АТАҒЫН ИЕЛЕНГЕН ТАЛҒАРЛЫҚ АҚ ХАЛАТТЫ АБЗАЛ ЖАНҒА ЕКІ БӨЛМЕЛІ ПӘТЕР КІЛТІ ТАПСЫРЫЛДЫ
“Саламатты Қазақстан” 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын көпшілік талқылауына ұсынылуы тегін емес. Өңірде осыған орай алға қойған міндеттер ауқымды және оны іске асыруға мүмкіндік пен әлеует жеткілікті деуге болады. Осылайша халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің әлемдік стандарттарға сай және қолжетімділігін қамтамасыз ету жайына назар аударылуда.
Соңғы екі жылда екі облыстық ауруханада санитарлық авиация бөлімдері, Талдықорғанда әйелдер консультациясы, балалар емханасы мен кардиохирургия бөлімдері ашылып, көпшілік талабы оң шешілгенін айтуға болады. Сондай-ақ, “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы бойынша өңірдегі алты мекеменің құрылысы жүргізілсе, оның төртеуі биыл пайдалануға берілмек. Олардың қатарында Талғар, Еңбекшіқазақ орталық аудандық ауруханалары, Өтеген батыр кентіндегі аймақтық балалар ауруханасы, Алакөл ауданы Достық кентіндегі ауылдық аурухана халық игілігіне қызмет етеді. Сондай-ақ “Жол картасы” бағдарламасымен 43 емдеу мекемесіне 1,3 млрд. теңгеге күрделі жөндеу қолға алынып, құрылыс жұмыстарына 1633 адам тартылып, бөлінген қаржының дені игеріліпті.
Ана мен бала денсаулығын қорғау жолында да кешенді шаралар қолға алынып, жаңа туған нәрестелердің өмірін сақтау мақсатында облыс бюджетінен бөлінген қаржыға аса қажетті 30 СИПАП, 73 кювез, 30 өкпеге жасанды дем беретін аппарат пен медициналық құрал-жабдықтар алынған. Дәрігерлердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мақсатындағы жұмыстардың тиянағын келтіруге де бар мүмкіндік жұмылдырылған. Нәтижесінде ауылдық жерде еңбек ететін медицина қызметкерлеріне жергілікті бюджеттен коммуналдық қызмет шығындарын өтеуге 25 пайыздық өтемақы төленсе, соңғы екі жылда ғана емдеу мекемелеріне қосымша бес мыңға жуық штат бірлігі алынғаны да қуанышты.
Саланы білікті мамамандармен толықтырудың бір жолы жас кадрларды тарту және оларды тұрғын үй, жер телімдерімен қамтамасыз ету мәселесі де жолға қойылған. Қазіргі кезде облыс әкімінің арнайы грантымен 68 студент жоғары оқу орындарында дәрігерлік мамандыққа оқытылса, жұмысқа келген 52 жас дәрігерге пәтер беріліп, жұмыс істеуіне жағдай жасалған.
Облыс әкімінің тікелей қолдауымен биыл халықтың денсаулығын күзетуде мейірім шуағы, аялы алақанымен қызмет атқарған дәрігерлер арасында облыстық байқау жарияланып, түпкі мақсат жолындағы жұмыс сараланған еді. Медицина қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында оның қорытындысы шығарылды. Жүздеген әріптестерінің арасынан талғарлық терапевт-дәрігер Бекзат Алпамышова “Облыстағы ең үздік дәрігер” атағына ие болып, оған облыс әкімі Серік Үмбетов Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін салтанатты жағдайда тапсырды. Бұдан кейінгі орынға Талдықорған қалалық емханасының дәрігері Ғалия Қожахметова ие болып, мерейленді. Өзге де өз ісінің майталмандары марапатталып, еңбектерінің өтеуін көрді.
Байқау дәрігерлердің кәсіби біліктілігін, қабілетін, емделушілерге қызмет көрсетудегі ұмтылысы мен еңбегіне жол ашатынын тағы бір байқатты.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.