Аймақтар • Бүгін, 09:10

Марат Сұлтанғазиев: Аймақты жан-жақты дамыту – басым бағытымыз

30 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Алматы облысы өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша орнықты өсім көрсетті. Инвестиция тарту қарқыны күшейіп, өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты. Өңірдің негізгі көрсеткіштері мен алдағы басым бағыттары туралы облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ сұхбат барысында жан-жақты әңгімелеп берді.

Марат Сұлтанғазиев: Аймақты жан-жақты дамыту – басым бағытымыз

– Марат Елеусізұлы, Алматы облы­сының бөлінгеніне бірнеше жыл болып қалды. Қазір өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай?

– Алматы облысы Мемлекет басшы­сы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, кейінгі төрт жылда тұрақты эко­но­­микалық өсім деңгейін көрсетіп, дамудың даңғыл жолына шықты. Осы кезеңде өңірлік бюджетке түсетін салықтық түсімдер шамамен екі есе артты, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны үш есеге жуық қысқарды. Бұл жұмыспен қам­тудың кеңейгенін, халық табы­сының өскенін, кәсіпкерлік бел­сен­діліктің күшейгенін көр­сетеді.

Айталық, 2021 жылы облыс жалпы өңірлік өнім ЖӨӨ көлемі жөні­нен рес­публикада 10-орынды ие­ле­ніп, оның көлемі ­3,4 трлн тең­гені құраса, 2024 жылы 5-орын­ға көтеріліп, ЖӨӨ көлемі 6,0 трлн ­тең­геге жетті. Бұл – 1,7 еседен астам өсім. Сонымен қатар өңір эко­номикасы­ның өсуіндегі негізгі фак­торлардың бірі ин­вестицияларды белсенді тарту болды. 2022–2025 жылдар аралығында облысқа шамамен 3,7 трлн теңге инвестиция ­тартылды. Инвестиция көлемі 2,2 есе өсіп, 614 млрд теңгеден 1 355 млрд теңгеге жетті.

Инвестиция көлемінің ұлғаюы облыс бюджетіне де оң әсерін тигізіп, салықтық түсімдер көлемі жөнінен дотациялық өңірлер арасында көшбасшылар қата­рына шығуға мүмкіндік берді. Мәсе­лен, 2021 жылы облыс бюджетіне (Жетісу өңірін есепке алмағанда) 317 млрд тең­ге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш ­628,6 млрд­ теңгеге жетіп, екі есе артты. ­Осы­лайша, Алматы облысы дотация­лық 17 өңірдің арасында республикалық бюджетке ең аз тәуелді өңірге айнал­ды, яғни бұл тәуелділік 32%-дан 13%-ға дейін төмендеді.

Сонымен қатар облыс ішінде донор­лық аудандардың саны екі­ден беске дейін артты. Қарасай, Іле аудандарымен қатар, донор мәртебесін Талғар, Еңбек­ші­қазақ аудандары, сондай-ақ Қонаев қа­ласы иеленді. Осы қарқын сақ­талған жағдайда, 2029 жылға қарай Алматы облысы республи­ка­лық бюд­жетке толық донор өңір мәр­тебесіне ие болады деген үміт бар.

– Инвестиция тартудың тиім­ді­лігін басты бағыттардың бірі ретінде көрсеттіңіз. Осы орайда ерекше атап өтетін ірі жобаларға тоқтал­саңыз.

– Осы жылдар ішінде көптеген ин­вес­тициялық жоба жүзеге асты. Оның нәтижесінде 18,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында құны 135 млрд теңге болатын «Жетісу Вольфрамы» зауыты, «KT&G» темекі өнімдерін өндіру зауыты (80,2 млрд теңге), «ТехноНИКОЛЬ – Орталық Азия» ­энергия үнемдейтін жылу оқ­шаулау материалдары зауыты (43,8 млрд теңге), «Fruit Art» субли­ма­циялық зауыты, же­міс сақтау қоймалары, жылыжай кешені ­(42,8 млрд теңге), «Прима Кус» құс ша­руа­шылығы кешенінің 1-кезеңі (33,6 млрд теңге), «Focus Logistics» логистикалық парктері (70 млрд теңге), «MP Solution» А класты логистикалық кешені (17 млрд теңге), «Еуразиялық логистикалық парк» (22 млрд теңге), сондай-ақ «Kucukler Holding» (LC Waikiki) көтерме-тарату орталығын (30 млрд теңге) атап өтуге болады.

