Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы Президент сайлауын өткізу туралы бастамасы жалпыхалықтық қолдауға ие болып отыр. Бастамаға кәсіпорындар мен түрлі ұйымдардың еңбеккерлері, қоғамдық бірлестіктер мен өнер ұжымдарының өкілдері, студент жастар, сондай-ақ, шетелдік саясаткерлер үн қосуда. Олардың барлығы әлемдік экономикалық дағдарысты еңсеріп, ел экономикасын әрі қарай дамытуда
Елбасының жанына топтасу аса маңызды екенін атап өтуде. Бүгін сол пікірлердің бір тобын оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Сидхарт САКСЕНА,
Кембридж университеті жанындағы Орталықазиялық форумының жетекшісі:
– Қазақстанда көптеген өзге елдер үшін нақты мысал болатын өте тиімді тұрақтылықтың моделі қалыптасқан. Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің осы жылы Президент сайлауын өткізу туралы Үндеуін маңызды бастама деп есептеймін. Ол тұрақтылықты сақтауға және ел экономикасын дамытуға мүмкіндік береді. Сондықтан да, мен 2015 жылы сайлау өткізу Қазақстан үшін үлкен алға басушылық қадам болатынына сенімдімін.
Зеев ХАНИН,
Израиль абсорбциялар министрлігінің бас ғалымы:
– Жақындап келе жатқан экономикалық дағдарыс жағдайында Қазақстанның саяси басшылығы экономиканы өсіруге қарай бірқатар қадам жасады және қолға алды. Бұл үлкен күш жұмылдыруды қажет ететін іс. Сондықтан, сайлау өткізу туралы шешім, менің ойымша, тұрғындардан қосымша сенім несиесін алу деп білемін. Бұл өте дұрыс қадам.
Абдусаттор НУРАЛИЕВ,
Ресей-тәжік славян университетінің профессоры, «Қазақстан-Тәжікстан» достық қоғамының төрағасы:
– Мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің 2015 жылы Президент сайлауын өткізу туралы бастамасын толығымен қолдаймын. Бұл, біріншіден, әртүрлі екі электоралдық саяси науқанның қатар келуіне мүмкіндік бермейді. Екіншіден, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық сынақтар кезеңінде әлемдік саяси және экономикалық дағдарысқа байланысты әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды дамыту бастамаларын табысты жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Май ХВАН,
КСРО және Қазақстанның конькимен сырғанау спорты жөніндегі еңбек сіңірген жаттықтырушы:
– Мен Қазақ спорт және туризм академиясында кезектен тыс Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамаға қолдау білдіру митингісіне қатыстым. Сондай-ақ, студенттер алдында біздің атақты спорт ардагерлеріміз – Евгения Кадяйкина, Әмин Тұяқов, Шора Юмашев және басқа да көптеген спортшылар атынан сөз сөйлеу құрметіне ие болдым. Сөз сөйлеуге ұсыныс жасаған ардагер спортшылар жастарды Президент сайлауына белсене қатысуға шақыруды өтінді. Жас спортшылар көтерген плакаттар мен транспоранттарды көрген кезде мен студент жастардың қазірдің өзінде дұрыс таңдау жасағанына көзім жетті.
Мұрат ӘУЕЗОВ,
қоғам қайраткері, мәдениеттанушы:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшелері биылғы жылы Президент сайлауын өткізу туралы ұсыныспен шығуы арқылы халықаралық қиын жағдайлар кезінде, олардың алдын алуда аса көрегендік танытты. Мен де әлемдік үдерістерді, саяси жағдайларды үнемі бақылап отырамын. Бұл өте дұрыс бастама деп білемін.
Юлия КУЧИНСКАЯ,
«Демократиялық институт» ҒЗҚ-ның жобасы жөніндегі директоры:
– Әлеуметтік зерттеулер көрсеткендей, респонденттердің 97 пайызы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасын мақұлдады және тағы 96 пайызы сенім білдірді. Неге олар ҚХА бастамасын мақұлдайды деген мәселеге келсек, 95 пайызы президенттік сайлау өткізу қоғамды біріктіруге, экономикалық тапсырмалар мен міндеттерді шешуге шоғырландыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Ал 91 пайызы сайлау инвесторлардың ұзақ мерзімді реформалардағы сенімділігін қамтамасыз етеді деп санайды.
Инна ЛЕБЕДЕВА,
П.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінің оқытушысы:
– ҚХА-ның мерзімінен бұрын Президент сайлауын өткізу бастамасын толықтай қолдаймын. Елбасына жаңа мандатты сенім білдіру біздің халықты біріктіреді және топтастырады, білім беру мәселелеріндегі күшті шоғырландырады. Колледж оқытушылары Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың арқасында студенттермен бірге, халықаралық конкурстарда шығармашылық шыңдарға белсенді түрде ұмтылып келеді. Сондай-ақ, олар Жеңістің 70 жылдық, Қазақ хандығының 550 жылдық, Конституция мен ҚХА-ның 20 жылдық мерекелеріне студенттер концерттік бағдарламалармен белсенді әзірленуде.
