Тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы-сарапшы Әзімбай ҒАЛИМЕН әңгіме
– Халыққа белгілі саясаттанушы-сарапшы еліміздің ДСҰ-ға кіруін қандай көңіл-күймен қабылдады?
– Шынында, Елбасы айтқандай, бұл күнді тым ұзақ күттік. Біз халықаралық осы ұйымға 1995 жылы кіруіміз керек еді. Сол кезде Қырғызстан «пысықтық» танытып, алдымызды орап кетті. Шама-шарқына қарамастан, олар тамақ өнеркәсібі мен жеңіл өнеркәсібін жаңғыртып, бүкіл Орталық Азия мен Ресейге Қытай мен Түркияның киімдерін тігіп, сата бастады.
– Көрші елдің киім-кешегінің өтімді болып жүргеніне ДСҰ-ның ықпалы болғанынан көпшілік оқырман хабарсыз...
– Бастапқыда бүкіл ТМД аумағындағы жағдай біркелкі болды. Мәселен, сол Қырғыз елі ДСҰ арқасында тамақ өнеркәсібінде сүт тағамдарымен, ішінде балмұздаққа дейін жасап, Алматының дүкендерін толтырып тастады. Өздеріңіз де куәсіздер... Ақыр аяғында шикізаты таусылып тынды. Көрші мемлекеттерден сүт жинай бастады.
– Әлемдік тәжірибесі жоқ елге қандай қауіптен сақ болу керек?
– Қазақстан секілді қуатты елге қауіп жоқ. Сөздің ашығы. Біздің елде реформа 2002 жылы біткен. Сол жылдың өзінде АҚШ Мемлекеттік департаменті өзінің жылдық есебінде «Қазақстанда мемлекеттік реформа үлгілі түрде жүрді» деп жария етті. Ол кезде көрші елдер Өзбекстан мен Қырғызстан ойдағыдай реформа жасай алмады. Тәжікстанда соғыс жүріп жатты.
Президент Н.Ә.Назарбаевтың сол тұстағы бір плюсі – жерді жекеменшікке берді. Дұрыс қадамның арқасында егін шаруашылығы дүркіреп, Қазақстан дүниежүзінде бидай мен ұн сатудан алдыңғы қатарлы мемлекетке айналды. Кейбір жылдары, тіпті, Канададан, Австаралиядан, АҚШ-тан озып кетті. Егер сол тұста біз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанда, шетелдің табын-табын сиырын арзан бағаға сатып алып келетін едік. Жоғарыда айтқан Алматы мақта-мата комбинатының орнында бүгінгідей үлкен магазин емес, шағын-шағын болса да бірнеше қуатты тігін фабрикасы тұратын еді. Сол тұста Ресей мен Орталық Азияны біз киіндіретін едік. Әлі де кеш емес...
– Ештен кеш жақсы. ДСҰ-ға мүшеміз. Алғашқы көретін пайдамыз қандай?
– Біріншіден, ДСҰ-ның біз үшін ең үлкен пайдасы – инфляция төмендейді. Өйткені, арзан тауар келеді.
– Қаупі?..
– Қауіп дегенге келмейтін шығар, бірақ, өкінішке қарай, Қытайдың, Қырғызстанның, Тәжікстанның тауарлары молаяды. Біз Президент айтқан бәсекеге дайын болуымыз керек. Тауар түрінің көбеюі мен арзандауы халыққа жақсы емес пе? Тағы бір тәуір жері өз тауарыңды өзің сататын болсаң, тарифтер азаяды, кедергілер жойылады. Технологиялар мен түйме-инеге дейін шеттен арзан бағаға сатып аламыз.
– Алматының асфальтын тәжіктер төседі. Балаларын мектепке кіргіздік, ауырып қалса, тегін ауруханаға жатқыздық. Жұрт жазым болса, төлейтін ақшасы да жоқ кейбір шетелдіктер автобус жүргізді. Ауыр жүк көліктерін транзиттік кепілдікпен айнадай жолымызда жүргіздік. Осының бәрі, біздің білуімізше, ДСҰ-ға өту барысында біздің елімізге қойылған талаптар екен. Ендігі жағдай қалай болмақ?
– ДСҰ – бұл мәселенің бәрінің жолын табады. Біріншіден, бұл біздің әуелде бастаған мемлекеттік реформаның дұрыс болғанының айғағы. Мысалы айтайық, мынау әлеуметтік-зейнетақылық реформаны Ресей әлі жасай алмай отыр. Зейнет жасы 63 десе, халық көшеге шығып кете ме деген қауіп басым. Біз ол реформаны баяғыда жасап тастағанбыз. Біздің бар күткеніміз – міндетті түрде ДСҰ-ға кіруіміз керек еді. Кірдік. Өте қуаныштымын. Мен сізге айтайын, ендігі жерде, тіпті, несие берудің пайызына дейін төмендейді. Нарықтық принциптер қайта күшейеді. Жаңа технологиялар елімізге жеңіл келеді.
Әңгімелескен
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.