Тарих тұңғиығынан шыңдалып, сұрыпталып шыққан ұлтымыздың тілі, ділі, рухы, намысы, болмысы, білімі, мәдениеті, шаруашылығы, салт-дәстүрі, өнері, тұрмысы және басқа да көптеген ерекшеліктері біздің халықтың ұлы өркениетінің негіздері және ел байлығының таусылмас қайнар көзі болып есептеледі. Сондықтан бабаларымыз айтқан ғой «Ел іші – алтын қазына», деп. Мен сол қазынаның ішіндегі ең асыл, ең қымбат, ең керемет дүние жасампаздық қасиетке ие халықтық үлгі деп есептеймін. Сол үлгі ұлт байлығын өркендететін.
Ел ықыласымен бүкіләлемдік қымызмұрындық мерекесін өткізсе ғой деген арман әр қазақстандық жылқы өсірушінің әрқашанда ойында жүргені хақ. Мен осындай жаһандық идеяның біздің жерімізде пайда болуының тарихи мәні бар деп ойлаймын. Себебі, әлемнің көптеген ғалымдары, жабайы жылқыны қолға үйрету алғаш рет қазақ даласында болғанын растады. Бабаларымыз жылқының адамзатқа мінсе көлік, ал жылқы шаруашылығының өнімдері кисе киім, жесе тағам, ішсе сусын бола алатынын көріп, сезіп білгендіктен, қолға үйретіп күнделікті өмірде пайдаланған.
Қазақтың ұлттық үлгісімен дайындалған қымыз біздің халықтың ұлттық құндылығы болып есептеледі. Ол адамзат ағзасына және денсаулығына өте пайдалы, көптеген аурулар мен сырқаттарға ем және экологиялық таза табиғи сусын. Қазіргі кезде Қазақстанда қымыз өндірісі қарқынды дамып келеді. Ел қымызды тек емдік сусын ретінде ғана емес, күнделікті қолданылатын тағам ретінде де пайдалана бастады. Республиканың барлық облыстарында қымыз өндіріледі. Оны өнеркәсіптік негізде дайындау жаңадан дамып келе жатқан инновациялық бағыт болғандықтан, еліміздің денсаулық сақтау жүйесі және экономиканың басқа да салалары үшін үлкен маңызға ие бола бастады.
Әлмисақтан Қазақстанның әр аймақтағы қымыз өндірушілері жылына бір рет, қазіргіше мамырдың аяғы мен маусымның ортасы аралығында, ал бұрын мамырдың соңында, аймақтық мереке ретінде өткізіп тұрған. Осы ұлттық дәстүрімізді тамашалаушылардың ауқымын кеңейтіп, һәм салттарымыздың дәрежесін көтеріп халықаралық деңгейге шығару мақсатында «Заң» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымы азаматтық қоғам институты ретінде халықтық бастама түрінде бүкіләлемдік қымызмұрындық мерекесін ұйымдастыруды биыл алғаш қолға алып отыр. Бұл мәдени шара халықаралық шай немесе бал фестивальдары сияқты болады, яғни қазақтың ұлттық табиғи сусыны қымызды жарнамалайтын әлемдік жәрмеңке және көрме түрінде өткізуді жоспарлап отырмыз.
Бүкіләлемдік қымызмұрындық әр жыл сайын мамыр айының соңғы сенбісінде Тараз қаласында болады. Бұл мерекеге әлем бойынша ықыластылар мен ынталылар шақырылады. Игілікті шара Әулиеатаның шетіндегі көне және қазіргі заманауи өркениеттер мен табиғат белдеулерінің қиылысқан жерінде мерекеленеді. Қымызмұрындық өтетін жердің бір жағында тарихы терең Тараз шаһары орналасқан, оңтүстігінде әсем Алатау асқақтап тұр. Солтүстігінен қазақтың сайын даласы басталып, бір жағынан Талас өзені ағып жатыр. Қымызмұрындық бүкіл әлемнен туристерді көптеп тартуға үлкен септігін тигізеді, яғни республиканың экономикалық-әлеуметтік жағдайын дамытуға оң ықпал етеді. Біз осы мереке туралы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде хабарландыру дайындадық. Сыртқы істер министрлігінің, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылымдары және басқа да мүдделі ұйымдар шетелдерде осы құлақтандыруды таратуға көмегін тигізіп жатыр. Биылғы және 2016 жылдары өтетін бүкіләлемдік қымызмұрындық мерекелерін ЭКСПО-2017 көрмесіне келіп, сонымен қатар, біздің аймақты да тамашалауға ықылас білдіруі мүмкін туристердің үлкен легін қабылдауға дайындық деп санауға болады.
