Аймақтар • Кеше

Тасқынға тасжол тосқауыл

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының жиі су астында қалатын «Подгора» мен «Косогор» шағын аудандарында құрылған «Подгорье» қоғамдық ұйымының мүшелері көктем шықса, көңілі алаң күйге түседі. Өйткені бұл аумақ жыл сайын тасқын қаупімен бетпе-бет келеді.

Тасқынға тасжол тосқауыл

2024 жылғы топан су біраз бөлігін шайып кеткен соң, көптеген тұрғын жаңадан салынған «Бірлік» шағын ауда­нына көшірілген еді. Тағы бір тобына екінші нарықтан баспана алып берілді. Дегенмен былтырғы тасқында орнында қалып, жөнделген біршама үйге су кірген.

Тұрғындар шағын аудандарды қызыл судан қорғаудың бірден-бір жолы қала-ны айналып өтетін күре жолды биіктету деп есептейді. Қазіргі ескі жол әбден шөгіп, үстінен су жүріп кететін халге жеткен. Ал суды бөгеу мақсатында тұрғызылған дамбалар ағынның екпініне шыдас бермей, мүжіліп барады. Топырақ пен құмның тығыздалмаған тұстары ойы­лып, судың дымымен желініп жатыр. Ондай жерлерді қымтағанмен мәселе шешілмейді, бір тұсы бүтінделсе, екінші жағы сөгіледі.

Тұрғындардың дабылынан соң, өткен жылдың күзінде бөгеттерді бекітуге қаражат бөлініп, инертті материалдар төселіп, нығыздау жұмысы жүргізілген. Алайда халық мұның уақытша амал екенін жақсы түсінеді. «Бөгетті бекіту – түбегейлі шешім емес. Оған миллиардтарды шаша бергенше, айналма жолды барынша биіктетіп, күрделі жөндеуден өткізу қажет», деседі көпшілік.

Халықтың пікірінше, тас жол дамбаға қарағанда әлдеқайда берік болады. Сонымен қатар жолды төрт жолақты етіп кеңейту, оның бойындағы ұзындығы 350 метр көпірді жаңарту туралы ұсыныстар айтылған. Сонда ғана тасқынға шынайы тосқауыл қойылады.

Бұл – орынды уәж. Негізі, 2017 жылғы тасқыннан кейін-ақ бұл мәселе қолға алынып, техникалық-экономикалық негіздемесі (ТЭН) жасалған еді. Бірақ конкурс жарияланғанымен, жұмысты атқаратын компания табылмады. Құ­рылыс компаниялары бұл іске мойын бұрмаған соң, үш жылдан кейін құжат мерзімі өтіп, іс аяқсыз қалды. Тек 2024 жылғы алапат тасқыннан кейін мәселе қайта көтеріліп, күн тәртібіне қойылды.

– Айналма жолды биіктетіп, жаң­ғырту жобасы биыл қайта бекітілді. Жобалық құны – 70 млрд теңге. Бұл – өте қымбат әрі ауқымды жоба. Мұндай істі біздің компания бұрын-соңды Сол­түстік Қазақстан облысында жүзеге асырған емес. Жоспарда жол бойындағы көпірді жаңғырту, оның екі жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу, демалыс аймағын жасақтап, велотрасса төсеу қарастырылған. Жолдың өзі бірінші санат талаптарына сай болады, – дейді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО фи­лиалының директоры Андрей Червонюк.

Жобаны іске асыру мерзімі үш жылға шақталған. А.Червонюк жұмыстың кезең-кезеңмен жүргізілетінін, сондық­тан жол қатынасына кедергі келтір­мейтінін жеткізді.

Жобаның бір ерекшелігі – ескі жолды түп орнымен бұзу қарастырылып отыр. Маманның айтуынша, ескі жолдың табанына су сіңіп, дымқыл болғандықтан, ол жаңа құрылыстың сапасына нұқсан келтіруі мүмкін. Расында, қазір 50 тоннаға дейін жүк тиеген ауыр көліктердің жолды езіп жіберетінін көріп жүрміз. Жақында төселген асфальттың ойылып кетуі де көбіне астыңғы қабаттың дұрыс дайындалмауынан болады.

Жаңарған жолдың биіктігі қазіргі-ден 3 метрге артық болмақшы. Тасқынды көзімен көрген тұрғындар судың одан да асып кетуі мүмкін екенін айтып қауіптенеді. «Жобада бұл жағдай ескерілген. Ма­мандар өзеннің қай тұс­тарын аса биік көтерілетінін зерт­теді. Сондықтан қауіпті учаскелерде жолдың биіктігін үш метрден асыру қарастырылған», деп сендірді «ҚазАвтоЖол» өкілі.

Сөйтіп, Петропавлды енді дамбалар емес, заманауи биік айналма тас жол қорғамақшы. Оның сапалы әрі берік салынуын қоғамдық ұйымдар қадағалайды.

Ендігі мәселе – осы ауқымды істі атқаратын лайықты мердігер табу. Көлік министрлігі жобаны конкурсқа ұсынғанда, құрылыс жұмыстарымен қатар, нысанды әрі қарай күтіп ұстауды да мойнына алатын компанияны іздеуді тапсырған. Әзірге екі компания ниет білдіріп отыр.

– Былтыр конкурс жариялау кешіктірілді. Тәртіп бойынша оны «ҚазАвтоЖол» емес, министрлік жариялайды. Енді ақпан айының соңына дейін мердігер анықталуға тиіс, – дейді А.Червонюк.

Жоба Қазақстанның Даму банкінен бөлінетін қаражатқа жүргізіледі. Сонымен бірге жол бойындағы кейбір нысандарды көшіру шығындары да жоба құнын арттыра түсері хақ. Осы бір ірі инфрақұрылымдық жоба сәтті жүзеге асса, облыс орталығының сәу­леті артып қана қоймай, шағын аудан тұрғындары көптен күткен қауіпсіз өмірге қол жеткізеді, су астында қалу қаупінен құтылады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар