Тарих • Бүгін, 08:00

Бакуде ән салған Әміре

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақ әнінің құбылысы болған Әміре Қашаубаев Париж, Майндағы Франкфурт, Мәскеуде ән салғаны белгілі. Сонымен бірге Әміренің Бакуге де табаны тиді. Әнші 1926 жылы Бакуде өткен түркітанушылар съезіне қатысып, өнер көрсетті.

Бакуде ән салған Әміре

Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын «photoirs.musigi-dunya.az» сайтындағы әзербайжанның тілтанушы ғалымы, педагог Фархад Ағазаденің қорынан Баку съезіне қатысу­шылардың бірнеше суретін кезік­тірдік. Кейін ол суреттерді әлеуметтік желілерге салып, сүйінші хабар да жарияладық. Соның бірінде Ахмет Байтұрсынұлының бейнесі көзге оттай басылды.

Нақтырақ айтар болсақ, бірінші қатарда қақ ортада қасқайып Ахмет Байтұр­­сынұлы отыр. Оның оң жағына түркітанушы ғалым Бекир Чобанзаде, сол жағына Біләл Сүлейұлы жайғасқан. Ал екінші қатарда сол жақтан бірінші Әміре Қашаубаевты көруге болады. Шашын тықырлап алып тастаған, соны жасыру үшін басына фуражка киген. Үстіне кигені – қара пальто, мойнына шарф таққан. Әміренің Бакуге барғанын осы суреттің өзі-ақ айғақтап тұр. Әміреден кейін Елдес Омарұлы мен әзербайжан педагогі Фархад Ағазаде тұр. Кейін Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының зерттеушілері ғылыми іссапармен Баку қаласына барып, Салман Мумтаз атындағы Әдебиет және өнер мемлекеттік архивінен осы және басқа да суреттер мен құжаттардың көшірмелерін елге әкелді.

Әнші Әміренің бұрын-соңды беймәлім болып келген суретін музыка зерттеушісі, әміретанушы Жарқын Шәкәрімге көрсеткенімізде: «Тағы да сол мұң, тағы да сол зар Әміре түрінен сырт көзге анық көрініп тұр. 1926 жылы Бакуде өткен Түркітанушылардың құрылтайына Әміре ресми түрде шақырылған», деген еді. Тіпті Жарқын Шәкәрім әншінің Баку сапары жайында жазуға да оқталды. Алайда жазып үлгермеген сыңай­лы. Әміренің съезге шақырту алға­нына қарағанда, жиында ән салған секілді.

Баку сапарына қатысты сұрақты өнер зерттеушісі Рүстем Нүркеновтен сұрағанымызда, ол да бұған қатысты қысқа ғана қайырды. «Әміре 1925 жылы Парижге, 1927 жылы Майндағы Франкфуртқа барды. Соның арасында, яғни 1926 жылы арнайы шақыртумен, Бакуге барған болуы мүмкін. Себебі Парижден келген соң Әміренің танымалдылығы артты. Түркі халықтары ішінде қазақтан әнші Әміре, башқұрттан сыбызғышы Жұмабайдың беделі биік болды. Соған қарағанда Бакудегі съезге екеуін арнайы шақырған болуы мүмкін», деді Рүстем Нүркенов.

Әміренің Бакуге барғаны Жұмат Шаниннің естелігінде айтылады. «1926 жылы Бакуде өткен Түркология съезіне барып, ән салып қайтты» деген бір-ақ сөйлем. Съезге әнші не үшін шақырылды, жиында қандай ән шырқады, ол жағы белгісіз. Түркітанушылар съезінің стенограммасында да бұл жайында бірауыз сөз жоқ. Демек Әміренің осыдан тура 100 жыл бұрынғы Баку сапары әлі де зерттеуді қажет етеді деген сөз.

Соңғы жаңалықтар

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20

«Е-АӨК» платформасы іске қосылады

Шаруашылық • Бүгін, 08:58

Шоттың да сұрауы бар

Экономика • Бүгін, 08:50

Аққу әйгілеген ақиқат

Әдебиет • Бүгін, 08:35