Биылғы «Заң» ЖШС ұжымы әрқашан еліміздің халықаралық беделін арттыратын іс-шараларға қатысып отырады. Біз өз ізденісімізбен, көрсеткіштерімізбен биенің сүтінен дайындалған, ешқандай қоспасыз қазақтың ұлттық тәсілімен дайындалып, 60 күнге дейін бұзылмай сақталатын, табиғи тағамды өнеркәсіптік негізде өндіруге стандарт, техникалық шарттар, технологиялық нұсқаулық жасадық. Сондай-ақ, Қазақстанда алғаш рет қымызды дайындау тәсіліне авторлық құқық, инновациялық патент және қымыздың қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі туралы сертификат алдық. Біз өз өнімімізге «Хан қымыз» деген атау бердік. Азық-түлік және тамақ өнімдерінің технологиясы, тамақ гигиенасы, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама, стандарттау салаларының ғылыми қызметкерлерінің бірлескен зерттеулерімен «Хан қымыз» өнімінің биохимиялық құрамы, дәмдік сапасы, өзге де пайдалы қасиеттері басқа өндірушілердің қымыздарына қарағанда анағұрлым ұзақ сақталады. Яғни 2 айға дейін сапасын жоғалтпайтыны дәлелденді. Бұл осы қымызды арнаулы ыдыстарға құйып, еліміздің басқа аймақтарына, тіпті шетелдерге тасымалдауға мүмкіндік береді. Айтылған нәтижелер Болгариядағы (2012 жылғы) және Польшадағы (2013 жылғы) халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда талқыланып, нәтижесі жарияланып, сынақтан өтті. Қазіргі кезде қымыздың емдік және тағамдық ерекшеліктері жаһандық танымға ие бола бастады, оны дайындау және тұтыну Қытайда, Моңғолияда, Қырғызстанда, Түркияда, Францияда, Германияда, Араб Әмірліктерінде, Башқұртстанда, Татарстанда, Саха Республикасында және әлемнің басқа да аймақтарында жолға қойылған. Естіп-білуімше ол қымыздар сапа жағынан қазақ қымызына жетпейтін көрінеді.
«Заң» ЖШС қызметкерлері қымызды дайындаудың өнеркәсіптік негізде өндірудің және оны жаппай тұтынудың өзекті мәселелеріне қатысты талқылауды облыстың барлық мүдделі азаматтарының қатысуымен 2013 жылдың 15 маусымы күні «Қымыз» форумы деген атпен өткізген болатын. Кейін ол республикалық «Қымыз» форумына ұласып, оған Ресей, Түркия, Қырғызстан өкілдері белсенді түрде атсалысты. Форумға қатысушылар оған халықаралық және көшпелі мәртебе беру туралы шешім қабылдады. Бұл форумдарды өткізуге Жамбыл облысының, Тараз қаласының және облыс аудандарының әкімдіктері, «Жылқы шаруашылығының ғылыми-консалтингтік орталығы» ЖШС, оңтүстік аймақтағы жоғары оқу орындарының ректорларының кеңесі, «Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, әсіресе, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті басшылығы белсенді түрде көмек көрсеткендігін айта кетуіміз керек. Екінші форум 2014 жылы Алматы қаласында, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті базасында өтіп, ең үлкен нәтиже білім ордасы жанынан халықаралық «Қымыз» орталығын құрғанымыз болды. Үшінші форум Астана қаласында өткізіледі деп жоспарлануда.
«Заң» компаниясына келетін болсақ, бұл фирма құрылған күннен бастап отандық өндірісті дамытуға белсенді түрде атсалысып жүр. Серіктестік алғашқы кезден-ақ ата-бабадан қалған кәсіптерді жандандыруға кірісті. Атап айтқанда, жылқы шаруашылығы мен қымыз өндіруді қолға алды. «Заң» ЖШС биенің сүтін өндіру мен өңдеудің толық технологиялық тұрғыда жолға қойған ғылыми-өндірістік кәсіпорын болып табылады. Компанияның ғылыммен айналысатын әлеуеті, қымызды ұлттық негізде дайындайтын цехы, жылқы фермасы, жемшөп базасы және сауда нүктелері бар. Біздің ғалымдар қазақ жылқысының жаңа сүтті тұқымын қалыптастыру мақсатында селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жүргізуде. Олар М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Нано инженерлік зерттеулер әдістері» лабораториясымен бірлесе отырып табиғи бие сүтінен құрғақ бие сүтін жасау бойынша, сондай-ақ, осы өнімдерден балалар тағамдары және басқа да тамақ түрлерін, косметология және фармакология өнімдерін дайындау бойынша зерттеулер жасауда. «Заң» ЖШС базасында жылқылардың сүтті, етті және спорттық тұқым түрлерінің «Абсент» атты облыстық палатасы, сондай-ақ, Жамбыл облысы қымыз өндірушілерінің қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді. Біз болашақта биенің табиғи сүтінен қазақтың ұлттық негіз бойынша жыл он екі ай, яғни қазіргідей тек жаз айларында ғана емес, тәулігіне 1000 литрден 3000 литрге дейін экологиялық таза қымыз өндіретін зауыт салуды жоспарлап отырмыз. Жамбыл облысының әкімдігі тарапынан 646 гектар жайылымдық алқап және зауыт құрылысы үшін жер аумағы бөлініп, зауыттың архитектуралық жоба-жоспарына тапсырыс берілді. Егер ол зауыт іске қосылса, 150-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.
Сөз түйінде тіл мамандарына бір ұсыныс айтқым келеді. Қазақтың «қымыз» деген сөзі орысшаға «кумыс» деп аударылған. Солай жазылып та жүр. Басқа тілдерге де орыс тіліндегі қайталанады. Сондықтан, компьютерлі графиканың мүмкіндігін пайдаланып «қымыз» сөзін қазақ әріптерімен жазуды қалыптастырсақ, ұлттық үлгі әлемдік өркениетке кіріге берер еді.
Дүйсенбек ЫБЫНАЛИЕВ, Ауыл шаруашылығы министрлігі
Ғылыми-техникалық кеңесінің мүшесі, әділет полковнигі,
«Заң» ЖШС директоры.