Әрбір инвестордың ұсыныстары мен мәселелерін жүйелі түрде шешеміз. Олармен біріге отырып, екі жаққа тиімді шешімдер қабылдаймыз. Мәселен, «Focus Logistics» логистикалық парктер жобасы бойынша инвестор алдағы жылдар есебінен аванспен салықтық төлемдерді жергілікті бюджетке төлеп, сол қаражат сомасын «Бизнестің жол картасы» арқылы жоба инфрақұрылымына жұмсадық.

Өңірге жетекші халықаралық компаниялар тарапынан да айрық­ша қызы­ғушылық байқалып отыр. Қазір жобалау саты­­сында бірқатар ірі бастама бар. Оның ішінде «Mars» компа­ния­сы­ның жануарларға арналған жем өндіру зауы­ты, Қытайдың «Beijing Xinfadi» ком­па­ниясының Алматы қаласы әуежайы ма­ңында эко­логиялық өнімдер портын салу жобасы, сондай-ақ Біріккен Араб Әмір­ліктерінің «Talgar Eco City» зама­науи қаласын салу жобасы бар. Бұдан бө­лек, өзге де өнеркәсіптік, логистика­лық нысандар пысықталып жатыр.

Инвесторлардың қызығушы­лы­ғын ескере отырып, олардың қыз­ме­тіне қо­лай­лы жағдай жасау негізгі басым­дық­тар­дың бірі болып қала береді. Осы бағыттағы ең тиімді құралдардың бірі – өңір экономикасының өсу нүктелері са­налатын индустриялық ай­мақ­тар­ды дамыту. Әлбетте, индус­триялық аймақ­тардың инфра­құ­ры­лымын салу қомақ­ты қаражатты қажет етеді, облыстық бюджетке ауыртпалық түсіреді. Осы себептен мұндай аймақтарды дамытуда мемлекет-жекешелік әріптестік тетігін кеңінен қолданып отырмыз, бұл өз кезегінде бюджетке бір мезеттегі жүк­темені азайтады. Сонымен қатар кейбір индус­трия­лық аймақтардың аумағы же­ке­меншік жер иелерімен келіс­сөз­дер жүр­гізу арқылы мемлекет меншігіне қай­тарылды.

Мысалы, осындай жобалардың бірі – «Қайрат» индустриялық аймағын алатын болсақ, оның инфрақұрылы­мы­на мемлекет-жекешелік әріптестік арқы­лы 10,8 млрд теңге қаражат жұмсал­ды. Индустриялық аймақ аумағын­дағы жеке инвестиция көлемі 125 млрд тең­геге жетіп отыр. Нәти­же­сін­де, бюджеттен жұмсал­ған әрбір 1 теңгеге 10 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.

Осы тәжірибеге сүйене отырып, қазірде аумағы 5,6 мың гектар болатын 15 индустриялық аймақ құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жалпы өңірлік өнімнің ұлғаюы­на, болашақта бюджетке түсетін салықтық түсімдердің өсуіне үлкен мүмкіндік береді.

Инвестицияның 56,3%-ы өнер­кәсіпке, көлік пен қоймалау саласына бағытталған, бұл экономи­ка­ның негізгі салаларының дамуын ынталандырады. Соның нәти­жесінде кейінгі үш жылда қой­малардың жалпы алаңы 17,5 есеге өсіп, 8,8 мың шаршы метрден 153,9 мың шаршы метрге жетті. Бұл – Орталық Азиядағы көлемі жағынан ең ірі қойма алаңдары.

Қазірде облыста 1 866 өнеркә­сіп­тік кәсіпорын жұмыс істейді, өндірістің шамамен 90%-ы өңдеу секторына тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша облыс Астана, Шымкент қалаларынан кейін 3-орында тұр.

