Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесу барысында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары, оны әрі қарай жандандыру мүмкіндіктері, сондай-ақ, түрлі салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
* * *
Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу барысында екі елдің сауда-экономика, инвестиция және көлік-транзит салаларындағы өзара ықпалдастықтың негізгі жайттары туралы сөз қозғалды.
Мемлекет басшылары өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде де пікір алмасты.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Венесуэла Боливариан Республикасының Президенті Николас Мадуро екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін, сондай-ақ, осы байланыстарды кеңейтудің келешегін талқылады.
* * *
Моңғолия Президенті Цахиагийн Элбэгдоржпен кездесу барысында сауда-экономика саласындағы екіжақты ықпалдастықтың қазіргі ахуалы мен келешегі қарастырылды.
Мемлекет басшылары халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті мәселелер туралы пікір алмасты.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Куба Республикасының Мемлекеттік кеңесі мен Министрлер кеңесінің төрағасы Рауль Кастро екі елдің түрлі саладағы өзара ықпалдастығын нығайтудың негізгі аспектілерін қарастырды.
* * *
Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен кездесуде сауда-экономикалық ынтымақтастықты әрі қарай дамытудың негізгі бағыттары, сондай-ақ, екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылдары талқыланды.
Сонымен қатар, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасылды.
* * *
Чех Республикасының Президенті Милош Земанмен әңгімеде Чехия көшбасшысының Қазақстанға былтырғы сапары кезінде жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы сөз болды.
Екі мемлекеттің көшбасшылары қарым-қатынастардың жүйелі даму сипатын атай келе, одан әрі кеңейе беретініне үміт білдірді.
* * *
Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Джейкоб Зумамен кездесуде саяси және сауда-экономикалық салалардағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселелері қарастырылды.
Тараптар, сондай-ақ, бірқатар перспективалы салалар бойынша, оның ішінде халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастықты кеңейтудің қажеттігін атап өтті.