Кеше, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің сапары барысында Лондон қаласында Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Мейрам Пішембаев пен Ұлыбритания машина жасаушылар технологиясы ассоциациясының вице-президенті Гай Молларт екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойды.
Аталған меморандумда екі мемлекеттің машина жасаушыларының қарым-қатынасы негізінде өндірісті роботтандыру, компьютерлік жобалау, темір өңдеудің жаңаша жүйесі мен станоктар және құралдарды соңғы технологиямен өндіру белгіленген.
Іс-шараны қорытындылаған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов мемлекеттеріміздің сауда-экономикалық қатынасын алдағы уақытта дамытуда бүгінгі ынтымақтастықтың маңыздылығына баса назар аударды, деп хабарлады Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі.