25 Ақпан, 2015

Әріптестік әлеуетін арттыру жолында

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының депутаты,  «Қазақстан – Моңғолия» ынтымақтастық жөніндегі парламентаралық тобының жетекшісі Алмалық Тілейхан бастаған делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. Тараптар екіжақты қарым-қатынасты дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу иелері екі ел президенттерінің өзара мемлекеттік сапарлары барлық саладағы ынтымақтастықты  тереңдетудің айқын дәлелі екенін баса атап өтті. Қос тарап сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайту жайын сөз ете келіп, ауыл шаруашылығы, көліктік-транзиттік әлеуетті арттырудың маңыздылығына тоқталды. С.Дьяченко Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне ерекше назар аударып, моңғол кәсіпкерлерін халықаралық көрмеге белсене қатысуға шақырды. Сондай-ақ, моңғол тарабына Қазақстанның маңызды бастамаларына, соның ішінде, АӨСШК, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін, сонымен қатар, біздің еліміздің «Азия-Еуропа» форумына кіру жөніндегі қадамдарына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Халықаралық қарым-қатынас жайын сөз еткенде Вице-спикер екі елдің халықаралық қауіпсіздік төңірегіндегі ұстанымдарының ұқсастығын алға тарта келіп, БҰҰ аясындағы ықпалдастықты нығайтудың қажеттілігіне тоқталды. Осыған орай, Моңғолияның Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жыл­дарға тұрақты емес мүшелігіне кандида­турасын қолдайтындығына сенім білдірді. Сонымен қатар, С.Дьяченко делега­ция өкілдерін Қазақстанның «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын­ның басым бағыттары жайында хабардар етіп, Парламент Мәжілісіндегі заң шығар­машылық жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Өз кезегінде делегация басшысы біздің еліміздің барлық саладағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, Моңғолияның сыртқы саясатында Қазақстанның орны ерекше екенін атап өтті. Тараптар парламентаралық байланысты күшейтуге де айрықша көңіл бөліп, алдағы уақытта да  бейінді комитеттер, ынтымақтастық жөніндегі топтар арқылы әріптестікті нығайтуға дайын екендіктерін жеткізді.