25 Ақпан, 2015

БЖЗҚ анықтамасы енді egov.kz порталында қолжетімді

213 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының салымшылары электронды үкімет порталында инвестициялық кірісі көрсетілген зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы ақпаратты ала алады. Бүгінгі күні egov.kz пайдаланушыларының Зей­нетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың (ЗТМО) анықтамаларын алуға мүмкіндігі бар, онда зейнетақы аударымдарының сомасы кіріссіз көрсетілген. Анықтаманың жаңа түрінде салымшының зейнетақы жинақтарының жағдайы, жеке зейнетақы шоттағы қаражаттың қозғалысы, зейнетақы жарна­ларының түсуі, зейнетақы төлемдерінің жүзеге асуы, сондай-ақ инвестициялық кіріс туралы ақпарат бар. «Бұрынғы ЗТМО электронды анықтамасы салымшының зейнетақы шотындағы қозғалысты көрсеткен, бірақ онда инвестициялық кіріс көрсе­тілмеді. ЕЖЗҚ жаңа анықтамасы, соның ішінде салымшы белгілі уақыттың ішінде қандай кіріс немесе шығын алғандығын көрсетеді», деп хабарлайды «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Руслан Еңсебаев. Қызмет www.egov.kz порталы «Азаматтар» категориясы – «Әлеуметтік қамтамасыз ету» тарауы – «Зейнетақылық қамтамасыз ету» бөлімінде қол жетімді. Қызметті алу үшін электронды цифрлық қолтаңба және «Электронды үкімет» порталында тіркелу қажет. Қызмет көрсету мерзімі 30 минуттан аспайды. «БЖЗҚ ақпараттық жүйелері мен «Электронды үкімет» порталын біріктірудің басты мақсаты – бұл жинақ туралы барлық ақпаратты қадамдық қол жетімділікте алу мүмкіндігі. Енді әр салымшы өзінің зейнетақы жинақтауларын дұрыс бақылай алады», дейді «БЖЗҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ерденаев. 2014 жыл қорытындысы бойынша, egov.kz арқылы ЗТМО зейнетақы жинақтарының жағдайы туралы электронды анықтамасы 4 млн.-нан астам мәрте алынды. Аталған анықтама салымшылардың жеке мақсаттары, сондай-ақ банк несиесін алу немесе салық декларациясын толтыру үшін қолданыла алады. «Егемен-ақпарат».