25 Ақпан, 2015

24 сағат

407 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
* Үндістан тиісінше екінші және үшінші орынға сырғыған Бразилия мен Түркияны басып озып, саяхат үшін ең қауіпті ел ретінде танылды. Үнді елі бірінші орынға әйел туристер мен жергілікті әйел тұрғындарды зорлау бойынша шығып отыр. Мысалы, елде әр 20 минут сайын бір зорлау оқиғасы тіркеледі екен. * Ауғанстанда бетперде киген қарулы адамдар 30 ер адам – шииттерді ұрлап кеткен. «Франс-Пресс» агенттігінің хабарлауынша, ауған армиясының формасын киген топ Гераттан Кабулға келе жатқан екі автобусты тоқтатса, жүргізушілер адам ұрлаушыларды үкімет әскерлерінің солдаттарымен шатастырса керек. * АҚШ-тың феде­рал­дық соты Палестинадан Из­раильдегі лаңкестіктер үшін 650 миллион доллар өтемақы талап етті. Мұны «Нью-Йорк Таймс» газеті хабарлады. Сот өкілдерінің сөздеріне қарағанда, палестиналықтар ұйымдастырған 6 лаңкестік салдарынан АҚШ азаматтары да көз жұмған немесе зардап шеккен. *Жапониядағы буддистік «Нивано бейбітшілік қоры» «Боко-Харам» террорлық ұйымына қарсылық білдіруші нигериялық әйел-пастор Эстер Ибангоны бейбітшілік сыйлығымен марапаттады. Ол әйелдер мен қыздарды ұрлауды дәстүрге айналдырған «Боко-Харамды» ашық сын тезіне алып келе жатса керек. *Ресейдің Мемлекеттік Думасы ел президенті Вла­димир Путинге депутат­тардың еңбекақысын қыс­қарту туралы ұсыныс біл­дір­ген. Мұны Мемдума спи­кері Сергей Нарышкиннің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып, ТАСС хабарлады. Мұндай ұсыныс Дума Кеңесінің мәжілісі барысында 2015 жылға арналған федералдық бюджетке түзетулер енгізілуіне байланысты жасалған. * Кипр президенті Никос Анастасиадис Ресейге қарсы санкциялардың енгізілуін сынға алды. Оның пікірінше, санкциялар бастамашылар ұмтылған нәтижелерге қол жеткізбеген. Н.Анастасиадис Кипрдің Ресеймен тығыз байланыста екенін де қаперге салады. Біздің экономикамыз бен қорғанысымыз осы қатынастарға тікелей байланыс­ты, дейді ол. * Иордан өзенінің батыс жағалауында Израиль әс­керилері 19 жасар палес­тиналықты атып өлтірген. «Франс-Пресс» агенттігінің хабарлауынша, оқиға Виф­леемге жақын маңдағы  Дхей­ше босқындар лагеріндегі тәр­тіпсіздіктер кезінде орын алған. Палестиналықтар сол­даттарға тастар мен өртегіш құрылғылар лақтырса керек. Ақпарат агенттіктерінің материалдары бойынша әзірленді.