Нина БЕКЕЕВА,
еңбек ардагері, Қызылорда:
– Бүгінде Президент сайлауы тақырыбы барлық өңірде кеңінен талқылануда. Сондай-ақ, көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясына осы маңызды ұсыныстары үшін алғыс білдіруде. Бұл бастаманы қарапайым еңбеккерден бастап, әр деңгейдегі депутаттар, жалпылай алғанда, бүкіл қазақстандықтар қолдап жатыр. Мен де сайлау өткізу арқылы біздің Көшбасшымызға ең басты мәселе – алдағы уақытта мемлекетімізді әрі қарай дамытуға мүмкіндік жасау қажет деп есептеймін. Өз басым халқымыз бен Президентіміздің даналығына сенемін. Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бізге қандай да бір дағдарыс қорқынышты емес.
Андрей ЧЕБОТАРЕВ,
«Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры:
– Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасы түгелімен негізді. Қазіргі өзіміз куә болып отырған қиын жағдайда, посткеңестік кеңістіктегі саяси тұрақсыздықтар орын алып тұрған кезде сайлау өткізу Қазақстан экономикасы үшін, әрине, өзекті. Осындай жағдайларда біздің алдымызда тұрған міндеттерді қоғамды жұмылдыру арқылы шешуге әбден болады.
Зарина СЕЙФУЛЛИНА,
«Болашақ» бағдарламасының стипендиаты:
– Журналист ретінде күнделікті болып жатқан оқиғалар бейжай қалдырмайды. Олар біздің кез келген мәселеге тамыр соғысындай мұқият талдау жасауымызды қажет етеді. Өткен жылы маған журналистика бойынша «Болашақ» стипендиаты болу бақыты бұйырды. Мен Қазақстандағы оң өзгерістерге өз үлесімді барынша қосқым келеді. Бұл сайлау біздің жарқын болашағымызға деген сенімділігімізді нығайтады және Президентіміздің бастамаларын толық жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады. Мен соған сенімдімін.
Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ,
«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті:
– «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі, өзге де медиакеңістік өкілдерімен бірге, Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу идеясына өз қолдауын білдіреді. Алдағы кезеңде барлық мемлекеттік аппарат пен қазақстандық қоғамның күш-жігері экономикадағы дағдарыс трендтерінің салдарын бәсеңдетуге бағытталуы қажет. Барлық қазақстандықтарды, БАҚ-тар мен мемлекеттік емес ұйымдарды ҚХА Кеңесінің ұсынысын қолдауға және Елбасы жанына топтасуға шақырамыз.
Әнуар САБИРОВ,
Ақтау халықаралық теңіз портының докер-механизаторы:
– Президент сайлауы қазақстандықтарға ел экономикасын табысты дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді жобаларды тиімді жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы «Нұрлы Жол» бағдарламасында көрсетілген міндеттер мен тапсырмалар жалғастырылуы әрі орындалуы тиіс. Бұл бағдарлама біздер үшін аса күшті қолдау болып табылады. Сондықтан, біз қазірден бастап бірігіп, барлық күш-жігерімізді осы бағдарламаны жүзеге асыруға жұмсауымыз қажет. Өйткені, ол Отанымыздың, барлық қазақстандықтардың игілігі үшін қызмет етеді.
Меруерт ҚАЗБЕКОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан әйел-кәсіпкерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:
– Елбасы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта бизнесті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет екендігін атап өткен еді. Сондықтан да, біз Мемлекет басшысының жетекшілігімен «Нұрлы Жол» бағдарламасында айқындалған мақсаттарға қол жеткізетіндігімізге бек сенімдіміз. Қазақстанның әйел-кәсіпкерлері одағы бүкіл қазақстандықтарды 2015 жылы Президент сайлауын өткізу бастамасына қосылуға шақырады.
Надежда ГОРОБЕЦ,
Н.Сац атындағы мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер орыс академиялық театрының директоры:
– Алматыда республикалық бес театрдың шығармашылық ұжымы кездесіп, онда президенттік сайлау өткізуді қолдаған үндеу қабылдадық. Алдағы уақытта ел дамуының қажеттілігін түсіне отырып, ұлттық театрлар Президент сайлауын өткізу туралы ҚХА бастамасына қолдау білдірді. Үндеуге театрлар директорлары – Юрий Якушев, Любовь Ни, Саутжан Сонуров, Александр Дедерер және Надежда Горобец қол қойды.
Қалиман БЕГАЛИНОВА,
Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор:
– Президенттік сайлау өткізу бастамасына қолдау білдіру өзімнің азаматтық парызым деп санаймын. Философ ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың аса қиын кезеңдерде реформаларды қолға алып, оны тиімді жалғастырғандағы, одан нәтиже шығарғандағы рөлін өте жақсы білемін. Сонымен қатар, Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім нығайды. Президентіміздің бейбітшілік пен тыныштықты нығайтудағы ерен еңбегі қай кезде де құрметке ие екендігін айтқым келеді.
Мұрат ӘБЕНОВ,
қоғам қайраткері:
– Біздің еліміз айтарлықтай жеңіл емес, бірақ дамудың ең дұрыс жолын таңдады. Бүгінде біз «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырудамыз, индустрияландырудың екінші бесжылдығын бастап отырмыз. Осы жерде мемлекет, бизнес, өнеркәсіп және тұрғындар бірлесіп әрекет етулері керек. Әрине, президенттік сайлау үдерісін кейінге тартпау қажет. Егер солай ететін болсақ, басталған ірі үдерістерді бәсеңдетіп аламыз. Ал сайлау туралы ұсыныс, ол – өркендеуге бастайтын жол.