26 Маусым, 2015

Жоғарғы Сот Төрағасы журналистерді құттықтады

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми бұқаралық ақпарат құралдары басшылары мен қызметкерлерін, соттардың баспасөз хатшыларын олардың кәсіби мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттықтады.   Транспаренттік және ашықтық – Жоғарғы Соттың жұмысы басты басымдықтарының бірі болып табылады. Барлық өңірде БАҚ-пен жұмыс жөніндегі үйлестіруші-судьялар және соттардың баспасөз қызметі белсенді жұмыс істеуде. Олардың міндеті – БАҚ-пен өзара байланыс орнату және соттар қызметін жария­лау бойынша кешенді ақпараттық саясат жүргізу. Соттар мен үкіметтік емес ұйымдар арасында сындарлы ынтымақтастық орнады. Олардың арасында «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар офисі, Интерньюс, Қазақстан Журналистер одағы, Бас редакторлар клубы секілді ұйымдар бар. Жоғарғы Соттың қолдауымен еліміздің тоғыз өңірінде өкілдігі жұмыс істейтін Сот репортерлерінің гильдиясы құрылды. Кездесу шеңберінде Жоғарғы Сот Төрағасы «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарына сәйкес сот жүйесін реформалау бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып өтті. Жоғарғы Соттың жанынан Халықаралық консультативтік кеңес құру көзделуде. Аталған Кеңес Жоғарғы Сотқа халықаралық озық стандарттарды және сот тәжірибесін қазақстандық сот төрелігіне қолдануға көмектесетін болады. Оның құрамына белгілі заңгерлер, экономистер, қаржыгерлер, құқықтың жекелеген тар салаларының мамандары, бірінші кезекте, шетелдік сарапшылар енетін болады. Сот жүйесінде жаңа ақпараттық-коммуникациялық технологияларды енгізуді кеңейту бойынша жұмыс жалғасын табады. Іс-шараның соңында Қайрат Мәми кездесуге қатысушыларға сот жүйесінің қызметін ақпараттық жариялаудағы белсенді жұмысы үшін алғыс білдіріп, оларға Құрмет грамоталары мен бағалы сыйлықтар тапсырды. «Егемен-ақпарат».