, қазақ тілі, қазақ мәдениеті, дәстүрі ығыстырылды. Себебі, сан жағынан басым ұлт өкілдері қазақтарды өзіне тартып, сіңіре бастады. Ал өздері қазаққа бейімделмеді. Қазақстан орыстанды, ел өзгерді, орыс тілді, славян, христиан еліне айналды. Қазақстан халықтар достығының лабораториясы деп айтылды, шындығында, орыстанудың лабораториясы болды. Қазақ интеллигенциясының бірқатары бұл жағдайға іштей қарсы да болды. Ал қоныс аударушылар қазақ мәселесіне пысқырып та қарамады, тіпті қазақ мәселесі бар екенін, қазақ ұлтының мұң-мұқтажын елемеді. Қазақтарды адам ретінде, маман ретінде кейде сыйлағанмен, ұлт өкілі ретінде құрметтемеді. Олар ақша табуға, пәтер алуға келгендер еді. Қоныс аударушылардың саны көбейіп, олар 40-50-60%, тіпті 70%-ға дейін өскенде, олар қазақтарға емес, қазақтардың оларға икемделуіне тура келді. Қазақстанда орыстандыру үрдісі күш алып қойған жоқ, өмір сүрудің амалына, заңдылыққа айналды. Осылай орыстану дерті батпандап кірді. Атадан балаға, баладан немереге ұлтсыздану, тілін, мәдениетін жатырқау кең етек алды. Бүгін тек орыстар, украиндықтар емес, қазақтар арасында қазақ тілін сыйламайтын, демек білмейтін, қазақты ұлт ретінде менсінбейтін үрдіс етек алған.
Кеңес Одағының экономикалық саясаты да орыс тілін барынша қолдады. Ол заманда кәсіпорындар одақтық және жергілікті болып бөлінетін. Қазақстан өнеркәсібінің 90%-ы одақтық меншікте болды, оларда қазақтардың үлес салмағы өте төмен болатын, ал қазақ тілі туралы әңгіме болуы мүмкін емес еді.
Ұлттар мидай араласқан ортада аралас отбасылары көбейді, олар негізінен қазақтар мен еуропа, славян тектес халықтардың арасында болды, әлі де бар. Балалары әкесінің фамилиясын алғанымен, оның тілін, мәдениетін қолдай бермейді. Қазаққа тұрмысқа шыққан басқа ұлт өкілдерінің әйелдері ассимиляцияға, әсіресе, орыс тіліне бейім болады. Орыстардың, орыстілділердің мәртебесі жоғары болғандықтан да, орыстың тілі, мәдениеті, дәстүрі басқаларға, әсіресе, жастарға үлгі, эталон, еліктейтін өнеге де болды.
2009 жылғы санақ бойынша жағдай жақсы сияқты, қазақтардың 98,3%-ы ауызекі сөзді түсінеді, 95,4%-ы еркін қазақша оқиды, 93,2%-ы еркін жазады. Бұл деректер де сенімсіздік туғызады және өмірде олар дәлелдене бермейді. Көптеген ата-аналар, әсіресе, жастар, тілі шықпаған балаларына дейін өздері ана тілін шала білсе де, қазақ тілін біледі деп жаздырған. Бұл жерде ұлттық психологиялық фактордың да ықпалы бар. Қазақ тілін білмесем, орыс деп жазады деп те сақтанған, бірқатары намысқа барып, қазақ тілін білмесе де, білемін деген. Ұлттық сезім ең бір терең сезім, өз-өзін тегіне қарай ұлтқа жатқызу кең тараған үрдіс. Орыс тілін ана тілінен артық білу қазаққа қауіпті екенін енді түсіндік.
Орыстандыру саясаты тек қазақтарға ғана емес, әсіресе, еуропа текті халықтарға өз салқынын тигізді. Орыс емес қазақстандықтардың 6,5%-ы ана тілін орыс тілі деп таңдаған. Мысалы, украиндықтар 2009 жылы халық санағы бойынша тек 15,8%-ы ғана ана тілін біледі, белорустардың – 13%-ы, корейлердің – 36%-ы, немістердің 17%-ы ана тілін оқып, жазып білмесе де ауызекі тіл деңгейінде меңгерген. Айта кетелік, қазақтардың 1,1%-ы ана тілін орыс тілі деп таңдаған. Өз ұлтының тілі, мәдениетінен ажырап, суық бауыр болып өскендер өзге ұлттың тілін, мәдениетін, дәстүрін сыйлауға енжар болатыны тарихи заңдылық екені баяғыда дәлелденген ақиқат. Ал ондайлар Қазақстанда көп.
