25 Ақпан, 2015

Аға досым - Лю Чан

237 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Өмірдің жолы сан тарау, қилы тағдырлы адамдарға жолығасың. Әңгіме-дүкен құрасың, сырласасың, мұңын бөлісесің. Асу-асу белдерден, «тар жол, тайғақ кешуден» өткен, сан түрлі тағдырлы адамдардың қайтпас қайратына, ерік-жігеріне тәнті боласың. 100_0209 Осыдан тұп-тура 28 жыл бұрын ұлты қытай жігіт ағасымен танысқан едік. Баспаханаға жаңа директор келіпті, деген хабар лезде тарады. Несін айтасыз, Балқаш баспаханасы республикамыздағы озық технологиялы өндіріс орындарының бірі саналатын. Журналистер қауымы өздерінің жазған-сызғандарын басып шығаратын бұл мекемемен қашан да тығыз ынтымақтастықта жүреді. Газеттің уақытында шығып, халыққа тарауы баспахананың қызметкер, мамандарының іскерлігіне байланысты. Жұртшылық оны Дмитрий Сергеевич деп атады. Қазақшаға судай, аты-жөні өзгеріп жатқан ағайындар аз ба. Соның бірі шығар деп жүре бердік. Өзі ақкөңіл, адамдармен тез тіл табысып кетті. Газетке қол қоюды кешіктіріп жатсақ, үнемі жанымыздан табылады. – Әй, жігіттер-ай, материалдар­ды күні бұрын дайындап, теруге берсеңіздер ғой, газет басуды кешік­тірмес едік, – деп қынжылыс білдіреді. Бірақ, базынысының астарында зіл жоқ. Кейде: «Тілшілердің жалқаулығы ұстаған ба», – деп жігерлендіріп кетеді. Бірде етене таныстық, сырластық. – Адам маңдайына жазғанын көреді. Қазақта нақыл бар ғой, «адам­ның басы Алланың добы» деген. 1962 жылы шекарадан Қазақстанға қарай өттік. Үлкендердің ұйғарымы солай болса керек. Өзім – қытаймын, Қытай Халық республикасының Шыңжан өлкесіндегі Шәуешек қаласында туып-өстік. Онда қазақтар болды. Өздері ұйымшыл, бір-біріне қол ұшын беріп, жәрдемдеседі. Бір-бірін бауырына тартады. Қазақ балаларымен ойнадық, араластық. Содан тіл үйреніп кеттім. Қала шағын еді. Соңғы жылдары бір-екі рет ат ізін салдым, әжептәуір үлкейіпті. Жылдам дамып келеді екен. – Шекарадан өткен соң тағдыр­ларыңыз не болды? – Жезқазған облысының, Жезді ауданына табан тіредік. «Сарысу» сов­хозына жіберді. Әкей нағыз еңбек торысы еді. Мал бақты, шаруа­шы­лықтың барлық саласына аралас­ты, қолтаңбасын қалдырды. Ол кісі ісмер еді, етікші болды. «Сарысу» совхозына қарасты Түйемойнақ деген бөлімшеде тұрдық. Екі ағам да шопанның көмекшісі болды. Әкем­нен жұғысты болған шығар, саптама етіктерді сырып, ойып әдемілеп тігемін. Кірісіп кетсем, анау-мынау етікшілер шаң қуып қалады. – Жергілікті халықпен тез тіл табыстық. Қазақша айтқанда «тастай батып, судай сіңдік». Өзім де қой бақтым, механизатор болып еңбек еттім. Содан 1968 жылы Жезқазған қаласына көшіп келдік. Не нәрсе де бұйрыққа байланысты ғой. Сәтін салып, облыстық баспаханаға жұмысқа тұрдым. Газет басушы, реттеуші, шебер, соңында баспахананың бас инженеріне дейінгі жолдан өттім. Директорымыз Қасқадамов деген ағай болатын. Ол кезде полиграфия мамандығы бойынша бітіргендерді сирек кездестіруші едік қой, мен де өндірістен қол үзбей жүріп, Ресейдің Куйбышев қаласындағы полиграфия техникумын бітірдім. Күндер өтіп жатты. 1989 жылы аяқ астынан Балқаш қаласындағы іргелі баспаханаға директор етіп, бұйрық шығарды да қағазды қолыма ұстатып қоя берді. Облыста ол кезде баспа, полиграфияның басын қосып отыратын мекеме болатын. Ол облыстық партия комитетіне қарайтын. Сөйтіп, дәм тартқан соң өндірісті қала Балқаштан бір-ақ шықтық қой. – Жас кезіңізде Қазақ елі жатсынған жоқ. Қазір қандай сезімдесіз? – Осыдан біраз бұрын Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассам­блеясы басқосуында жақсы сөз сөйледі. Соның ішінде мемлекеттік тіл – қазақ тілін меңгеруге деген өзіндік ұстанымын шегелеп айтып келеді. Тіл саясаты – өте нәзік. Ал, енді қазір ойлап қарасақ, Елбасының саясаты шындығында жүрегімізге жетті. Ауасын жұтып, топырағын басып жүрген бауырмал халықтың тілін неге білмеске? Қазақтар «тату үйге тақсірет жуымайды» дейді ғой. Өте орынды сөз. Тағдырдың талайымен қаншама ұлт өкілдері қазақ жерін мекендеп қалды, енді оларда басқа тағдыр жоқ, сондықтан, халықтар арасындағы бірлік, ауызбірлік, өзара түсінушілік аса қажет деп білемін. Экономиканы өркендететін, әлеуметтік саланы аяғы­нан тік тұрғызатын бірден-бір жол – жұдырықтай жұмылып, еңбек ету.