Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы құрметіндегі кезекті танымдық шара өткізілді. Басқосуға Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ұстаздық етіп жүрген Ниел Руан (Ұлыбритания) мен Нирмала Говендер (ОАР) ерулік жоралғысымен шақырылды.
Білім ошағының атшаптырым оқу залының төріне қазақтың киіз үйі тігіліп, бар жасауымен жарқырап тұр. Көкшенің бүгінгі серілері ән шырқап, күй төгілтті. Босағадан аттаған қонақтарға шашу шашылып, кең-мол дөңгелек үстелге шақырылды. Дастарқан қазақ халқының ұлттық тағамдарымен ғана емес, қаладағы өзге ұлт өкілдерінің асыл дәмдерімен толтырылған.
Қонақтар бал бауырсақ, күрең қымыз бен шұбаттан дәм татқаннан кейін, облыстық мұсылман әйелдері лигасының мүшесі, сексен жастағы Кәбира Сақыпова әжеміз халқымыздың арғы-бергі тарихынан әңгіме бастады. «Ерулік» дәстүрінің жай-жапсары, терең мәні түсіндірілді. Зияткерлік мектептің оқушысы Балым Кенжебаева ағылшыншаға аударып отыр. Ниел бауырымыздың қойын дәптеріндегі жазу қалыңдай бастады.
Өзге ұлттың өкілдері де қонақкәдесін жасап, қаладағы татар, неміс, славян, поляк этномәдени орталықтарының жетекшілері Мударис Абдуллин, Светлана Корнеева, Галина Булычева және Людмила Суховецкая аталған бірлестіктердің қоғамдағы орны жайлы хабардар етті. Сондай-ақ, Қазақстан халқының достығы, еліміздегі ынтымақ-бірлік тақырыбында 15 жыл бойы еңбектеніп, 6 альбом дайындаған мәдениеттанушы Сипат Тасова жәдігерлерінің таныстырылымы өткізілуі жұртшылықтың қызығушылығын тудырды.
Африкалық қыз Нирмала Говендер қошеметші қауыммен қосылып би билеп, өз тілінде ән шырқады. Ал сэр Ниел Руан Англияда диаспоралық қауымдастық болғанымен, барлық ұлттың басын біріктіретін ұйымның жоқтығын тілге тиек етті.
– Бұл Қазақстан Президентінің көреген саясатшы, ұлттарды ұйыстырушы тұлға екендігін көрсетеді, – деді ол. – Ассамблеяның қазіргі дағдарысты кезеңде кезектен тыс президенттік сайлау өткізу жөнінде бастама көтеруінің өзі оның зор бедел мен ықпалға ие екендігін айқындай түседі. Мен Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебіне шақыру алғанымда қуана келістім. Мұндай білім ошағы көп елде кездеспейді. Менің қазіргі оқушыларым өте алғыр, ағылшын тілінде еркін сөйлеседі. Қазақстандық ЭКСПО-ға дайындығымыз да жаман емес. Оның үстіне, кезінде ЭКСПО-да шырқалған «Балқадиша» әніндегі Қадиша Көкшетаудың қызы екендігін білгендегі таңғалысымды сөзбен жеткізу қиын.
Кездесу соңы этномәдени бірлестіктердегі көркемөнерпаздар ұйымдарының концертіне ұласты.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суретті түсірген
Айбек ДАНИЯРОВ.