Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, былтыр желтоқсанда еліміздің қор биржасындағы валюта саудасының жалпы көлемі 7,9 млрд долларды құрады. Бұл қарашадағы 5,6 млрд доллармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары.
Бірақ осы кезеңде валютаның негізгі ресми көздері керісінше, 651 млн долларға қысқарған. Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі 2025 жылғы ең төменгі деңгейге түсіп, 400 млн доллар болды (қарашада – 600 млн доллар). Логикаға салсақ, мұндай жағдайда теңге әлсіреуге тиіс еді. Алайда керісінше болды, теңге нығайды, ал сауда көлемі күрт артты.
Сонымен бір мезгілде халықтың бос ақша қоры қысқарды, инфляция табысты «жеп», несие жүктемесі өсті. Депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелер мен қолма-қол емес құралдардың қолайлылығына байланысты кейінге қалдыруға болатын қаражат көбінесе теңгеде қалады. Бұл жағдай долларға деген сұранысты суытып, теңгенің тұрақтылығына қосымша дем беріп жатыр.
«Теңгенің нығаюында Үкімет пен Ұлттық банктің инфляциялық қысымды төмендетуге, макроэкономикалық ортаның болжамдылығын арттыруға бағытталған саясаты шешуші рөл атқарды», дейді Ұлттық банк өкілдері.
Дегенмен де 2025 жылы нарықтың беталысы ұлттық валютамызды отқа да, суға да салғанын мойындау керек. Әрі бұл Ұлттық банктің интервенциясынсыз, нарық жолымен жүзеге асты. Теңгеге дем беріп жатқан факторлар да көз алдымызда қалыптасты. Оңды-солды таратылған несиелер шектелді, нарық теңгені қос алқымынан қысып келген артық ақша көлемінен тазартылды. Осыдан кейін инвесторлар биржаға бет бұрды, теңге нарықтың да, еркін айналымдағы күшінің де дәмін сезді.
Жұртшылық қазір жинаған табысын барынша теңгемен жинай бастағанын сарапшылар айтып жүр. Бұл бір жағынан – дұрыс шешім. Сарапшы Берлин Иришев те базалық мөлшерлеменің қазіргі деңгейі депозитті долларда емес, теңгеде сақтауға тиімді екенін айтады. Мұндай жағдайда теңгелік активтерге сұраныс жоғары болады. Бірақ теңгенің нығаюы Үкіметтің экономикалық ресурстарға деген саясатын қайта құруға мәжбүрлеуі мүмкін. 2026 жылға арналған бюджетте мұнай – 60 доллар, доллар – 540 теңге деп жазылды. Бұл – Үкімет болжаған көрсеткіштен 40 теңгеге жоғары.
«2025 жылғы желтоқсанда 500 теңгелік долларды ешкім болжай алмады. Теңгеден түскен қымбат жобаларды қаржыландыруға жетпейді. Осыдан бірер жыл бұрын мұндай жағдайды болжау түгілі, елестетудің өзі мүлдем қиын болған. Егер теңге алдағы уақытта да күшейе беретін болса, елдің бюджетін мұнай-газ экспорты емес, ішкі экономикалық ресурстарымыз басқарады. Біздің Үкіметтің экономикалық әлеуетінің қандай екенін тек теңгенің тегеуріні ғана дәлелдей алады», дейді Б.Иришев.
«AERC Beta LLP» бас директоры Ғалымжан Айтқазин бізбен әңгімесінде теңгенің әлсіреуі де, күш алуы да нарық жағдайында қалыпты құбылыс екенін айтты. Теңгенің әлсіреуі экспорттаушыларды ынталандырғанымен, импортталатын тауарлар бағасын қымбаттатып, нарықтағы инфляциялық қысымды күшейтеді. Мәселе – Ұлттық банк инфляция мен теңгені қолдау арасында қаншалықты тиімді тепе-теңдік жасай алатынында.
Сарапшы айтып өткендей, қазіргі жағдай теңгенің жаңа «тепе-теңдік» деңгейге «ауысуымен» аяқталуы мүмкін, одан кейін нарықта жаңа болжам пайда болады. Қазіргі базалық мөлшерлеме мен экспорттық бағаларға қатысты жағдай теңгеге «оң қабақ» танытып отыр. Мысалы, өткен жылдары Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме деңгейі қазіргіге қарағанда төмен болды. Ұлттық банктің нарықты артық ақшадан арылтуы мен алтын құймаларын сату туралы шешімі инфляцияның тоқтап, теңгенің қосымша күш алуына әсер етті. Сол кезде Ұлттық банктің тек долларға ғана емес, ішкі ресурстарға да иек арта бастағанын сарапшылар айтқан еді.