- «Екі жақты» сана
Тіл саясаты жөнінде сөз қозғағанда Еуропа ғылымдарының мына бір тұжырымдамасына назар аударған жөн. Африканы зерттеуші батыс тарихи психология мамандары О.Маннони, Ф.Фанон «екі жақты сана» тұжырымдамасын ұсынып, оны ғылыми қауымдастыққа мойындатты. Ақ нәсілділер, отарлаушылар, жартылай құдай, өз айтқандарын істетеді, өз мәдениетін, тілін таңады. Отарланған, тәуелді жергілікті ұлттық нәсілдің өкілдері айтқандарын екі етпейді, тілін, мәдениетін, көзқарасын, тәртібін қабылдап, өз мүмкіндіктерін дәлелдеп күн көреді. Осылай отарланған қара нәсілді ақ нәсілдің маскасын киеді. Өзін кемсіту, менсінбеу, төмен санаумен бетпе-бет келіп, кемсітудің азабын тартқан ұлтта қарсы агрессия туады, кейбіреулерінің жүйкесі тозады, өз құндылықтарынан да айырылып қалмауды ойлайды. Осылай отарланған ұлтта екі жақты сана қалыптасады.
Ал отарлаушы ұлт өкілдері африкалықтарға бейімделмейді, оларда да екі жақты сана қалыптасады. «Біз» деп өздерін белгілі бір қашықтықта да ұстайды, «оларға» менсінбей, мүсіркеп қарайды. «Олардың» тілі, мәдениеті, дәстүрінен оқшауланып тұрады, рухани араласуға мүдделі емес. Осылай авторитарлық тұлға қалыптасады. Ғалымдардың айтуы бойынша, еуропа отаршылдары кейде есалаң жағдайда болады: өздері қорлаған, қудалаған африкалықтардан өздері қорқады, сақтанады.
Психологиялық тұрғыдан бүгінгі қазақстандықтар өзгере, оңала бастады. Бірақ заман, уақыт, саясат өзгергенмен адамдардың санасы, қалыптасқан психологиялық дағды бүгіннен ертеңге өзгере салмайтыны тарихи заңдылық. Батыс зерттеушілерінің «екі жақты сана» психологиясы» барлық отарланған ұлттарға ортақ ақиқат екендігімен бізге де есептесу жөн болар.
Діліміздегі немқұрайдылық, самарқаулық, немкеттіліктің тарихи тамырлары терең. Өткен тарихтың бүгінгі ауыр салдарынан әлі де жалғасып жатқанын, ұлт саясатына тілдік ахуалға жағымсыз ықпал ететіндігін, мемлекеттік тілдің бәсекеге қабілетті болуына елімізде әлеуметтік-психологиялық орта қалыптаса алмауын айтып отырмыз. Сондықтан да бәсекеге қабілетті қазақ тілді ақпараттық кеңістік қалыптаспады: ол телеарналарда, радиода, газеттер мен журналдардан көрініп тұр. Интернетте де қазақ тілінің аясы тар. Телеарнада орыс тілді ақпарат хабарлардың жартысын құрайды. Сонымен бірге, Ресейден жүзден астам телеарна ақпарат береді.
- Тіл және діл
Билік басындағылардың ана тілінде сөйлеуі төңірегіндегі психологиялық ахуал бөлек мәселе. «Мүмкін, жұрт «Біздің Президентіміз неге қазақша сайрамайды, ылғи да біраз сөйлеп келіп, орысшаға ауысып кетеді» деп ойлайтын шығар. Мен мұның бәрін білемін» –деді Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлытаудағы жүздесуде. «Халық – қазы, пікір – таразы» дегендей, Елбасының қазақ тілінде сөйлеген сөзін, пікірін халық сүйсініп тыңдайды, ойға түйеді, сөйлей берсе екен, басқа қазақ шенеуніктері үлгі алсын дейді, басқа да жұрттың барлығын, олардың да көңілін тауып әділдікке жететінімізді кейбіріміз ескере бермейтін де шығармыз.