Өнеркәсіп пен инвестициялық бел­сен­діліктің артуы сыртқы сауда көрсет­кіштеріне де оң әсерін тигізді. Кейінгі үш жылда экспорт көлемі шамамен ­1,5 есе­ге өсіп, экспорт өнімдері алыс-жа­қын шетел­дердің 59 еліне жеткізіледі. Экс­­порт құрылымының негізін азық-түлік ­өнім­дері, сусындар, темекі өнімдері, картон қапта­ма­лары, фармацевтикалық өнімдер, өзге де тауарлар құрайды.

– Облыс орталығы мәрте­бе­сі­не ие Қонаев қаласы­ның дамуы туралы да айтып берсеңіз.

– Қонаев қаласына келсек, бұрын, облыс орталығы болмай тұр­ғанда 60 мың­ға жуық тұр­ғыны бар, шағын қала бо­латын. Оның үстіне қаланың инфра­құ­рылымының тозығы жетіп, жолдар мен электр желілері, су құбырлары, үйлер­дің қасбеттері ескіріп, көшелер мен парк­тер абаттандыруды қажет етті. Тозу дең­гейі 90%-дан асатын кәріз желілері мен сорғы стансаларын қайта жаңғырту мақса­тын­да мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жұмыс басталды. Сондық­тан әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік, мәдени нысандарды қолға алмас бұрын, қаланың инфрақұрылымына ерекше назар аудардық. Бұл өзгерістер бірден байқала бермеуі мүмкін, алайда дәл осы шаралар қаланың одан әрі дамуына берік негіз қалайды. Қала бюджеті де қар­қын­ды өсіп келе жатыр, егер 2022 жылы ­бюд­жет 9,2 млрд теңгені құраса, бүгінде 3 есе ­артып, 30,5 млрд теңгеге жетіп отыр.

Қапшағай су қоймасы Қонаев қала­сының басты рекреациялық орталығы болғандықтан, қалалық жағажайлар­дың барлығы қолға алып, жаңғырту жұ­мыстары жүр­гі­зілді. Былтыр «Freedom Holding» компаниясының қолдауы­мен 4,5 млрд теңгеге №5 жағажай абаттандырылып, демалыс жайлы әрі қауіпсіз жағдайға келтірілді.

Құны 11 млрд теңге болатын, 4 000 орындық мінбесі бар ха­лық­аралық «ASP-Arena» спорт аренасы, сондай-ақ Орта­лық Азиядағы ең ірі 20 мың шаршы метрлік мұз айдыны пайдала­нуға берілді. Бұл нысандар қаланың спорттық туризмдегі тартымдылығын арттырады. Нәтижесінде, өткен жазғы маусымда шамамен 1,8 млн адам демалып, олардың саны 2024 жылмен салыс­тырғанда 20%-ға артты.

Былтыр шетелдік туристер Алматы облысының әртүрлі табиғи нысандары мен көрікті жерлеріне жоғары қызығушылық танытты. Ең үлкен сұ­ранысқа «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау», «Шарын» ұлттық парктері ие. Ұлттық парктерге келу­шілер саны 33,6%-ға артып, шамамен 1,8 млн адамды құрады (2024 жылы – 1,3 млн адам).

– Дамудың күретамырына қан жүгіртіп отырған ауыл шаруа­шы­лығы саласында қандай жобалар жүзеге асып жатыр? Мал басын көбейтіп, оның ­еті мен сүтін, жүнін өндіретін кәсіп­орындар­ды іске қосу барысы қалай?

– Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша облыс республикада 5-орынды иеленіп, үлесі 8,1%-ды немесе 798,4 млрд теңгені құрап отыр. Бұл ретте мемлекеттік субсидияларды пайдалану тиімділігі жөнінен облыс рес­публикада бірінші орында тұр, яғни 1 теңге субсидияға 17 теңге көлемінде өнім өндіріледі. Ірі қара мал мен ұсақ мал басының саны 33,9%-ға артты, бұл ет пен сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Облыс ет өндіру, құс саны жағынан көшбасшы орында, қой мен ешкі саны 3-орында, жұмыртқа мен сүт өндіруде 4-орында, ірі қара мал саны ­бойынша 5-орында тұр.

