13 Мамыр, 2015

Ынта зор

374 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Биылғы көктемдегі Қарағанды аймағында бұрын-соңды болып көрмеген су тасқынының зардабы 35 елді мекенді қиындыққа ұшыратса, соның ішінде әсіресе, Бұқар жырау ауданындағы Ғабиден Мұстафин атындағы 2 мыңға тарта отбасы бар кент тұрғындарына да ауыр тиді. 12 сәуірде тосыннан лап қойған сел көшелер мен аулаларды көлкіген суға толтырған болатын. Бірқатар үйлерді ағын шайып әкетті. Дереу құтқару шараларын қолдану арқасында адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп, аман қалды. Олар жақын маңдағы Теміртау мен Ақтауда босатылған жатақханаларға, туған-туысқандары үйлеріне орналастырылды. Жан-жақтан жедел көмекке келушілер азық-түлікпен, киіммен, төсек орындармен қамтамасыз етіп, қиындықты жеңілдетті. Бұл күнде жер аяғы кеңісімен табиғат апаты салдарын жою жұмыс­тары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Облыспен қатар басқа өңірлерден де мұстафиндіктерге қамқорлық жасаушылар көп. Алдымен қолға алынған шаралардың бірі тасқын екпінінен опырылып, мекен етуге жарамсыз болып қалған үйлер орнына жаңаларын салуға жұмылдырылып отыр. Облыс бойынша анықталған авариялық жағдайдағы үйлердің 359-ының 272-сі осы аталған кент есебіне енуі, ал оның 198-і бұзылуына байланысты істің кешіктірілмеуі тұрғындар тілеуінен шықты. Кентті қалпына келтіру жұмыс­­­тарымен бірге мамырдың алғаш­қы күн­дерінен-ақ жаңа қо­ныс­­тар­дың іргетасы қалана бас­тал­ды. Бұл іс-шараға аймақ басшы­сы Нұр­мұ­хамбет Әбдібеков қатысып, күз­ге дейін бірнеше баспана пай­дала­ну­ға бе­ріле­тіндігі туралы сөзін жер­гі­лікті жұрт ризашылықпен қа­был алды. «Біздің осындай қиын шақ­та мемлекет пен халық тарапы­нан дер кезінде көрсетіліп жатқан көмек-қолдауға алғысымыз шексіз. Жаз қанша айтқанмен жайлы маусым ғой. Ең бастысы елдің көңіл-пейілі уақытша қиналысымызды жеңілдетері сөзсіз. Бүгінде бірлесе қимылдаушы құры­лыс ұйымдарының тәулік бойғы еңбегінің шарапаты тез тиеріне сенеміз, – дейді болашақ қоныстарының қабырғасы көтерілуіне қуанышты Нұрлан Жабаев пен Юлия Малышева отбасылары. Олар ғана емес, басқалардың да ал­дағы қыркүйек айында жаңа үйлерге қоныс аударуға мүмкіндіктері бар. Алдын ала есептеулер бойынша кентте тұрғын үй құрылысын салу үшін ғана 3,5 млрд. теңге қаржы қажет. Бұл мәселенің шешімі табылып келеді. Осында құрылыс жұмыстарын жүргізуші мердігер ұйымдардың бірі – «Жолқұрылысы» ЖШС прорабы Владимир Ведницкийдің айтуынша, міндетті атқаруға күш те, техника да жеткілікті. Құрылысшылардың көмекке деген ынтасы зор. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы.