09 Шілде, 2010

ЖОҒАЛМАЙ ЖЕТКЕН ЖӘДІГЕР

517 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мұстафа Шоқайдың түпнұсқа қолжазбалары елге оралды Осы уақытқа дейін де ұлтқа қатысты мәдени мұраларымызды әлемнің әр қиырынан жинап жүрген азаматтар мен ғалым­дардың арқасында Мұстафа Шо­қайдың шығармашылық мұра­ғат­тарының көшірмелері атажұртқа там-тұмдап болса да оралып жатқаны аян. Дегенмен, кеше Алматыдағы Орталық мем­лекеттік мұрағатта өткен оқиғаның ор­ны бөлек. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйы­мы­ның бас хат­шысы Дүйсен Қасейінов бас болып, Қазақстан Республикасының Орта­лық мемлекеттік мұрағатына жуырда Түр­киядан табылған әйгілі қазақ саясаткері Мұстафа Шоқайдың түпнұсқа қолжаз­ба­ларын табыстады. Ал ТҮРКСОЙ ұйымы­ның қолына қомақты мұралар қалай түскен? – Бірнеше ай бұрын менің қа­был­дау­ы­м­да “Дүниежүзілік қырым татарлары ұлттық қозғалысы” ұйы­мының Түркиядағы өкілі, Түркияда тұратын қырым татарла­рының бірі Мұзаффер Акчора атты Түркия аза­маты келіп, өзінің қолында Мұс­та­фаның құжаттары бар екенін ха­барлады. Кезінде бұл мұраны аманат еткен адамдардың өсие­тіне сәйкес қолжазбалардың тек сенімді қол­ға тапсырылуы керек екенін, соңғы кез­де түркі мәдениетін дамытуға, түркі ха­лық­тарының бірлігін нығайтуға қатысты ірі жо­баларды жүзеге асырған ТҮРКСОЙ халық­аралық ұйымына сенім арта­тынын білдірді. Мен қолжазбаларды сараптан өт­кізген соң аса құнды мұраны ҚР Орталық мемлекеттік мұрағатына тапсыруды ұсындым, ол келісімін берді. Ата­мыздың архивін онда­ған жылдар бойы сақ­тап кел­ген Мұзаффер Ак­чо­р­а мырза бүгін ал­да­р­ы­ңызда отыр, – деді ТҮРКСОЙ ха­лық­аралық ұйы­мы­ның бас хатшысы Дүй­сен Қа­сейінов. Ал Акчораның қо­лына Мұстафа Шо­қайдың хаттары қалай түскен? – Мұстафа Шо­қай­дың бұл мұра­ла­рын кезінде Тахир Ша­ғатай сақтауға тап­сырып еді. 1975-1976 жылдары қы­рым та­тар­ла­ры­ның бір­неше көрнекті өкілде­рі­мен та­ныс­тым, олардың ішінде М.Шоқайдың соңғы күндеріне дейін жанында болған Тахир Ша­ғатай да бар еді, – дейді Түркия азаматы. Мұзаффер Акчора сол кездері Түркістан орталық қозғалы­сы­ның мұрағатына кіруге Тахир Ша­ғатай бастаған адам­дар рұқсат бер­гендігін айта келе, бүгінгі қолы­­­мызға тиіп отырған құжаттарды Та­хир Шағатай сақтауға бергендігін жеткізді. – Көп жылдар екі ел арасын­дағы қа­рым-қатынас саяси жағ­дай­ларға бай­ла­ныс­ты үзіліп қалды, әрі Қазақстан Мұстафа Шоқайды зерт­тейтін халде емес еді. Бертін келе “ТҮРКСОЙ” халықаралық ұйымы жұ­мыстарының жетістіктерімен таныса келе, құжаттарды осында тапсыруға бел будым. Бұл құжат­­тарды Дүйсен Қасейіновтің ұсынысы бойынша түркі елдерінің түпкі ордасы, қазіргі Қазақ елінің Орталық мемлекеттік мұрағатына беруді жөн көрдім, – дейді Мұзаффер Акчора. Ал оның жеке қорында сақталған Мұс­тафа қолжазбаларына не кіреді десек, та­былған құжаттардың жалпы саны 100, олар 340 бет материалды құрайды. Бұлардың не­гізгі бөлігі Мұстафа Шоқайдың эмиграция­дағы украин, грузин, әзірбайжан, осетин, т.