13 Мамыр, 2015

Еуропада мигранттар саны артып барады

319 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Өткен аптаның дүйсенбісі күні 900-ге тарта қашқын италиялық Сицилия аралының оңтүстігінде орналасқан Паццало елді мекеніне келіп жеткен. Мұның алдындағы демалыс күндері италиялық және франциялық корабльдер Сицилия бұғазында 6 мыңға жуық қашқынды суға кетуден сақтап қалған болатын. Аталған операция барысында ондаған адамдардың өлі денесі де табылған. Жерорта теңізін жасырын түрде жүзіп өтемін деп биылғы жылдың өзінде 1750 мигрант қаза тапқан болатын. Осыған орай сәуір айында өткен Еуропалық одақтың төтенше саммитінде еуропалық көшбасшылар Жерорта теңізінің үстіндегі құтқару операцияларын қаржыландыру деңгейін 3 есе өсіру жөнінде шешім қабылдаған еді. Сарапшылар пікірінен мәлім болғанындай, биылғы жылы Италия жағалауларына келуші жасырын қашқындар саны 200 мың адамға жетуі мүмкін. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 30 мың адамға көп. Өткен жексенбі күні Ливияның жағалау күзеті Триполиден 60 шақырымдық қашықтықта мигранттардың бес қайығын ұстап алды. Қайықтағы 500 адам Еуропаға жасырын түрде жетуді көздеген екен. Олардың барлығы ұсталды. Осы оқиғаға байланысты қолға түскендер жағдайға деген өз наразылықтарын ашына отырып жеткізген. «Біз қауіп-қатерге қарамастан, осылай істеуге мәжбүр болып отырмыз. Әйтпесе, мұндай сапардың біздің өміріміз үшін қауіпті екендігін жақсы білеміз. Бізге су бетімен ұзақ жүзуге тура келеді. Бірінші кезекте Суданнан Ливияның Адждабия қаласына дейін келуіміз керек. Мұнан кейін осындай жолмен тағы да қозғаламыз. Триполиге дейін жетеміз. Біздің мұндай сапарымыздың әрбір сәті оңайға соқпайды. Кез келген сәтте қазаға ұшырауымыз мүмкін екендігін жақсы білеміз. Біз неге осындай жағдайға түсіп отырмыз? Өйткені, өз өмірімізді тәуекелге сала отырып, Еуропаға жетуіміз қажет. Сонда ғана біздің азапты өмірімізде өзгеріс бас­тала ма деген үміттеміз», дейді қашқындардың бірі. Өңірге шеттен қашып келушілердің көбеюіне байланысты Еуропалық одақтағылар жасырын миграциямен күрестің австралиялық тәжірибесін зерттеуді жөн көріп отырған секілді. Мұны премьер Тони Эббот куәландырған. Бұл жерде әңгіме Австралия үкімет органдарының жасырын мигранттарды, кемелер мен қайықтарды қолға түсіріп, оларды осы елдің аумағындағы сулардан шетке шығарып жіберу операцияларын жүргізу тәсілдері туралы болып отыр. Алайда, құқық қорғаушылар австралиялық билік органдары барынша сәтті жүргізіп жатыр деп есептелген мұндай операцияларды адамгершілікке, гуманизмге барынша қайшы деп есептейді.