Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей астанасы – Мәскеуде Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткен әскери парадқа қатысты. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери парад әдеттегідей Ресейдің әйгілі Қызыл алаңында өтті.
Бұл күн төрткүл дүние назары осы айтулы оқиғада болды десек, артық айтқандығымыз емес шығар. Себебі, бұл шараның саяси, экономикалық маңызы зор, әсіресе, әскери күш-қуаты жағынан алғанда әлем елдері алдында бір ғана Ресей емес, бүкіл ТМД елдерінің шама-шарқын көрсететін ерекше оқиға болғандығы анық. Айтқандай-ақ, бұл парад бұрынғыдан өзгешерек. Әсіресе, ауқымдылығы, қамтымдылығы жағынан мұндай шеру тарихта бұрын-соңды болмаған шығар. Әскери техникаларды айтпағанда, Қызыл алаңмен сап түзеп өткен жер қайыстырған жаяу әскердің өзі 16 мыңнан асты. Ал ел назарына ұсынылған 194 құрлықтық әскери техника, 143 әскери ұшақ және тікұшақтың кереметтігіне тамсанбағандар аз. 30-ға тарта мемлекеттің басшылары қатысқан шараға шартараптың қиыр-қиырынан шамамен 80 мыңдай адам келіпті.
Парад майданда қаза болған жауынгерлерді бір минуттық үнсіздікпен еске алудан басталды. Иә, бұл соғыста миллиондаған адам мерт болды. Миллиондаған адам мүгедек болып қалды. Миллиондаған адамның тағдыры қасіретке душар болды. Ал қаза тапқандардың рухына тағзым ету – бүгінгі бейбіт өмірді еншілеген біздер үшін айрықша парыз. Бір минут үнсіздіктен соң Қызыл алаңнан Ұлы Отан соғысындағы әскерилердің формасын киген тарихи жауынгерлік топтар сап түзеп жүріп өтті. Бұл сәт осыдан 70 жыл бұрынғы жеңісті күнге қайта оралғандай әсер қалдырды. Қызыл алаңды қайыстырған әскер, жеңіс деп желбіреген жалаулар, «уралаған» әскер кім-кімнің де рухын көтергендей еді. Парадтың ашылуында сөйлеген сөзінде Ресей Президенті Владимир Путин: «Бұл жеңіс баршамызға ортақ. Мерекені тойлау арқылы біз достық қарым-қатынасымызды нығайтамыз», – деген еді. Шынымен де, Жеңіс мерекесі – фашизмді талқандаған бұрынғы Кеңес өкіметі елдеріне ғана емес, бейбіт заманды қалайтын барлық азаматқа ортақ мейрам екенін паш етті. Негізінде, көлемі, қаталдығы, адам және материалдық шығыны жағынан Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең жойқын соғыс болды. Ол дүниежүзі халықтарының бестен төртінің тағдырына әсер етті деседі. Соғыс қимылдары әлемнің 40 мемлекетінің аумағында жүрді. Тарихтың соңғы деректеріне сүйенсек, бұл алапатта 60 миллион адам қаза тапқан. Кеңес Одағының адам шығыны ресми түрде 27 миллионға жуықтайды деп есептеледі.
Бұрынғы Кеңес Одағының 27 миллиондай адамын жалмаған сұрапыл соғыста, соңғы деректер бойынша, Қазақстаннан 1 миллон 800 мыңдай жауынгер жауға қарсы жан аямай шайқасты. Одақ бойынша 12 мыңнан астам жауынгер, командир, қолбасшы, партизан, қарапайым халық өкілдері 1934 жылы белгіленген ең жоғары атақ – Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. Солардың қатарында осы үлкен атаққа қазақ ұлтының 103 азаматы ие болды. Иә, айта берсек, қазақтардың Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске қосқан үлесі орасан. Парад барысында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Қарулы Күштері мен басқа да бірқатар шетелдерден он жауынгерлік топ салтанатты шеру тартты. Олардың қатарында Қазақстанның да жауынгерлік тобы бар. Қызыл алаңда Көк байрағымызды еліміздің Қарулы Күштері Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттары алып өтті. Осыдан 70 жыл бұрын, 1945 жылы Ұлы Отан соғысында фашистерді ойсырата жеңген аталарымыз Жеңіс күні дәл осы алаңда сап түзеп адымдаған болатын. Енді, міне, солардың ізін жалғаған біздің әскерилер – болашақ офицерлер Мәскеу қаласының Қызыл алаңындағы әскери парадқа қатысу мәртебесіне ие болды. Әскери оқу орнынан 74 үздік курсант іріктеліп алынған екен. Курсанттар бұл парадқа ұзақ дайындалыпты. Нәтижесінде, Көк туымызды желбіреткен курсанттарымыз өздеріне жүктелген жауапкершілікті ойдағыдай орындап шықты. Жеңістің 70 жылдығына арналған парадтың басты, қадірлі қонақтары, әлбетте, Ұлы Отан соғысының ардагерлері болды. Қызыл алаңдағы әскери шеруді көруге 2 мыңға тарта соғыс ардагері шақырылыпты. Қазақстаннан еліміздің әр өңірінен 6 ардагер қатысты. Олар: Мәскеуді қорғауға, Курск түбіндегі шайқасқа қатысқан астаналық Ахат Бекмәди. Оның I және II дәрежелі Отан соғысы ордені, «Германиядағы жеңісі үшін» медалі бар. Беларусь, Польша, Румыния, Венгрияны