Орталық коммуникациялар қызметiнде Ауыл шаруашылығы министрi Асылжан Мамытбеков баспасөз мәслихатын өткізді. Оған ведомоствоның бірқатар сала басшылары да қатысты.
Баспасөз мәслихатында «АӨК қолдау бойынша мемлекеттiк шаралар» деген тақырып аясында әңгіме өрбіді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен туындаған мәселелер жөнінде айтқан министр, соңғы жылдары қол жеткен табыстарды да атап өтті. «Өткен жылы шетелден Қазақстанға импортталатын ауылшаруашылық тауарларының көлемі азайды. Нақтыласақ, азық-түлiк импорты алыс шетелдерден 6,2, ал Еуразиялық экономикалық одақ елдерiнен келетiн тауарлар 10 пайызға төмендедi. Импортты алмастыру бағытында жақсы даму бар. Мәселен, ет импорты 42,3 пайызға, жұмыртқа үш, картоп екi, қияр 4,8 есеге кеміді. Есесiне экспортымыз өсiп келедi. Былтыр алғаш рет ет және ет өнiмдерiнiң 12 мың тоннасын экспорттадық. Оның 7 мың тоннасы сиыр етi. Сондай-ақ, өңделген ет өнiмдерiнiң экспорты да өсуде. Шұжық және ет консервiлерiнiң экспорты 9 және 2 есеге дейін артты. Шетелге сүттi жеткiзу көлемi де алты есеге көбейді. Ресей мен Қазақстан валюта бағамдарының айырмашылығына қарамастан, мұндай жағымды ахуал биыл да сақталып отыр. Жылдың екi айында 620 тонна тауық етi экспортталды. Былтыр оның көлемi 141 тонна болатын. Былтыр сыр мен iрiмшiк экспорты болмаған едi, биыл ол 316 тоннаны құрады. Бұл, 2013 жылы қабылданған «Агробизнес-2020» бағдарламасының алғашқы нәтижелерi», деді А.Мамытбеков.
Қазақстан жақын уақыттары ауыл шаруашылығы саласында шетел инвесторларын тарту арқылы 15 инновациялық жобаны қолға алмақ. «Бүгінгi күнде, қосылған құнды қамтамасыз ететiн сала ретiнде қайта өңдеу өнеркәсiбiн дамыту бекітілдi. Осыған орай, Елбасы берген тапсырманы орындау мақсатында шетелдiк iрi инвесторлардың қатысуымен 15 жоба әзiрленіп жатыр. Бұлар тiкелей шетелдiк компаниялар қатысатын жобалар. Олардың құны шамамен 190 млрд. теңге. Еттi қайта өңдеу және еттi мал шаруашылығында 4 жоба, 60 млрд. теңгеден астам қаражатқа 3 құс фабрикасын салу жоспарланып отыр. Бұл бiзге импортты 50 пайызға төмендетуге мүмкiндiк бередi. Сондай-ақ, сүт өндiру және қайта өңдеу, май өнiмдерiн өндiру және дәндi дақылдарды терең қайта өңдеу бойынша бiрқатар жоба жоспарланды. Мұнымен бірге, майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша 3 зауыт салу көзделуде. Мысалы, «ЕуразияАгроХолдинг» ЖШС-да мүйiз, терi, тұяқ секiлдi қалдықтарды қайта өңдеу желiсiн қоса алғанда, жылына 17 мың тонна еттi қайта өңдеу қуаты бар кешен салынады. Егiн шаруашылығындағы пайдаланылмай жатқан жерлердi әртараптандыру нәтижесiнде майлы дақылдардың аумағы артып келедi. Өткен жылы майлы дақылдардың аумағы 2 млн. гектардан асты. Сондықтан, майлы дақылдарды қайта өңдеп, оны саудаға шығаруды дамыту керек», деді министр. Ведомоство басшысының сөзін Ресейдің «Эфко» компаниялар тобының өкiлi Қайрат Нұрпейiсов жалғады. «Эфко» компаниялар тобы майды қайта өңдеу саласындағы iрi компаниялардың бiрi. Аталған салада жиырма жылдық тәжiрибесi бар компанияның Ресей бойынша 4 май зауыты, 2 терминалы, 1 млн. тонна өнім сақтау қабілетіне ие элеваторы бар. Қазақстанның оңтүстiк және солтүстiк облыстарында әрқайсысының 330 мың тонна қуаты бар 2 май зауытын, 50 мың тонна сақтау қуаты бар 2 элеватор және әр облыста 4 дайындау сервисiн салуды жоспарлап отырмыз. Жобаларымыз саланың дамуына үлкен екпiн береді деп сенемiз», дедi ол. Ресейдің «Молочные историй» ЖШС директоры Нұрлан Санғалин де жағымды жаңалығымен бөлісті. «Компания екі жыл бұрын Ақтөбе облысында құрамына бордақылау алаңдары, репродуктор, құрама жем зауыты, еттi қайта өңдеу кешенi кiретiн ет кластерiнiң құрылысына кiрiскен болатын. Ет комбинаты толық циклды болады, яғни қалдықсыз өңделеді. Ет комбинатының құрылысы осы жылы басталды. Бұйыртса, алдағы қараша айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Кластерге салынған инвестициялардың жалпы құны 10,8 млрд. теңге. Шамамен 1 500 жұмыс орны ашылады», дедi директор.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».