Суару инфрақұрылымын дамы­туға ерекше көңіл бөлініп келеді. Суар­малы жерлердің аумағын кеңей­ту, су үнемдеу технология­ларын енгізуге қатысты жү­йелі жұ­мыс жүргізіле бастады. Облыс­тағы суару желілерінің тозу деңгейі 70–80%-ға жетіп, су шығынының 60%-ға дейін артуына алып келді. Осы мәсе­лені шешу мақ­сатында 2022 жылдан бас­тап өңірде суару желілерін қайта жаңғыр­ту жөніндегі шаралар іске асырылып ­жатыр. Негізгі жобалардың бірі – Бал­қаш, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы ­суару желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ Райым­бек ауданындағы арнаны күрделі жөндеу. Бұл мемлекеттік кепілдік алу рәсімінен кейін Ислам даму бан­кінің қаражаты есебінен жүр­гі­зі­леді. Нәтижесінде, 35 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланып отыр.

Суару желілерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге артып, 2025 жылы 66,6 мың гектарды құрады. Бұл облыстағы жалпы суармалы егістік жердің 30%-ын қамтиды. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қол­дану көлемін 138,7 мың гектарға дейін жеткізу көзделген.

Сонымен қатар 2022 жылдан бастап облыста пайдаланылмай жатқан 1 405,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анық­талды, оның 37%-ы мемлекеттік мен­шікке қай­тарылды. Бұл жұмыс ауыл шар­уа­шылығы өнімділігін арттыру, ­жер­гілікті фермерлерді қолдау мақса­тын­да жалғасын табады.

Ауыл тұрғындарын қолдау, кәсіп­кер­лік белсенділікті ынталандыру құрал­да­рының бірі ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында бүгінге де­йін жеке қосалқы шаруашылықтар­ды, кооперативтерді, отбасылық бизнесті да­мы­­туға жалпы сомасы 11,7 млрд тең­геге 1 662 микрокредит берілді. Қабылдан­­­ған шара­лардың нәтижесінде ауыл халқы­ның орташа табысы 2022 жылғы 196 мың теңгеден 2024 жылы 311 мың теңгеге ­де­йін өсіп, 1,6 еселік өсімге қол жет­кізіл­ді. ­2026–2029 жылдарға жоспарланған ­­­­
708,7 млрд теңгелік 26 жоба өңірдің ­аграр­лық әлеуе­тін толық ашуға, ауыл халқы­ның өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.

– Өңірде тұрғын үй құры­лы­сы­ның қарқыны қандай?

– Тұрғын үй құрылысының қар­қы­ны да әлеуметтік инфра­құры­­лыммен үн­дестіріле жоспар­лан­ған. Былтыр об­лыста 1 млн 69,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 111,3%-ға­ орындалды. Үш жыл ара­лығында ­
5 144 кезекте тұрған аза­мат баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл 1 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көз­де­ліп отыр. Оның ішінде бюджет қаража­ты есебінен 1 018 пәтер­лі 20 несиелік тұр­ғын үй салу жоспарланған.

– Жаңадан қалыптасып келе жат­қан Алатау қаласы мен Алматы агломерациясын дамыту мақ­сатында қандай іс-шаралар қабыл­данып жатыр?

– Бүгінде қаланың 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Қала аумағында 6,8 мың га жерді қам­­титын 12 өсім нүк­тесі анық­тал­ды. Бұл жерлерде қажетті ин­фра­құрылым мен қаржылық ресурс­тарға ­ие инвесторлар жұмы­сын бастап кетті. ­Осы «өсім нүкте­ле­рін­де» тамақ өнер­кәсібі, логистика, білім, туризм са­лала­рында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырыла ­бастады. Атап айтсақ, «PepsiCo», «Молочная долина», «Арказ Инвест», «Исткомтранс», «G-Trans», «Маревен Фуд», «Гриффин Логопарк» секілді ірі компаниялармен бірлескен жобалар қолға алынды.

Қазір Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын 32 инвес­ти­циялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 37 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның ішінде 536 млрд теңгені құрайтын 17 жоба белсенді іске қосылды. Өткен жылы қалада 60,4 млрд теңгенің құрылысы жүзеге асты. Осы кезеңде жалпы аумағы 151,1 мың шар­шы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді.