б. халықтардың ірі саяси қайраткер­ле­рі­мен ж­а­зысқан хаттарының тұпнұсқасы. Хат­тардың жалпы саны – 84, бет саны – 188. – Сондай-ақ, құнды жәдігерлер­дің қа­тарында оның алты төл мақа­ла­сының тұп­нұс­қасы да та­былды. Бұларға қо­сым­ша эми­грациядағы бөгде авторлар жазған 3 мақала, бір роман және Мұстафаға Түркіс­тан ұлттық орталығы аты­нан 1940 жылы Ыстам­бұлда берілген өкі­леттік куәлік, тағы басқа құ­жат­тар бар. Ең маңыз­дысы – бұлардың бәрі түпнұсқа құжаттар, көп­шілігі бұрын-соңды қазақ ғылымында айна­лыста болмаған мұ­ралар. Бұдан 80-90 жыл бұрын жазылған Мұстафа Шоқайдың хат­та­рын оқып отырып, оның қанша­лық­ты дәрежеде білімді, сали­қалы, мәде­ниет­ті адам бол­ға­нына, елінің бол­а­шағы үшін, ұлтымыздың бостандығы үшін қандай күш-қайрат жұмсағанына куә бо­ла­сыз, – деді Дүйсен Қорабайұлы. Осы арада биыл жел­тоқсан айының со­ңында түркі халық­та­ры­ның ірі қайраткер­ле­рінің бірі, эмиграцияда жүріп, ұлт болашағы үшін комму­нистік жүйе­мен күрескен ұлы тұл­ға Мұстафа Шо­қай­дың туғанына 120 жыл толатынын айта кете­лік. Сондықтан да бұл шараның мерейтоймен орай­лас келген айтулы оқиға болғанын атап өткен жөн. Өткен ғасырдың ал­ғашқы жартысында саяси оқиғаларға бай­ла­нысты шетелге ке­ту­ге мәжбүр болған қазақ қайраткерінің шы­ғар­машылық мұрасы оның эмиграцияда бол­ған елдерінде (Франция, Германия, Гру­зия, Әзірбайжан, Түркия, т.б.) қалып, бір бөлігі жойылып, бір бөлігі ғана бүгінге жеткені белгілі. Мұстафа Шоқайдың көпке белгісіз жеке қолжазбаларының бір бөлігін қолға түсірген ТҮРКСОЙ ұйымы басқа да түркі халықтарынан шыққан ірі ғалымдардың, саяси қайраткерлердің ғылыми мұралары­ның зерттелуі мен насихатталуына ерекше ықыласты болып, игі ықпал етіп келе жатқанын атап өту ләзім. Мәселен, биыл Башқұртстан Рес­публи­ка­сы Мәдениет министр­лі­гінің ұсынысына орай, көрнекті ға­лым, профессор Ахмет Зәки Уәлиди То­ғанның түркі мәдениеті мен та­ри­хын зерттеуге сіңірген еңбегін ескере оты­рып, 2010 жылды “Ахмет Зәки Уә­лиди Тоған жылы” деп жариялаған. Ал Мұстафа Шоқайдың табыл­ған қолжазбаларын түгел ғылыми са­раптаудан өткізіп, хаттарының топ­тамасын кітап етіп дайындап жа­тыр­мыз. Түпнұсқалар орысша бол­ған­дықтан, қазақшаға аударма жасалуда. Жақын уақытта қолдарыңызға тиеді деп сендіре аламыз. Асыл арысымыз өзі елге орала алмаса да, көзіндей болып 70 жылдан соң қомақты мұрасының туған еліне оралуы айтарлықтай аса маңызды оқиға, – деп мәлімдеді баспасөз мәсли­ха­тында ТҮРКСОЙ жетекшісі. Орталық мемлекеттік мұрағат үшін сәті сирек түсетін шараға тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Есмағанбетов сынды бірқатар ғалымдар, “Мұстафа Шоқай” көр­кем фильмінің режиссері Сатыбалды Нарымбетов қатысып, қуанышқа ортақтасты. Айнаш ЕСАЛИ, Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ АЛМАТЫ.