Сурет: elordainfo.kz
Іс-шарада Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау сөзін Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов жеткізді.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өнер мен мәдениет – мемлекеттің стратегиялық бағдары екенін айтып, идеологиялық рухани құндылықтардың маңызын атап өтті. Жаңа технологиялар, цифрлық орта және жасанды интеллект мемлекеттердің, экономикалардың және қоғамның даму бағытын барған сайын айқындап келеді. Бұл ретте технологиялық серпіліс жағдайында өз мәдени кодымызды жоғалтпау және төл болмысымызды сақтау – аса маңызды міндет», делінген құттықтау хатта.
Семинар барысында тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев, суретші, дизайнер, «Қазақ оюлары» кітабының авторы Ерлан Қожабаев, дизайнер Фарида Мерхамитқызы сөз сөйледі.
Сарапшылар кейінгі уақытта қазақ танымында жоқ, ұлттық болмыстан алшақ дүниелердің «дәстүр» деп насихатталып жүргенін сөз етті. Ұлттық ою-өрнектерді де орнымен пайдалану қажеттігі, тіпті әйелдерге тән мотивтер ерлер киімінде жиі қолданылатыны да талқыланды. Сонымен қатар қазақ мәдениетіне жат элементтердің ұлттық мұра ретінде насихатталуы да сөз болды.
Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, бірақ қазақ мәдениетінде тарихи негізі жоқ «жаңа дәстүрлер» қарастырылды. Мұндай жағдайлар қалыптасқан құндылықтар мен мәдени нормаларды бұзып, түпкілікті салт-дәстүрлердің мәнін бұрмалайтыны айтылды. Іс-шара барысында дәстүрлерді коммерциялау мәселесі де көтерілді.