26 Маусым, 2015

Басты бағдар – сыртқы нарық

378 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ВТО-2Былтыр “Самұрық-Қазына-Инвест”, “ҚАЗИН­ТЕР­ТЕХСЕРВИС” ЖШС-лерінің және Финляндияның “Sampo Rosenlew Ltd”, Польшаның “Pronar SP.z.o.o.” компанияларының өкілдері Қызылжар өңіріне келіп, ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техникалар шығаруға арналған бірлескен кәсіпорын құруға ниет білдірген болатын. Олардың ұсынысы аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың тарапынан қолдау тауып, іле-шала бой көтерген “ҚазТехМаш” машина құрылысы зауыты» ЖШС бұрынғы шағын литражды қозғалтқыштар кәсіпорны ғимаратында өндіріс орнын жасақтауға кірісті. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығының Индустрияландыру картасына енгізілген серпінді жобаны жүзеге асыруға 1,9 миллиард теңге инвестиция тартылды. Қысқа мерзімнің ішінде жалпы аумағы 7 мың шаршы метр болатын құрастыру цехы дайын етілді. Заманауи қажетті қондырғылар шетелдерден жеткізілді. Комбайн құрастыруға тікелей қатысатын мамандар Финляндияның “Sampo Rosenlew Ltd”, Польшаның “Pronar SP.z.o.o.” компанияларында озық технология бойынша оқып, кәсіби білімдерін жетілдірді. ВТО-001 Инновациялық жобаның бірінші кезеңінде дайын бөл­шектерден комбайндар құрастыра отырып, отандық мазмұнға біртіндеп көшу, толық қуатында жұмыс істеген кезде жылына 400 комбайн, 500 трактор, 1200 коммуналдық техника шығару, 168 жаңа жұмыс орнын ашу белгіленді. Кредиттің сыйақы ставкасы “Бизнестің жол картасы-2020” мемлекеттік бағдар­ламасы аясында демеу арқылы қаржыландырылды. ...Міне, көптен күткен жағым­ды хабар ауыл еңбеккерлерін елең еткізді. Біріккен кәсіпорын «Қазақстанда жасалған» деген белгімен құрастырып шығарған «Pronar Asia» маркалы ауыл шаруашылығы техникаларының алғашқы легі Қызылжар ауда­нының шабындықтарында сынақтан мүдірмей өтті. Та­ныстыру рәсімінде жиналғандар назарына жемшөп дайындайтын техникалардың үш түрі ұсынылып, техникалық және өндірістік мінездемелері жайлы «Қазтехмаш» машина құрылысы зауыты» серіктестігінің коммер­циялық директоры Қанат Сү­лейменов баяндап берді. Ол өз сө­зінде Елбасы Қазақстан халқына Үндеуінде алдымызға ДСҰ бе­­­ретін артықшылықтарды тиімді пайдалана білу міндетін қойғанын жеткізе келіп, халық­аралық ұйым ережелері мен қағидаттарына сай талаптар жан-жақты қамтылға­­­нын мәлімдеді. Бұл ойын нақты мысалдармен дәйектеді. Атап айтқанда, өнім­дердің сапалылығы мен қол­жетімділігі бірінші кезекте еске­рілген. Шөп шабатын шалғы – 2,5 миллион, екі ротор­лы жи­нағыш – 4,2 миллион, нығыз­дауыш 4 миллион теңге тұрады. Солтүстікқазақстандық аграршыларды бағаның төмендігі қанағаттандырса, сервистік қыз­мет аясында қажетті бөлшек­тер­мен қамтамасыз ету жүйесі де қызық­тырды. Сол себепті болар, «Петер­фельд-Агро» ЖШС өзге­лерден бұрын қолқа салып, екі техниканы сатып алуға бірден уағдаласты. – Біздің шаруашылық мал өсірумен айналысады. Бағымдағы асыл тұқымды ірі қара малдарына жемшөп қорын жасақтауда техникалардың шетелдегіден бір мысқал да кем еместігін аңғарып, әрі қарай тұрақты байланыс орнататын болып отырмыз, – деді тілдескенімізде шаруа­шылықтың басқарушы директоры Нұрлан Әбділов. Шөп шабатын техникалардың бір артықшылығы, коммуналдық қызмет жүйесінде де пайдалануға болады екен. Облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко озық техникаларды тамашалаушыларды еліміздің ДСҰ-ға кіру жеңісімен құттықтап, машина жасаушылар бүгінгі тырнақалды өнімдерін әлемдік сауда заңдылықтарына сәйкес құрастырғанын, мұның өзі бәсекеге қабілеттілік қарым-қабілеттің арта түсуіне ықпал жасайтынын, сыртқы нарыққа икемделу, бағдарлану жолында өзара әрекеттестік жауапкершілігі нығаятынын атап өтті. Тұсаукесер рәсімде сатылымға жемшөп таратқыш, тіркемелер, комбайндар секілді техника түрлері шығарылатыны айтылды. Жаңа техникаларды субсидиялау жөніндегі өтінім Ауыл шаруашылығы министрлігінде қаралуда. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданы.