Сурет: baq.kz
Ең алдымен назар аударар жайт – Конституция жобасының преамбуласында «Ұлы даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтай отырып» деген тұжырымның бекітілуі. Бұл – мемлекетіміздің тарихы тереңде жатқан өркениеттік субъект ретінде тануының айқын көрінісі.
Аталған тұжырым еліміздің тарихында алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілгелі отыр. Бұған дейін қазақ халқының тарихи сабақтастығына қатысты ел ішінде де, халықаралық ортада да әртүрлі, кейде бір-біріне қайшы көзқарас айтылғаны белгілі. Біреулер тарихты XV ғасырдан бастау қажет десе, енді біреулер одан бұрынғы кезеңді назардан тыс қалдырды. Ал жаңа Конституция жобасы қазақ халқының тарихын мыңжылдықтармен жалғасқан тұтас үдеріс ретінде айқындайды. Бұл – тарихи сананы қалпына келтіруге бағытталған түбегейлі жаңа ұстаным.
Конституция жобасының мәтініндегі тағы бір маңызды жаңалық – егемендік пен тәуелсіздік ұғымдарының қатар әрі нақты бекітілуі (2-баптың 6-тармағы). Бұған дейін де айтылып жүрген бұл мәселенің Конституция мәтінінде нақты көрініс табуы – мемлекеттілігіміздің құқықтық негізінің тереңдей түскенін көрсетеді.
Жаңа Конституция жобасында адам капиталына басымдық беру айқын байқалады. Білім, ғылым, инновация және зияткерлік әлеует мемлекеттің болашағын айқындайтын негізгі факторлар ретінде белгіленген. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы жылдары адам интеллектісін, соның ішінде цифрлық даму мен жасанды интеллектіні ел дамуының негізгі тірегі ету қажеттігін үнемі айтып келеді. Ата заң жобасында осы стратегиялық бағыттың берік құқықтық іргетасы қаланып отыр.
Конституция жобасында ұлттық заңнама мен халықаралық шарттардың арақатынасы нақты айқындалған. Ата заң ең жоғары заңды күшке ие болып қала береді, ал халықаралық шарттар ұлттық заңдар арқылы іске асырылады. Бұл – халықаралық құқықтан бас тарту емес, керісінше оны егемен құқықтық кеңістікте жүйелі әрі жауапты түрде қолдану деген сөз.
Бұрын халықаралық шарттар ұлттық заңдардан автоматты түрде жоғары тұратын. Бұл белгілі бір кезеңде қажет болғанымен, кей жағдайда ұлттық құқықтық жүйеде түсінбеушілік туғызды. Конституция жобасында бұл мәселе нақтыланып, құқықтық тұрғыдан реттелді. Енді халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының заңдары арқылы іске асырылады, яғни, олардың қолданылу тәртібі ұлттық заңнамада айқындалады. Бұл – егемен құқықтық жүйе үшін өте дұрыс әрі салмақты ұстаным. Осылайша, Республикамыз халықаралық шарттарды мойындай отырып, өз егемен құқықтық кеңістігін сақтап қалады. Бұл – тәуелсіз мемлекет үшін аса маңызды әрі орынды ұстаным.
Тағы бір тоқталатын аса маңызды бағыт, көптен бері түрлі пікірталас тудырып келген қос немесе көп азаматтық мәселесі де жаңа Конституция жобасында біржола нақты шешімін тапты. Бұл – қос немесе көп азаматтыққа қатысты норма. Қазіргі Конституцияда: «Республика азаматтарының басқа мемлекеттің азаматтығында болуы танылмайды» деген норма бар. Осы тұжырым ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметшілер, заңгерлер арасында да даулы мәселе болып келді.
Ал жаңа Конституцияның жобасында бұл екіұштылық толығымен алып тасталып: «Қазақстан Республикасының азаматында қос немесе көп азаматтығы болуына жол берілмейді. Өзге ел азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болады», делініп, (12-баптың 3-тармағы) қос немесе көп азаматтыққа тікелей әрі нақты тыйым салынды. Бұл – құқық қолдану тәжірибесі үшін де, кадр саясаты үшін де аса маңызды, нақты әрі мықты шешім деп толық айтуға болады.
Жаңа Конституция жобасында заң шығару бастамасын көтеру құқығы кеңейтіліп отыр. Атап айтсақ, заң шығаруға бастама жасау құқығы Президент, Құрылтай депутаттары, Үкіметпен қатар, Халық кеңесі ие болып отыр. Бұл дегеніміз азаматтар Халық кеңесі арқылы өздерінің көкейінде жүрген, қажетті мәселелер бойынша заң жобасын ұсынуға мүмкіндік алып, олар жалпы заң қабылдау ісіне тікелей араласып, қоғамның дауысы заң шығару деңгейіне тікелей көтеріледі деген сөз. Меніңше, бұл – қоғам мен Құрылтай арасындағы көпірді нығайтатын, халықтың дауысы нақты шешімге айналатын өте орынды әрі уақыт талабына сай өзгеріс.
Конституцияға өзгерістер енгізу бастамасы көтерілген сәттен бастап, кейбір пікір иелері бұл реформалар Мемлекет басшысының сайлану мерзімі мен құзыретіне қатысты болуы мүмкін деген болжам айтып жүрді. Алайда ұсынылып отырған Конституция жобасын талдау бұл пікірлердің негізсіз екенін көрсетеді. Президентке қатысты бөлімде Ата заңның мазмұны түбегейлі өзгеріске ұшырамай, тек редакциялық тұрғыдан нақтылау мен жүйелеу көзделген. Яғни бұл түзетулер билік өкілеттігін кеңейтуге емес, қолданыстағы нормаларды айқындап, құқықтық тұрғыдан жетілдіруге бағытталған.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция жобасы адам құқығын басты орынға қоя отырып, біртұтас Қазақстан халқын әділеттік пен заңдылық қағидаттары негізінде топтастырып, еліміздің әлемдегі алдыңғы қатарлы мемлекеттермен терезесі тең болуына бағытталған Ата заң екенін айқындайды.
Жалпыұлттық референдумға дейін жаңа Конституция жобасының ел ішінде жан-жақты талқыланып, оған қоғам тарапынан ұсыныстар мен ой-пікірлердің енгізілуі заңды әрі орынды. Осы маңызды құжатқа қатысты өз көзқарасым мен пайымымды азаматтық жауапкершілік тұрғысынан білдіруді жөн санаймын.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
мемлекеттік қызмет саласының ардагері