АСТАНА. 25 маусым. Кеше футболдан Қазақстан премьер-лигасының 17-тур ойындары ойналды. Нәтижесінде турнир кестесінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Жалпы, тур барысында ойналған барлық матч аса тартысты өтті. Орталық кездесу саналған Шымкенттегі жергілікті «Ордабасы» мен «Астана» арасындағы ойында қонақтардың мерейі үстем болды. Бұл кездесуден жанкүйерлер қос мықтының кескілескен шайқасын күткен болатын. Алғашқы таймда сондай ойынның куәсі болғанымыз да жасырын емес. Алайда, матчтың екінші бөлігінде Виктор Кумыковтан тәлім алатын шымкенттіктер бар білгенінен жаңылды. Соның нәтижесінде «Астана» футболшылары ойынды толығымен өз бақылауларына алды. Бірнеше жүйелі шабуыл ұйымдастырған қонақтар 52-минутта есеп ашты. Мергендігімен көзге түскен Патрик Твумаси арада 20 минут уақыт өткенде командасының екінші голын соқты. Осылайша «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жетті. Ал «Ордабасы» екінші тур қатарынан жеңіліс тапты.
Жанкүйерлердің назарын аударған тағы бір ойын Ақтөбеде өтті. Ежелгі қарсыластар саналатын «Ақтөбе» мен «Тобыл» арасындағы матчта алаң иелері 2:1 есебімен басым түсті. Дегенмен, кездесудің 77-минутына дейін қонақтардың 1:0 есебімен алда тұрғанын айта кеткен жөн. Ойынның 6-минутында-ақ «Тобыл» футболшысы Юрин есеп ашқан болатын. Ақтөбеліктер бұл голға 77-минутта ғана жауап бере алды. Таразы басын теңестірген Пиззели. Ал арада 2 минут өтер-өтпесте Неко «Ақтөбенің» екінші голын соқты. Ойын соңына дейін бұл есеп өзгерген жоқ.
Ал чемпиондықтан басты үміттілердің бірі Алматының «Қайраты» бұл турда ұпай жоғалтты. Павлодарда «Ертіспен» тең ойнаған алматылықтар турнир кестесінде бір саты төмен сырғып, 3-орынға жайғасты.
Сонымен қатар, 17-турда турнир кестесінің соңында келе жатқан командалардың да жеңіс тойын тойлағанын ерекше айтып өткен жөн. 11-сатыдағы «Жетісу» сырт алаңда «Атыраудан» басым түссе (2:1), соңғы орындағы «Шахтер» Қарағандыда «Оқжетпесті» ірі есеппен жеңді (3:0). Осылайша, «кеншілер» маусымдағы үшінші жеңісіне қол жеткізді. Ал көкшетаулықтар үшін бұл қатарынан үшінші жеңіліс.
«Ордабасы» (Шымкент) – «Астана» (Астана) 0:2 (0:0)
Голдар: Твумаси 52, 72.
«Шахтер» (Қарағанды) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 3:0 (2:0)
Голдар: Топчагич 3, Павлов 19 автогол, Ветров 83.
«Тараз» (Тараз) – «Қайсар» (Қызылорда) 3:0 (2:0)
Голдар: Пищур 3, Жұмаханов 31, Голич 71.
«Ертіс» (Павлодар) – «Қайрат» (Алматы) 1:1 (0:0)
Голдар: Дудченко 61 – Гоу 79.
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Тобыл» (Қостанай) 2:1 (0:1)
Голдар: Пиззели 77, Неко 79 – Юрин 6.
«Атырау» (Атырау) – «Жетісу» (Талдықорған) 1:2 (1:1)
Голдар: Григорьев 31 – Савич 27, 71.
25 маусымға дейінгі нәтижелер бойынша турнир кестесі
Үздік мергендер:
- Жерар Гоу («Қайрат») – 18 гол;
- Душан Савич («Жетісу») – 7 гол;
- Лука Роткович («Оқжетпес»), Константин Дудченко («Ертіс»), Патрик Твумаси («Астана») – 6 гол.
18-тур ойындары 27-28 маусымда ойналады. Аталған турдағы қарсыластар төмендегідей:
«Қайсар» – «Ордабасы»
«Жетісу» – «Ақтөбе»
«Қайрат» – «Астана»
«Тобыл» – «Тараз»
«Оқжетпес» – «Атырау»
«Ертіс» – «Шахтер»
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: vk.com.