13 Мамыр, 2015

Энергия тапшылығы азаяды

983 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған Бес институттық реформаны» және «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатын жүзеге асыру барысында еліміздегі Энергетика министрлігі бірнеше жобаларды жүзеге асыруда. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында алға қойылған бірқатар тапсырмаларды тарқатып айтқан Энергетика министрлігінің Электр энергетикасы департаментінің директоры Бауыржан Сәрсенов аталған саладағы жобалармен таныстырды. «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде бірыңғай электр энергетика жүйесін дамыту тақырыбы талқыланған жиында еліміздің энергетикалық саласын, оның ішінде, электр және көлік инфрақұрылымдарын дамыту біздің экономиканың басым бағыттарының бірі болып табылатындығы сөз болды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қарашасындағы «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Магистралдық желілердің шектеулілігі елдің оңтүстік өңірлерінде электр энергиясының тапшылығын туындатып отыр. Екі жобаға назар салу керек. Бұл қазақстандық электр стансаларының елдің барлық өңірлерін теңдестірілген энергиямен қамтамасыз етуіне мүмкіндік береді», деп атап өткен болатын, дей келе Б.Сәрсенов осы міндеттерді іске асыру мақсатында келесі реттегі жоғары вольт­ты электр желілері салынатындығын алға тартты. Олардың бірі 500 кВ болатын жоғары вольтты «Екібастұз – Семей – Өскемен» болса, екіншісі «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» электр желілері болмақ. Аталған желілерді салу екі кезеңнен тұратындығына тоқталған Б.Сәрсенов алғашқы кезеңге 500 кВ-тық «Екібастұз – Семей – Өскемен» электр желісін салу жататындығын айтты. Оны іске асыру мерзімі 2011-2017 жылдар аралығы болып табылатындығын тілге тиек еткен ол, жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру үшін «KEGOC» АҚ нысандарды салуда толыққанды тапсыру қарастырылған келісімшарттарға қол қойғандығын түсіндірді. Ал екінші кезеңді жоспар бойынша іске асыру мерзімі 2012-2018 жылдар аралығы болып отырған 500 кВ-тық «Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алматы» жоғары вольтты электр желісін салу, деді департамент директоры. Сонымен қатар, қазіргі таңда электр тасымалдау желісін салуға жер учаскелерін бөлу жүзеге асырылды және 220 кВ, 500 кВ және қосалқы стансалар салынатын жолдарда жобалық жұмыстар мен инженерлік ізденіс жұмыстары жүргізілуде, деп атап өтті Б.Сәрсенов. Нәтижесінде, жоғарыда аталған жобалар іске қосылған соң еліміздің бар­лық өңірлерін теңдестірілген энергия­мен қамтамасыз ету мәселесі ғана ше­ші­ліп қоймай, сондай-ақ, бірқатар темір­­жолдардағы энергия тапшылығы бай­қалатын жерлерді электрлендіру үшін қолайлы жағдай жасалады, дей келе Бауыр­жан Сәрсенов шекаралас аумақ­тарды және қашықтықта орналасқан өңір­лерді дамытуға қосымша серпін беріле­тін­дігін, жаңартылатын энергия көздеріне байланыс­ты жобаларды енгізуге жаңа мүмкіндіктер пайда болатындығын алға тартты. Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».