Сарапшы Ғалымжан Айтқазиннің сөзінше, бізге бюджетке де, экономикаға да тиімді болатын теңгерімді бағыт қажет.

Мамандар тағы бір маңызды факторға назар аударып отыр. Теңгенің нығаюына базалық мөлшерлеменің көтерілуі ықпал етті. Мысалы, былтырғы қазан айында мөлшерлеменің 18 пайызға дейін өсуі теңгелік активтердің инвестициялық тартымдылығына әсер етті. Оған қоса, «Bank of America» өзінің ресми хабарламасында доллар сатып, теңге алғанын мәлімдеген. Бұл халықаралық қаржы алыпсатарларының да теңге бағытына жұмыс істей бастағанын көрсетеді. Сарапшы Арман Бейсембаевтың айтуынша, қазір нарық Ұлттық банкпен тәуекелге барудың қажеті жоқ екенін түсінді. «Мөлшерлемені көтеру – валюта бағамын реттеудің негізгі құралдардың бірі. Ұлттық банктің жоғары мөлшерлемені инфляциямен күресте басты құрал етуі – дұрыс шешім. Былтыр нарықта басы артық ақша көлемі қалыпты жағдайдан асып кетті.
Сарапшының айтуынша, біздің валюта нарығымыз өте нәзік. Валюта бағамына сыртқы қаржы институттарының ықпалы басым. Экономикалық ресурстарымыздың әлеуетін көтерген кезде нарыққа ықпал етіп отырған сыртқы ойыншылардың ықпалынан арыламыз. Былтыр жыл соңына қарай ел Үкіметі бес жылдық тәуелсіз еурооблигацияларды орналастыру арқылы 1,5 млрд доллар тартқан. Бұл да теңгенің сәл де болса «еңсе тіктеп» алуына сеп болды.
Сарапшының айтуынша, теңгеге төнген қауіп әлі сейілген жоқ. Егер валютаны мемлекеттік сату «ING» агенттігі болжағандай азайса, теңге бағамына кері әсер етуі мүмкін.
А.Бейсембаевтың айтуынша, дамудың жаңа кезеңінің есігін аштық. Экономиканың ескі моделінің әлеуеті сарқылды. 25 жылғы ескі үлгі көз алдымызда бөлшектеніп жатыр. «Теңге бағамының құбылмалы саясаты елімізге өте маңызды және оны жалғастыру қажет. Қатаң контрциклдық бюджеттік ережелер енгізілгеннен кейін мұнай бағасы мен фискалдық саясатқа байланысты теңгенің құбылмалдығы едәуір азаяды. Сонымен қатар ұлттық валютаның өзгеруіне себеп болған факторлардың беті қайтқан жоқ. Қор нарығы дамыған жоқ, экономикалық ресурс әлсіз. Сондықтан теңгенің тегеурінін арттыру үшін осы факторларды ескеру қажет», дейді А.Бейсембаев.
Валюта бағамы қырық құбылған қалпы 2026 жылдың есігін ашқанын білеміз. Дегенмен де девальвацияның қаупін төндіріп тұрған болжамдар сейіле бастағанын сарапшылар айтып жатыр. Теңгені қолдауға бағытталған терең құрылымдық өзгерістер дер кезінде қабылданды. Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерді. Валюта нарығының салыстырмалы тұрақтылығын сақтауға бағытталған әрекеттер биыл да жалғасады. Сарапшылар базалық мөлшерлемені қазіргі деңгейде ұстап тұру теңгеге де, инфляцияға да оң әсер етеді деген пікірде.
Жалпы, теңге тұрақтылығын сақтап қалуға Ұлттық банктің күші жеткенімен, Ұлттық қор мен БЖЗҚ қаржысы шектеулі. Үкіметтің нарыққа араласуы шектен шығып кетсе, экономиканы тұншықтырып жіберуі мүмкін екені осыған дейін талай рет айтылған.
«Үкімет пен Ұлттық банк теңге бағамын өсірмей ұстап тұра алмайды. Биыл 1 қаңтардан бастап елімізде жаңа Салық кодексі қолданысқа енді. Нарық оның талаптарына бейімделгенше, теңгеге қысым бәсеңдемейді. Биыл сәуірден кейін коммуналдық тарифтер қалай өзгеретіні әзірге белгісіз. Демек Үкімет пен Ұлттық банк нарықтың құбылмалылығына дайын болуы үшін бірінші кезекте теңгемізді жаңа жағдайға бейімдеуі қажет», деп ескертеді Арман Бейсембаев.
АЛМАТЫ