Еуроаймақтағы елдердің облигацияларының кері кірістілігінің артуы дефолт тарихындағы ең ірілерінің біріне айналуы әбден мүмкін. Осыған орай, сарапшылар соңғы уақыттары дамыған елдердің қаржы проблемасындағы осы бір жағдайды жаһандық көлемдегі бақылауға көнбейтін дағдарысқа алып келуі ғажап емес дегендей пікірлер білдіре бастады.
The Telegraph агенттігі өз мақалаларында атап көрсеткендей, қазіргі күні еуроаймақ елдерінің барлық мемлекеттік облигацияларының 30 пайыздан астамы кері пайыздық ставкаға ие болып отыр. Бұл құнды қағаздар көлемі 2 триллион еуроны құрайды. Мұндай жағдай еуроаймақтағы макроэкономикалық жағдайға қосымша ауыртпалықтар түсіреді. Және аймақтың қаржылай тұрақтылығындағы тәуекелді арттырады.
Сарапшы Уорнердің айтуынша, Еуропалық орталық банк сандық жұмсарту саясатын жүзеге асыра бастағаннан бері мемлекеттік облигациялар өсімінің кері кірістілігі барынша өсе түсумен қатар, жүйелі сипатта ие бола бастады.
«Егер әрбір ел жағдайына жекелей үңілетін болсақ, статистика көрсеткіштері бізді тіпті, таңғалдыра түседі. Jefferies инвестициялық банкінің мәліметі бойынша неміс облигацияларының 70 пайызға жуығы кері кірістілікпен саудалануда. Францияда бұл көрсеткіш 50 пайызға жетіп отыр», деп мәлімдеген Уорнер.
Егер еуроаймақтың дағдарыс жағдайын әлі де жалғастырып келе жатқандығын еске алатын болсақ, бұл қиындықтан құтылудың амалдарының азая түскендігіне, ал дефолт қатерінің күшейіп келе жатқандығына және оның қазіргі кездің өзінде нақты сипат ала бастағандығына көз жеткіземіз.
Еуропалық елдердің мемлекеттік қарыздарының артуы жағдайды одан әрі ушықтыра түсуде. Қазіргі күні бұл қарыздың көлемі еуроаймақ бойынша ішкі жалпы өнімнің 91,9 пайызына жетті. Еуроаймақтың ең ірі экономикасы Германияда бұл қарыз көлемі 74,7 пайызға жетсе, Франциядағы борыш 95 пайызды, Ұлыбританияда 98,4 пайызды құрайды. Сондай-ақ, әлемнің ең ірі экономикасы саналатын Америка Құрама Штаттарында да жағдай оңып тұрған жоқ. Мұндағы мемлекеттік қарыз көлемі қазірдің өзінде 18 триллион доллардан асып түсіп отыр.
Сонымен, барған сайын айқын сипат алып келе жатқан борыш дағдарысы Батыс елдерінің экономикалық дамуына төтенше қысым түсіріп отыр. Қазіргі күнгі мұның үлкен көрінісі мемлекеттік міндеттемелер кірістілігінің теріс сипатқа ие болуы. Сарапшылардың пікірінше, оқиғалардың осылайша шиеленісе түсуі түптің-түбінде батыс экономикасының күрт құлауын туындатуы да ғажап емес.