Бірқатар қазақ министрлер мен әкімдерге де айтатын сын баршылық. Сарапшылар арнаулы баяндамаларда неше минут қазақ тілінде сөз сөйленді, ол барлық уақыттың қанша пайызын құрайды, баяндамаларда неше сөз айтылды, оның қаншасы қазақ сөздері деп талдау жасайды. Сонда олар қазақ тілінде сөйлеген сөздің уақытымен, қазақ тілінде айтылған сөздердің үлесімен қазақ тіліне деген құрметтің өлшемін айқындауға тырысады. Сарапшылармен келісуге де, келіспеуге де болар, бірақ қазақ халқының аса ынтамен назар аударатынын, кейде қызу талқылап жататыны белгілі. Ал мемлекеттік тілдің үлкен мінберлерден қолданылуы әртүрлі этностық топтар арасында әрқилы ой да туғызады. Баяндамалардың орыс тілінде оқылатындығын қазақ тілін меңгермеген қазақтармен басқа ұлт өкілдерінің депутаттары келелі мәселелерді талдауға қазақ тілі мүмкіндігінің шектеулі сөздік қорының тапшылығынан деп ойлайтынын депутат кезімде талай естідім. Сондай-ақ, мемлекеттік тілде қазақ азаматтарының сөйлеуі бүгінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге екенін де білгеніміз жөн.
Осы орайда Смағұл Сәдуақасұлының мына бір пікірі ойландырады: «Мысал үшін мынадай бір сөз айтайық: қазақ базарға сатуға малын алып келді. Распискасы қазақша жазылған. Оны қазақша білмейтін милиция дұрыс деп таппады. Анаған расписканы орысша жазып алып кел деді. Жай қарағанда, бұл, әрине, ұсақ нәрсе. Ұлттық психология жағынан тексерсек, бұл үлкен жұмыс. Қазақша жазылған расписка жарамағаннан кейін ана қазақтың жүрегінде өз ұлтының кім екендігі сезіледі. Оның көзінде қазақтың жұмысының бәрі орынсыз, осал боп көрінетін болады. Ол өзінің күшіне өзі сенбеуге айналады. Оған басқа ұлттың алдында жасқаншақтық пайда болады, ол басқа жерде кеудесі көтеріліп, аяғын алшақ басып жүре алмайды».
Үкіметі, соты, министрліктері, әкімдігі, басқа органдары қазақша сөйлемейтін мемлекетте «Қазақ елі» деп, Смағұл айтқандай, кеудемізді көтеріп, аяғымызды алшаң басып жүре аламыз ба? «Менің елім, менің жерім, менің тілім» деп мақтанғысы келетіндер де мақтана алмайды. Себебі, оның ұлы тілінің үні жоғары мінберлерден орысша сөйлеу, орысша ойлау әлі де көбіміз үшін қалыпты жағдайға айналды.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту туралы сөз болғанда, біз қос тілділік мәселесін баса айтуымыз керек. Елбасы Ұлытаудағы кездесуде: «Ал жарайды, бәрін тыйып, қазақ тілінен басқа тілді заңмен жауып тастап, ауыздарыңды ашпаңдар десек», деп Украинадағы жағдайды еске салды. Бейнелеп айтсақ, бөлшектің алымы барлық қазақстандықтарға ортақ мемлекеттік тіл де, ал бөлімі этностық топтардың таңдаған тілдері.
Жұмысқа қабылданғанда, лауазымды қызметке тағайындалғанда, басқа ұлт өкілдері емес, қазақтарға міндетті болмағандығы бірқатар ата-аналар мен жастар арасында қазақ тілін білудің қажеттігі туралы әртүрлі ой туғызып отыр. Баласының ертеңгісін ойлайтын қазақ отбасылары бүгін үлкен ойлау, таңдау үстінде: қазақ ұлты өкілі ретінде баласының ана тілін меңгергенін қалайды, ал мемлекеттік тілге сұраныстың төмендігін ойласа, орыс мектебінде оқығанын, ағылшын тілін білгенін қалайды. Сондықтан, қазақ балалары орыс мектебінде оқып жатыр. Қызметке тағайындағанда тілдік фактордан гөрі іскерлікке артықшылық беру жөн деген уәж алға тартылады. Осылай мемлекеттік тілді меңгеру тұлғаның іскерлік қабілетіне қарсы қойылатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл қалалық ортада байқалады. Шындығында, бүгін мемлекеттік қызметте, құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде, денсаулық сақтау, басқа да салалар да қазақпен қазақша, орыспен орысша сөйлесетін, екі тілде жаза алатын мамандарға сұраныс басым. Кадрларды іріктеу барысында ол сұраныс ескеріле бермейді. Қазақ тілі бірте-бірте өзінен-өзі қоғамдық сұраныссыз мемлекеттік мәртебеге ие болады деу де қате пікір. Ал ол сұранысты ұлттық намыс қамшыласа қазақ тілі өз тұғырына мінеді.
