13 Мамыр, 2015

Украиналық депутат қазақстандық ардагерге алғыс білдірді

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
13 05 - Kasenkov АСТАНА. 13 мамыр. Украинаның халық депутаты Валентин Дидыч Алматы облысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Иван Васильевич Косенковқа Днепрден өту кезінде ерлік көрсеткені үшін алғысын білдірді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады. «Қазақстан Республикасындағы Украина Елшілігіне Украинаның халық депутаты В.В.Дидычтен және Днепропетровск облысының Солонянск аудандық мемлекеттік әкімшілігі төрағасының міндетін атқарушы Т.М.Черкасскийден хат келіп түсті. Онда Алматы облысының тұрғыны, Кеңес Одағының Батыры Иван Васильевич Косенковты Жеңістің 70 жылдығымен құттықтаған. Батырдың 1943 жылы Днепрден өту және аталған ауданның Войсковое ауылының маңында плацдармды ұстап тұру кезінде ерлік танытқаны аталып өтілді», – деп мәлімдеді Қазақстандағы Украина Елшілігінің бірінші хатшысы Леонид Ясинский. Иван Косенков 1941 жылы желтоқсанда қызыл әскер қатарына шақыртылды. 1943 жылы 25 қыркүйектен 26 қыркүйекке қараған түні ол өзінің жауынгерлерімен Украинаның Днепропетровск облысының Солонянск ауданына қарайтын Войсковое селосы маңында Днепр өзенінің батыс жағасындағы плацдармға басып кіріп, оны бақылауға алады. Одан соң Войсковое селосының оңтүстік шетінен бұзып кірген құрам екі мәрте немістің шабуылын тойтарып, екі артиллериялық қаруын, екі автокөлігін жойып, жау әскерінің бір топ солдаты мен офицерін жер жастандырды. Сержант Иван Косенковқа осы жанқиярлығы үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен «Кеңес Одағының Батыры» деген жоғары атақ пен Ленин ордені және «Алтын жұлдыз» медалі табысталды. Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясының Жеңістің 70 жылдығына байланысты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде Ұлы Отан соғысында Қазақстаннан 580 Кеңес Одағының Батыры шыққаны белгілі болды. Солардан бүгінде көзі тірі осы Иван Васильевич Косенков қана қалды. Айдар Өрісбаев. Дерек: «ҚазАқпарат». Сурет: time.kz.