25 Ақпан, 2015

Моңғолиялық депутатпен кездесті

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасының орынбасары Қайрат Ищанов Моңғолия Ұлы Мемлекеттік Хуралының мүшесі, Моңғолия-Қазақстан парламенттік тобының жетекшісі А.Тілейханмен кездесті. Мейманмен кездесуде Қ.Ищанов А.Тілейханның біздің елімізге сапары Қазақстан мен Моңғолия арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін беретінін атап өтті. Кездесу барысында Төраға орынбасары Сенаттың заң шығару қызметі және парламентаралық үнқатысуды үдету жайында айтты. Халықаралық күн тәртібін талқылай келіп, Қ.Ищанов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне Қазақстанның кандидатурасын Улан-Батордың қолдайтынына сенім білдірді және моңғол компанияларын Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуға шақырды. Сенат Төрағасының орынбасары, сонымен қатар, А.Тілейханды Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезіне әзірлік туралы хабардар етіп, діни форумға тұрақты қатысып келе жатқаны үшін моңғол жағына ризашылығын білдірді. «Өткен төрт форум діндер мен өркениеттер арасындағы үнқатысуды ілгерілетуге ықпал етті. Съезд діндер мен мәдениеттер арасындағы қайшылықтарды тек ынтымақтастық пен өзара сенім арқылы еңсерудің нақты көрінісі болды», деді Қ.Ищанов. Кездесуге сенаторлар Мұрат Бақтиярұлы, Бақтыбай Шел­пеков және Мәжіліс депутаты Асхат Бекенов қатысты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.