Демографиялық жағдай еліміздегі славян текті диаспоралардың, соның ішінде орыстардың қартайып бара жатқанын көрсетеді. Мысалы, 40-49 жастағылардың қазақтар арасындағылар арасында 13,4%-ды құраса, орыстар арасында – 13,7%, ал 50-59 жастар арасында сәйкесінше 5,4% бен 8,0%, 60-69 жастағылар елімізде 3,7% бен 8,2%, 70-тен асқандар арасында 2,6% бен 9,1%. Сондықтан да елімізде орыстар 1989 жылы– 37,6%, 1999 жылы – 29,9%, 2009 жылы – 23,7%-ды құрады. Жылына 40 мыңға жуық жастар тарихи отанына көшеді, сондықтан солтүстік облыстарда туғандардан гөрі өлгендердің саны басым. Бұл табиғи үрдіс. Күні ертең қазақ өз елінде 70-80%-ды құрап, бірақ қазақ тіліне сұраныс болмаса, жағдай шиеленісіп кетпесіне кепілдік беру қиын.
Қостілділіктің Қазақстанда деңгейлері көп: жеке тұлғаның екі тілді білуі; аймақ тұрғындарының екі тілді меңгеруі; ұлттың екі тілді меңгеруі (мысалы, қазақтардың басым көпшілігі, екі тілді); бұқараның қостілділігі. Қазақстандықтардың бұқаралық қостілділік орыс-қазақ, қазақ-орыс тілін меңгеруі ұзақ тарихи кезең алады. Сондықтан бүгін қостілді мамандарға ұлтына қарамай жол ашатын уақыт келген сияқты. Сондай-ақ, кейбір аймақтарды да (Атырау, Қызылорда, тағы басқа да облыстар) мемлекеттік тілге аударып, аудармашылардың көмегіне жүгінбей-ақ жұмыс жасайтын мүмкіндік бар. Бұл аймақтарда қазақ тілінде жазатын, ойлайтын мамандарды қай салаға да іріктеп алуға болады. Басқа ұлт өкілдерін де жұмысқа тарту жөн, бірақ оларға мемлекеттік тілді меңгеруге қатаң талап қою міндетті емес. Қазақ тілдік орта оларды тіл білуге бірте-бірте икемдейді. Ең бастысы, қазақтың қазақ тілін меңгеруі.
Жаһандану үдерісінің әр ұлттың мәдениеті, дәстүрі, тіліне өз салқындығын да тигізетінін айтпауға болмайды. Енді ұлттық сана-сезім, ұлттық тіл, ұлттық «Мен» игілікке емес, дауға, жанжалдарға итермелейді деп, «космополиттік ұлт» идеясын ұсынушылар көбейді. «Ондай ұлтты кім жасайды?» деген сауалға, оның тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін билік басындағылар жасайды деп болжайды. Мемлекет бірте - бірте ұлттық сипатынан айырылып, космополиттік мемлекетке айналады. «Ешкімде де екі отан болмайды» деген қағида ескірді делінеді. Түптің түбінде басым тілмен, басым мәдениетпен келісуге тура келеді, жаһандану бүгін американдану, батыстану, орыстану сияқты түр алып отыр. Космополиттік идея шағын мемлекеттердің болашағы туралы. Ол идеяның ықпалы біздің елде де сезіледі. Біздің де іскер топтар, шенеуніктер, БАҚ қызметкерлері арасында қазақ тіліне, мәдениетіне, тіпті мемлекеттілігіне бейжай қарайтындар көп. Шенеуніктердің қаржысы, жылжымайтын меншігі, отбасы, балалары шетелдерде. Кезінде АҚШ президенті Томас Джефферсон «коммерсанттың отаны жоқ» деп айтқан екен. Олардың ұлттық тілге нигилистік, менсінбей қарайтын көзқарасы қарапайым халыққа, әсіресе жастарға зиянды әсерін тигізеді. Кадрларды іріктеу мен тағайындау мәселесінде олардың мемлекеттік тілді меңгеруі мен елдік ұстанымына назар аударудың орны бөлек.
Үш тұғырлы тіл туралы әртүрлі пікір айтылуда. Ағылшын тілінде бүгін әлемде 3 млрд. адам сөйлейді деген деректер бар, басым көпшілігі ол тілді іскерлік, өз кәсіби деңгейінде меңгергендер. Ағылшын тілін білуге ешкім қарсы уәж айта алмас. Бірақ оны оқытудың өз қисыны, жөні бар, бұл салада әлемдік тәжірибе де жинақталған.
