...орталық ашылып, көліктер тапсырылды
Өндірісті өңірде жұмыс сапарымен болған Төтенше жағдайлар министрі В.К.Божко осы буынның облыстық құрылымы жұмысымен танысты. ТЖМ жанынан құрылған дағдарыстық орталықтың ашылуына қатысты. Апатты тосын оқиғалар бола қалған жағдайда барлық іс-шаралар жедел осыдан басқарылады. Орталық осы заманға байланыс құралдарының соңғы үлгілерімен жабдықталған. Мұның өзі төтенше жағдайлар салдарларын тез жоюға мүмкіндік береді.
Министр “Көмір” әскерилендірілген құтқару қызметімен танысты. Шахталардағы апаттар кезінде кеншілерді құтқару жұмыстарымен шұғылданатын бұл қызметті жетілдіру жолдары талқыланды. Соңынан аталған құрылымның қалалық және аудандық бөлімшелеріне арнайы жабдықталған көліктер тапсырылды.
Айқын НЕСІПБАЙ,ҚАРАҒАНДЫ.
...қала тұрғындары Германияны тамашалады
Қостанайдағы Көркемсурет галереясында “Қазіргі Германия” атты жылжымалы көрме ашылды. Германияның Қазақстандағы жылына арналған бұл шара қостанайлықтарға Еуропадағы алдыңғы қатарлы ел туралы мол мәлімет береді. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Виктор Мейестр екі ел қарым-қатынасында мұндай шараның маңызды екенін айтты.
– Германия – өндірісінің дамуы жағынан әлемде жетекші орын алатын елдердің бірі. Біздің одан үйренеріміз көп. Ал мына көрмедегі елдің қуатты экономикасы мен әлеуметтік тұрмысы, мәдениеті мен білімі туралы мәліметтер қостанайлықтардың Германия туралы жақынырақ білуіне мүмкіндік береді, – деді Виктор Викторович.
Көрмеге келушілер белгілі неміс фотосуретшісі Торстен Эльгер түсірген композициялардан Берлин мен Франкфурт қалаларының түнгі көріністерін, елдің басқа да көрікті жерлерін тамашалады. Сонымен қатар, осы көрме Германия мен Қазақстан арасындағы экономикалық және мәдени байланыстар туралы да мол хабардар етті.
Германияның Қазақстандағы елшілігі ұйымдастырған бұл көшпелі көрме еліміздің басқа облыстарын да аралайтын болады.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, ҚОСТАНАЙ.
...акция шеңберінде семинар-кеңес өтті
Республикалық “Бірлігіміз жарасқан” акциясы шеңберінде Талдықорғанда облыстық Қазақстан іскер әйелдері ассоциациясының ұйымдастыруымен бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау мақсатында “Өз бизнесімізді қалай ашамыз” деген тақырыпта семинар-кеңес өткізілді.
Кеңеске “Халық Банкі” мен “Альянс Банкінің” өкілдері қатысып, жас кәсіпкерлерге берілетін несиені алу жолдары, қаржыландыру мақсатында құрылған “Даму” бағдарламасы аясындағы қолдау жайлы егжей-тегжейлі түсіндірді. Жеке кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап беріліп, қандай да бір қиындық туындағанда “Атамекен” одағы мен қалалық және облыстық орта және шағын кәсіпкерлікті дамытумен айналысатын сала мамандарынан кеңес алуға болатыны атап көрсетілді. Кәсібінен нәсібін табуды көздегендерге бұл кездесудің маңызы зор екендігі байқалды.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.