азат етуге қатысқан алматылық Дмитрий Малышев. I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Қызыл Жұлдыз», «Польшаны қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталды». Алматы облысынан Федор Федотов Калинин майданына, Беларусь, Украина майдандарына қатысқан. I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Мәскеуді қорғағаны үшін», «Берлинді алғаны үшін», «Праганы азат еткені үшін», «Украинаны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталған. Қарағандыдан Камали Дүйсембеков Украина майданы 4-ші армиясының 13-ші корпусының 24-ші гвардиялық дивизиясында айқасқан. I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, I және III дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталған, Октябрь Революциясы орденінің кавалері, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерінің иегері. Павлодардан Михаил Смоленков 1941-1944 жылдар аралығында взвод командирінің көмекшісі, батальон командирінің орынбасары және т.б. лауазымдарда Карелия майданында айқастарға қатысқан. 1945 жылғы тамыздан бастап, Шығыс майданында батарея командирі қызметін атқарған. 4 «Қызыл Жұлдыз» ордені, І дәрежелі Отан соғысы ордені, «Жауынгерлік ерлігі үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Шымкенттен – Қаратай Төлебеков. Ол Отан соғысы ордені мен «Жауынгерлік қызметі үшін», «Ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Ардагерлерімізді біз Мәскеудегі Қызыл алаңда жолықтырдық. Әрине, Жеңістің 70 жылдығына арналған парадқа шақырту алған ардагерлер мұндай құрметке ризашылықтарын білдірді. «Осыған жеткеніміз үшін, тағдыр бізге осыны қосқаны үшін, жасымыз 90-нан асса да, осыны көруге тағдырдың жазғаны үшін бір Аллаға ризашылығымызды білдіреміз. Кейінгі біздің ұрпақтар ақылды болсын, бақытты болсын. Ел үшін, халық үшін қызмет етсін. Қазақстанның абыройын көтере берсін. Еліміз аман болсын, аспанымыз ашық болсын. Мыңдаған жылдар Көк туымыз көк аспанда желбірей берсін», – деді әскери парадтың әсерімен бөліскен соғыс ардагері Ахат Бекмәди. Ал қазақстандық ардагер Дмитрий Малышев араға 70 жыл салып Мәскеудегі Жеңіс парадына қайта қатысып отыр. «Бұл – мен үшін аса айтулы күн, себебі, мен 1945 жылы 24 маусымдағы Жеңіс парадына қатысқан едім. Енді міне, бүгін, араға 70 жыл салып сол мүмкіндік қайта туды, бірақ енді Қызыл алаңмен жүріп өтпей, мұндағы өзгерістерді көру бақытына ие болдым», деді Д.Малышев. Дмитрий ақсақал да Жеңістің 70 жылдығын атап өтуге орай ұйымдастырылған шаралардан алған әсерін жеткізді. «Бүгінгі мерекенің атап өтілуіне қарап, қатарымыздан кеткендерді жүрегіміз езіле еске аламыз», – деді Д.Малышев. Ұлы Отан соғысының ардагері сый-құрметке алғысын айтып, әр үйге бейбітшілік тіледі. Салтанатты шеру екі бөлімнен тұрды. Әуелі алаңмен соғыс кезіндегі техника және сол жылдардың киімін киген жауынгерлер сап түзеп өткен соң, екінші бөлімде жұрттың назарына бүгінгі әскердің техникалық әлеуеті паш етілді. Мәселен, «Тигр» автомобилі, БТР-82А, Т-90А танкі, «Мста-С», «Бук-М2» зенитті-зымыранды кешені, «Панцирь-С1» өздігінен жүретін зеңбіректері, «ЗРС «С-400» ұшыру қондырғылары, «Ярс» құрлықаралық зымыран кешендері жүріп өтті. Жаңа техникалардың ішінде «Бал» және «Бастион» жағалау зымырандары кешендері, «Коалиция-СВ» өздігінен жүретін артиллериялық қондырғысы, жаңартылған «Тайфун» автомобильдері болды. Сондай-ақ, Қызыл алаңға жаңа үлгідегі «Армата» танкі, «Курганец-25» жаяу әскер машинасы және бронетранспортері, «Бумеранг» жаяу әскер машинасы шықты. Парадтың тарихи бөлігінде аты аңызға айналған Т-34 танктері, СУ-100 өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылар көрсетілді. Салтанатты шерудің авиациялық бөлігіне РФ әскери-әуе күштерінің 143 ұшағы мен тікұшағы қатысты, оның ішінде «Су-27» және «Су-34» жойғыш ұшақтары, «МиГ-31» тосқауылшы ұшағы, «А-50» радиожергілікті барлау ұшағы, «Ан-124», «Руслан», «Ил-76» транспортниктері, «Ту-22М3», «Ту-95» стратегиялық бомбалаушы ұшақтары, «Ту-160», сондай-ақ, «Ми-8», «Ми-26», «Ми-28» және «Ка-52» тікұшақтары болды. Әскери парадтан соң президенттер Қызыл алаңдағы Белгісіз солдаттың қабіріне гүл шоқтарын қойды. 1966 жылдан бастап дәстүрге айналған бұл рәсім – ұрпақ үшін жанын берген батыр бабаларға тағзым етудің бір үлгісі.
Динара БІТІКОВА, «Егемен Қазақстан».
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.