Канада қостілді, франкотілді және ағылшын тілді мемлекет. Қос тілділік білім саласының канадалық мамандары М.Сигуан мен У.Ф.Макки ұсыныстары бойынша, екінші тілді оқытудың екі талабын бұлжытпай орындау керек. Біріншіден, оқушы ана тілін толық меңгергенде ғана екінші тілді оқытуға болады. Екіншіден, оқу бағдарламасында ана тілінің басым, негізгі тіл болып қалуын мықтап қадағалауды көздейді. Ана тілі мен екінші тілден тура аударма арқылы салыстырып оқытылғанда оқушы өз ана тілін де терең меңгеруге мүмкіндік алады. Ал қазақ, орыс, ағылшын үш тілді қатар меңгерудің ғылыми-педагогикалық, психологиялық негізі әлі толық айқындалмаған. Үш тілді меңгеруге барлық балалар қабілетті бола бермейді. Сондықтан, барлық мектептерде үш тілді барлығына бірдей оқытудың педагогикалық және психологиялық жағынан пысықтайтын тұстары көп. Оқулықтар дайын болмай жатыр. Ағылшын тілін қазақ балаларына ана тілі арқылы емес, тағы да орыс тілі арқылы оқытып жатыр. Бүгінгі үш тілді кейбір облыстарда оқыту бір кездегі аймақтардың топырағының сапасы, күн райымен есептеспей, Н.Хрущевтің жүгеріні тықпалағанын елестетеді.
Бүгінгі әлемдік әлеуметтану ғылымы жоғары оқу орындарының мақсатының өзгергеніне назар аударады. Классикалық университеттер элита тәрбиелейтін, мемлекетінің азаматын қалыптастыратын оқу, тәрбие орындары болса, бүгінгі университеттер кәсіптік университеттер. Олар элита емес, ғаламдық бәсекелестік жағдайында жаппай еңбек, нарық сұранысын қанағаттандыратын, ағылшын тілін басым білетін, ұтқыр, елдің мүддесінен гөрі бас пайдасын ойлайтын прагматик кадрлар дайындауға бейімделіп барады. Бүгінгі кәсіптік университеттер ұлттық құндылықтар, мәдениет, ана тіліне, жалпы патриоттық сана-сезімге мән бермейтін болды деп батыстық қоғамда дабыл қаға бастады. Бұл мәселе төңірегінде біздің жоғары оқу орындары әлі ойланбайтын сияқты.(«Социологические исследования», 2014, №10, 115-бет).
Қазақ соңғы ғасырларда мемлекеттілігінен айырылған ұлт, сондықтан, мемлекет басқарудың, мемлекеттік тілді дамытудың, қолданысының тәжірибесі бізде көп емес. Норвегиялықтар талай ғасыр өмір сүргендерімен, өздерін ХІХ ғасыр ортасында грамматикасы мен түсіндірме сөздігі пайда болған тұста ұлт болып ұйыстық дейді. Себебі, ортақ тілі, тілдік қоры, грамматикасы, сөздігі ұлттың басын біріктіреді. Бұл жалпы әлеуметтік заңдылық.
Әр ұлт өз құпиясын өзінде ұстайды, сондықтан, ол басқалар үшін мәңгілік жұмбақ деген нақыл сөз бар. Қазақ ұлтының өзін өзі сақтайтын, қорғайтын тарихи тәжірибесі мол. Сонымен бірге, қазақ сияқты отарланған ұлт өзін басқалардан, әсіресе, отарлаушы ұлттан кейде оған кемшін санайтын көңіл күйі де, кейде тыраштанып, басқаларға еліктейтін тұстары да болады. Дегенмен, қазақ сырттан келген қауіпке қарсы тұру, қолайсыз, жайсыз, әлеуметтік-психологиялық жағдайда іштей күш жинап, өзін сақтау қабілеті басым ұлт. Ғасырлар бойы қалыптасқан бұл қасиет орыстану саясатынан да аман алып шықты, социализм қазанында қайнап, басқаға сіңіп кетпеді, тілін, мәдениетін негізінен сақтап қалды, сондықтан бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда болашаққа зор сеніммен қарауға негіз бар. Ал қазақ ұлты ана тілін толық меңгергенде ғана мемлекеттік тіл мемлекет азаматтарының басын біріктіреді.
Аманкелді АЙТАЛЫ,
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе
өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия
ғылымдарының докторы.