Қаратауды зерттеген мамандар оны адамзаттың тас бесігіне балап жүр. Тарихы мыңжылдықтарға кететін табиғи мұра саналатын Қаратау – әсем табиғатынан бөлек, баурайында талай археологиялық мұраны топтастырған мекен. Мұнда есте жоқ ескі заманда адам баласы мекен еткен үңгірлер, тасқа қашалған ежелгі заман естеліктері көп.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, өңірде 11 компания бір жылда шамамен 1,114 млн тоннадай қиыршық тас өндіріп отыр. Компаниялар рұқсатты осы басқармадан алғанымен, өндірістегі қоршаған ортаға қатысты мәселелерді жергілікті экология департаменттері қадағалайды.
Білетіндер Қаратау тасының беріктігін баса айтады. Жолға төсеуден бөлек, тұрғын үй құрылысына, химиялық қосынды жасауға да пайдаланылып жатқаны да осыдан деседі. Сондықтан түрлі фракциялы қиыршық тасқа да, жуылған құмға да облыс аумағынан бөлек, басқа өңірлерден де қызығатындар көп. Тау тасы жол құрылысына қажет болса, жуылған жоғары сортты құм сапалы бетон жасауға таптырмайтын шикізат. Әрі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің бойында жатқан Қаратаудан өнімді тасымалдау да ыңғайлы.
Осылайша, Қаратау өңірдегі өндірістің дамуына айрықша үлес қосып отыр. Бірақ бұл қисапсыз қазына емес. Олай дейтініміз, аудан тұрғындары арасында тау тасын есепсіз пайдаланудың соңы орны толмас өкінішке соқтыратынын көтеріп жүргендер бар. Оның алғашқысын жергілікті белсенді Әлімжан Ержановтың әлеуметтік желідегі парақшасынан байқағанбыз. Онда ол Қаратаудағы ең биік төбе – Өгіз мүйіздің жылдан-жылға көркі кетіп бара жатқанын жазыпты. Жалпы Өгіз мүйіз туралы алғашқы деректі орыстың жиһанкез зерттеушісі Н.Северцев 1858 жылы хатқа түсірген. Демалысқа шыққан жұрт бір соқпай кетпейтін табиғаты әсем сол Өгіз мүйіздің қазір ажары тайып барады.
Осыған байланысты біз қиыршық тас өндірісі барысында экологиялық талаптардың сақталуы, оны бұзғандарға қолданылатын шаралар туралы жергілікті экология департаментіне сауал жолдағанбыз. Департаменттен Экология кодексіне сәйкес бұл саладағы кәсіпорындардың белгіленген талаптарды орындауы бақылауда екені жазылған жауап алдық.
Дегенмен Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 5-тармағына сәйкес адамның өмірі мен денсаулығына зиян келтіруге алып келетін заң бұзушылықтардың нақты фактілері жөніндегі мемлекеттік органдардың жолданымдары жоспардан тыс тексеру жүргізуге негіз болады. Осындай тексерістер барысында әкімшілік айыппұл салу, бұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама беру секілді шаралар қолданылады. Бұзушылық қайталанған немесе өрескел жағдайлар анықталған кезде кәсіпорындардың жұмысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылданады.
Ал зауыт жұмысына шағым айтқандар туралы ақпарат, өтініш мазмұндары Кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкес құпия болып саналады әрі жарияланбайды. Департамент мамандары әрбір өтініш бойынша тиісті тексеру жүргізілетінін, заң аясында шара қолданылатынын айтады.
Туған жер табиғатына енжар қарамайтын тағы бір белсенді, заңгер Әбдімәулен Сабырхановтың айтуынша, «Жаңақорған тас ұнтақтау» зауыты 1979 жылдары ашылыпты. Қазір сұранысқа қарай тас ұнтақтайтын, әк шығаратын өндіріс орындары көбейе түскен. Заң бойынша жер қойнауын пайдаланушылар сол аумақты қалыпқа келтіріп қоюға тиіс.
«Бірақ өкінішке қарай, олай болмай тұр. Өндірістегілер осы күні таудың көзге көрінбейтін тұстарын қойып, қасбетін де қопаруға көшкен. Осының салдарынан қазір Өгіз мүйіздің бұрынғы келбеті жоқ. Бетпақтан соққан желден пана болып тұратын тауды жарып жол салғалы бері табиғатта тосын бір өзгерістер басталғанын байқап жүрміз. Негізінен технология дамыған қазіргідей заманда жолды жөндегенде қырып алынған асфальтты қайта кәдеге жаратудың амалын табуға болады ғой. Мына қалпымызбен оншақты жылда доломит тасына қызығып, Өгіз мүйіздің орнын сипап қалуымыз да ғажап емес», дейді ол.
Жақында әлеуметтік желілер Көлік министрлігінің ауылдар арасындағы жолдарға асфальт төсемей, оның орнына сапалы қиыршық тас төселген жол салуды көздеп отырғаны жөнінде мәлімет таратты. Жергілікті атқарушы органдардың қиыршық тастан 6-10 есеге қымбатқа түсетін асфальтты күтіп-баптауға жұмсалатын қаржы табуы да қиындау. Елімізде ауылдардан шағын елді мекендерге баратын және шағын ауылдардың арасын жалғайтын жолдардың жалпы ұзындығы шамамен
35 мың шақырымды құрайды екен.
«Өз басым мұны дұрыс бастама деп есептеймін. Қымбат жолға қаржы жетпесе, мәселені шешудің жолы осы. Бүгінде кәсіп иелері асфальтқа араластыратын доломитке қызығып, Қаратауды жан-жақтан қашап жатыр. Одан бөлек 2-3 жерде ашық қиыршықтас көзі бар. Оның да қоры жетерлік. Маған Көлік министрлігінің бұл бастамасы тауды сақтап қалудың бірден-бір жолы секілді көрініп, көкірегіме үміт ұялатып тұр», дейді қоғам белсендісі.
«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарасты уран компанияларынан бөлек, табиғат байлығын ел игілігіне айналдырудың жолын тапқандар көп. Өңірдегі өндірісті аудандардың бірі – Жаңақорған. Осында өндірілетін әкке деген сұраныс жыл ішінде 10 есеге жуық өсіп отыр. Бірақ қойнауы құтты Қаратаудың бұл қазынасының қисапсыз емес екенін ұмытпаған жөн.
Қызылорда