Мәжілісте Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасы, журналист, саяси ғылымдар докторы, профессор Қуаныш Сұлтановтың «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Кітап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміздің жаңа дәуірдегі мемлекет құрылысы мен оның дүниежүзілік қоғамдастыққа еркін араласып, бәсекеге лайықты топтан көріну мақсатындағы орасан мемлекеттік қайраткерлік еңбегіне арналған.
Шараны Мәжіліс Спикері Қабиболла Жақыпов ашып, жүргізді. Алғы сөзінде Мәжіліс Төрағасы Қуаныш Сұлтановтың өмірлік тәжірибесі мол дарынды саясаткер, қоғамдағы беделі зор мемлекет қайраткері ретінде еліне танымал, халқына сыйлы да ардақты азамат екенін айта келіп, кітаптың мазмұнына, әрбір тарауына жеке-жеке тоқталып, бағасын білдірді.
Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова мерейтой иесіне Елбасының Алғыс хатын оқып беріп, омырау белгісін тақты.
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қуаныш Сұлтанұлының ел игілігі жолындағы қажырлы еңбегін жан-жақты баяндай келіп, кітап мазмұнына айрықша назар аударды. Қазақстанның айтылған барлық болжамдарға қарамастан, ел Президентінің арқасында тұрақты экономикалық даму қарқынына ие, реформаларды табысты жүзеге асырып, аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту ісіне елеулі үлес қосып келе жатқан, күллі әлем қауымдастығы мойындаған елге айналғанын, бұл еңбек ел өміріндегі осындай айрықша күрделі оқиғалардың құнды жылнамасы екенін айтты.
– Бұл кітап жаңа мемлекет құру жолында барша Қазақстан халқының ел Президентімен бірге жұмыла отырып жасаған ауқымды еңбегінің айрықша көрінісі екенін атап өту қажет, – дей келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Сенатта атқарған елеулі еңбегі үшін Құрмет грамотасын табыс етті.
Одан кейін «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекке сөз беріліп, ол Қуаныш Сұлтанұлының партияның беделін көтеру жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, мерейтой иесіне «Нұр Отан» партиясының Мәжілістегі фракциясының жетекшісі Д. Назарбаеваның ұсынысымен, партияның Саяси Бюро шешімімен, Елбасының келісімі бойынша берілген партияның ең жоғарғы наградасы «Алтын белгі» омырау белгісін тақты.
Кітап тұсаукесерінде ел Үкіметінің атынан ҚР Премьер-Министрінің Кеңсе басшысы Ерлан Қошанов ыстық лебізін білдіріп, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің құттықтау хатын табыс етті.
Шара барысында Қуаныш Сұлтанұлымен ұзақ жылдардан бері әріптес әрі замандас болған, партияда да, Сенатта да бірлесе еңбек еткен Парламент Сенатының 1995-2000 жылдардағы Төрағасы, біраз жылдар Сенат депутаты болған белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді, «Елбасы және Қазақ мемлекеттігі» кітабының алғысөзін жазған, Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркітбай Аяған, Қуаныш Сұлтанұлы түлегі саналатын Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры, профессор Ғалымқайыр Мұтанов сөз сөйледі. Ғ.Мұтанов аталған университеттің бастамасымен шығарылып келе жатқан, 45-ші шығарылымы толығымен Қуаныш Сұлтановтың өмірі мен еңбегіне арналған «Өнегелі өмір» кітабын таныстырды.
Рәсім соңында Қуаныш Сұлтанов шараға қатысқан барша азаматтарға Елбасының еңбегі туралы деректі кітапқа қызығушылық білдіріп, салиқалы ой, салмақты сөз айтқандары үшін алғысын білдірді.
Шараға сондай-ақ, қос палата депутаттары, танымал саяси және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Осыған дейін Қуаныш Сұлтановтың еліміздің қоғамдық-саяси өміріне арналған 10 кітабы мен 200-ден астам мақаласы жарыққа шыққан болатын.