Еңбек ету үшін ұлттар арасында ынтымақ болуы шарт. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның ілгері жылжып келе жатқанын іштей сезіп отырмын. Әрі шүкіршілік деймін осы күнімізге. Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының 20 жылдығына байланысты мәдени іс-шаралар басталып кетті. Қазір қайырымдылық акциясына қатысудамыз. Қазақстан халық Ассамблея мерекесі – ортақ шаңырақтың мерекесі. Әр ұлттардың өкілі мұны терең жүрек сезімімен түсінуде. Қандай мәдени шарадан болсын сырт қалмаймыз. – Отбасыңыз туралы айта отыр­саңыз? – Дарья Григоревна Лю өмірлік қосағым. Айтпақшы, менің құжат бойын­ша аты-жөнім Лю Чан Фа. Тегім Лю, өз атым Чан, әкемнің аты Фа. Мысалы, өздеріңіз мені Дима деп атап кеттіңіздер. Төрт бала өмірге келді. Тағдырдың жазуы ғой, біреуі қайтыс болып кетті. Оншақты немереміз бар. Шешей Жезқазған қаласында тұрады. Бір отбасында 11 бала болдық. Мен үшіншімін. * * * ...Бір-ақ күнде баспахананың директоры өзгеріп шыға келді. Жап-жақсы сырлас болған Лю Чан ағамыз басқа жұмысқа ауысып кетті деп есті­дік. Ұмытпасақ, 1993 жылдың жазы болса керек. Әрине, өмір жалғасын тауып жатты. Тәуелсіздікке қол жеткіз­дік. Бұған қатты қуандық. Алайда, экономикалық құлдырау кеңес ке­зіндегі қайта құрудан бастап шегіне жетті. «Балапан басына, тұрамтай тұ­сына» дегендей. Көп ұзамай аға дос­ты жолықтырдық, ешқайда кетпепті, осы қалада тұрып жатыр екен. – Оу, аға көрінбей кеттіңіз, қалыңыз қалай, баспахананы да, бізді де тастап кеттіңіз ғой, – деп әзіл-шынын аралас­тыра бастырмалатып жатырмыз. Тағдырдың жазуы шығар, аға екеуміз қаланың қақ ортасына салын­ған көпқабатты үйден пәтер алып, көрші болып шыға келдік. – Бизнес жолы – ауыр жол. Ерінбей еңбек ету керек. Қазір сол ауыр кезең­дерді еске алсам, кейде күліп жібе­ремін. Кейде көрген қиындық ойға түсіп, күрсініп те алатын кезім болады. Алматыға барып, қара базардан кәкүр-шүкір сатып аламыз, оны қалаға әкеліп сатамыз. Кәсіпкерлік тәуекелім осылай басталған. Отбасым қолдады, – дейді сөз арасында аға дос Лю Чан. Бұл күнде ол қаладағы кәсіпкерлікті бірінші болып бастағандардың қата­рынан орын алады. Қазір шаруасының іргесін кеңейткен. Тұрмысқа қажетті техникаларды сататын орталыққа айналды. Уақыт ағымына ілесіп, қала халқын соны үлгідегі тұрмыстық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуде әжептәуір тәжірибе жинақтады. Бір­неше адамға жұмыс тауып беріп отыр. Тұрмыстық заттарды тұрғындарға несиеге береді, немесе үш-төрт айға бөліп төлеуге мүмкіндік туғызады. Қашан да халықтың қажетін ашқанға не жетсін. Мұндайда алғыс аласың. «Алғыс алған арымас» деген. Осыдан біраз бұрын аға дос Лю Чанға арнайы барып сәлем бердім. Біраз сырластық, әңгіме тиегін ағыт­тық. Қанша айтқанмен бұрынғы баспагер ғой, бүгінгі жағдайдан хабардар. – Қазір газет шығару қандай жеңіл, қорғасын көтермейді, салдыр-гүлдір линотип жоқ, электрондық пошта арқылы дүниенің төрт бұрышына хат-хабарыңды жібере бересің. Өздеріңе де оңай болған шығар. – Несін айтасыз, үйде отырып, материалыңды жазып-сызып, біткен соң электрондық пошта арқылы жібе­ресің. Бір минутқа жетпей редакцияда отырған қыз-жігіттердің қолында тұрады. – Уақыт адамды да, техникалық өлшемді де шапшаң өзгертті ғой. 24 жылдың ішінде қандай дамуды бастан өткердік. Бұдан да жақсы күндер әлі алда – дейді аға дос. Жақсы адамға жолықсаң, жан дүние­сінің шуағына шомыласың, жадырап сала бересің. Шіркін, мейірімін төгіп, кісілік келбеті, адамгер­шілі­гімен рухани байытатын жандар маңай­ымызда көп болса ғой. Мен үшін Лю Чан сондай жанымды ыстық ықы­ласқа бөлейтін қадірлестерімнің бірі. Тіпті көрмесек сағынысып қаламыз. – Ассалаумағелейкум, – деп құша­ғын ашып аға дос келе жатады. – Әликі-салам аға, – деп мен де жүрегімді алып ұшып ұмтыламын. Ыстық құшақтар айқаса кетеді. Айтпақшы, аға досым бұл күнде алпыстың сегізінде. Мен әрқашан қадірлес ағаның тілеуін тілеп келемін. Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ журналист. Қарағанды облысы. Суретте: Лю Чан отбасымен бірге.