Облыстағы басым бағыттардың бірі – өңірдің тұрақты әлеуметтік-эко­номикалық өсімін қамтамасыз етуге ба­ғытталған Алматы агломерация­сын дамыту. Бүгінде агломерация хал­қы­ның жалпы саны 3,4 млн адамнан асады. Негізгі өзекті мәселелер қата­рында халықтың маятниктік көші-қоны, жол-көлік желісінің шамадан тыс жүк­телуі, қала маңындағы инженерлік ин­фра­құрылымның жеткіліксіз дамуы, әлеу­меттік нысандарға түсетін жоғары жүктеме бар. Атал­ған мәселелерді жү­йелі шешу үшін нормативтік-құқық­тық база қалыптастырылды. Атап айт­қан­да, «Агломерацияларды дамыту туралы» заң, өңіраралық схе­малар, 2024–2028 жылдарға арналған Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Кешенді жос­пар республикалық, жергілікті бюджет­тер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебі­нен жалпы сомасы 3,4 трлн теңгеге 130 ­іс-шараны іске асыруды көздейді.

Агломерацияны жедел дамыту мақ­сатында бюджет заңнамасына көлденең қар­жыландыру тетігі енгізілді. Бұл тетік қала маңындағы аумақтардағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Аталған механизм алғаш рет Алматы облысында іске асырылды.

– Биылғы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жүзеге асатын жұмыс жоспарларыңыз қандай? Алыс-жақын ауылдар интернетпен толық қамтылған ба?

– Алматы облысында цифрлық тең­сіз­дікті азайту, интернет инфрақұры­лы­мын кеңейту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңірдегі 373 елді мекеннің 355-і, яғни 95,2%-ы кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 352 елді мекенде мобильді интернет қолжетімді. Бұл – ауыл мен қала арасындағы ақпаратқа қол жеткізу айырмасын қысқартуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі.

Өткен жылы интернетпен қамтыл­маған 11 ауылға алғаш рет кең жолақ­ты байланыс жеткізілді. Төрт елді мекенде 4G стандарты енгізілсе, жеті ауыл­да спутниктік интернет орнатылды. Бұл тәсіл географиялық тұрғыдан күрделі, талшықты-оптикалық желі тар­ту экономикалық тұрғыдан тиім­сіз елді мекендер үшін балама шешім ретінде қолданылып отыр. Нәтижесінде, шалғай ауыл тұр­ғын­дары да мемлекеттік қыз­мет­терді онлайн алу, қашықтан оқу, кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігі­не ие болады. Сонымен қатар байланыс сапасын арттыру мақсатында «КаР-Тел» компаниясы облыс аумағын­дағы барлық 3G базалық стансаларын жоға­ры жылдамдықты 4G стандартына көші­ру жұмысын аяқтады. Бұл мобильді интернеттің тұрақтылығы мен өткізу қа­бі­летін айтарлықтай арттырды. Ұлт­тық жоба шеңберінде көлік инфрақұрылымы да ­назардан тыс қалған жоқ. Республика­лық және бірінші кезектегі облыстық маңызы бар автожолдарды мобильді бай­ланыс, интернетпен қамту жос­парланған.

– Өңірдің елді мекендерінің газбен қамтылуы қай деңгейде?

– Облыста 169 елді мекен газ­дан­ды­рылған, табиғи газға қол­жетімділік
1,24 млн адамға қамтамасыз етілген, бұл – өңір хал­қының жалпы санының 81%-ы.­ Былтыр «Қазыбек бек» АГРС-і іске қо­сылып, Жамбыл ауданының ­7 ел­ді ме­ке­нін газбен қамтуға мүмкін­дік берді, 16 мың адамға газ жеткізілді. Соны­мен бір­ге Балқаш ауданын газдандыру іске асып жатыр. Аудан аума­ғында 28 елді мекен орналасқан, олардың ішінде Өңір­лік газдандыру схемасына сәйкес 2030 жыл­ға дейін 11 елді мекен газдандырылуға жатады. Сонымен қа­тар алдағы уақыт­та ұзындығы 237,9 км болатын «Шелек – Кеген – Нарынқол» газ құбырын салу жоспарда бар. Аталған жоба Алматы облысының газбен толық қамтылуына мүмкіндік береді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Ұлбосын ИСАБЕК,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

«Спартак» тағы да жеңілді

Спорт • Бүгін, 11:55

Бүгін ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Бүгін, 10:42

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20