25 Ақпан, 2015

Жекеменшік балабақшалардың басына бұлт үйірілді ме?

618 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Әлдебір мәселені түсінбей дағдарған мен орынды-орынсыз кедергіге тап болғанның бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінетіні бар. Бұл жолы «Егемен» жазбағанда кім жазады?» деп аталмыш газеттің Маңғыстау облысындағы қосынына топтаса келген оқырмандардың айтпағы – жекеменшік балабақшалар төңірегінде туындап тұрған мәселелерге қатысты екен. Сонымен... Теңіз және құрлық арқылы бірнеше мемлекетпен шектесетін Маңғыстау өңірі – атажұртқа ағылған қандастардың көші көбірек келіп, қойны қандас халыққа толған құтты өлке. Бұл табиғи өсім көрсеткіші оңғарыла бастаған аймақта тұрғындар санының одан әрі артуына сеп болды. Бұл үрдіс өз кезегінде ересектерді жұмыспен, балаларды балабақша және мектеппен қамту қажеттігін туындатты. Ал сол кездері онсыз да ірілі-ұсақты шаруалары шаш-етектен келіп тұрған Ақтау қаласына мыңдаған оралман отбасыларының әлеуметтік мәселелерін шешу үлкен күш болды, үй мен жұмыс іздеп, балабақша мен мектеп іздеп сансыраған халықты осы қажеттіліктермен қамтамасыз ету жұмысы бірнеше жылдарға созылуы әбден мүмкін еді. Осы жағдайлардан соң Маңғыстау облысында жаңадан Мұнайлы ауданы құрылып, қолына қағазын ұстап табалдырықтарды тоздырып жүрген оралман ағайындарға арнайы отау көтерілді. Аудан аумағында ұзын көшелер бойына сап түзеген ақшаңқан үйлері бар, әлеуметтік нысандары бар бірнеше жаңа ауылдар бой көтерді. Бүгінде 130 мың тұрғыны бар Мұнайлы халқының саны мен әлеуметтік-экономикалық ахуалы тұрғысынан облыстағы іргелі аудандардың бірі болып келеді. Кезінде ата-аналардың жанайқайына, оқушылардың арманына айналып, біздің білдей бір мақаламызға жүк болған мектептегі тасымал мәселесі де біртіндеп шешіліп, қатарға бірнеше жаңа мектеп қосылды, ал үш ауысымды мектептер жойылу алдында тұр. Деректерге сүйенсек, аудан құрылғалы 9 мектеп, 20-ға жуық балабақша ашылған екен. Бала санының көбейгені – халқымыздың көбеюіне жақсы, бірақ бүлдіршіндер санының көптігінен аталмыш ауданда балабақша мәселесі толықтай шешімін тауып кете алған жоқ. Осы орайда, жекеменшік балабақша ашуға жол сілтеген «Балапан» бағдарламасын қуана құп алып, оның жүзеге асуына қолдау көрсеткен кәсіпкер-ұстаздар болып шықты «Егеменге» елден келген қонақтар. Айтуларынша, мамандықтары педагог болғандықтан, «Балапан» бағдарламасындағы жасауға болатын жаңалықтан қашпай, оны жүзеге асыруға, әрі жаңа ауданда қордаланған балабақша мәселесін сейілтуге себіміз тиер деген ниетпен банктерден қаржылай несие, әкімшіліктен жер телімін алып, жекеменшік балабақша салынып, оны ашыпты. Нәтижесінде, қазір Мұнайлы ауданында мектеп жанындағы шағын орталықтарды қосқанда мемлекеттік 12 балабақша жұмыс істесе, жекеменшік балабақшалар саны 13-ке жеткен. Осы 13 балабақшада 1100 бала қамтылса, 300-ге тарта адам нәпақасын айыруда. Мемлекет тарапынан белгіленген 23032 теңге тиісті қаржыны алып, ата-аналар қалауына орай 10,5 сағаттық жүктемемен жұмыс жүргізіп, қазандарын қайнатып, жылы үйде бүлдіршіндерді бағып-қағып отырған жайлары бар. Стандарттық бағдарламадан басқа балаларға 4 мезгіл тамақ, қосымша хореография, информатика әліппесін үйретумен айналысатын балабақшада жұмыс уақыты тағы да ата-аналардың тілегімен кешкі сағат 7-ге дейін ұзартылған. Үйдегі ересектердің көпшілігі Ақтау қаласына қатынап жұмыс жасайтын болғандықтан және бірқатарының жұмыс уақыты кешкі сағат 6.30-да аяқталатындықтан балаларын бақшадан алып кетуге қолайлы уақытты да өздері таңдаған. Бұл қызметтері үшін бақшаға ай сайынғы төлейтін жарналары – 15 мың теңге. – Бұл да ата-аналардың келі­сімімен, арнайы келісімшарт­пен қабылданған, бекітілген жарна көлемі. Біз Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағыдай 25-40 мың теңге шамасында жарна құя алмаймыз. Өйткені, аудан тұрғындарының басым бөлігі оралман ағайындар болғандықтан, жоғары көлемдегі жарнаны олардың көпшілігінің қалтасы көтере бермейді және ата-аналар тарапынан жарнаға қатысты өкпе-реніш, арыз-шағым болған жоқ, дейді «Арай» жекеменшік балабақшасының директоры Н.Новрузбаева. Күнделікті тұрмыс-тынысы осылай жалғасып, тып-тыныш тірлігін еткен бақшаларда қандай мәселе туындады дейсіз ғой? Ол – еліміздің Білім және ғылым министрлігінің 2012 жылғы №198 және 2013 жылғы 6 наурыздағы №77 қос бұйрығы екен. Жеке кәсіпкер ретінде жұмысын өз арнасымен жүргізіп, ата-аналардың алғысына, бүлдіршіндердің күлкісіне бөленген жекеменшік балабақша иелері бұл бұйрықтардан хабарсыз болып шықты. Қазір Маңғыстау облыстық прокуратурасы, Маңғыстау облыстық білім басқармасы мен Мұнайлы аудандық білім бөлімі тарапынан үкіметтен қосымша қаражат алып отырғандықтан (жоғарыда айтылған 23032 теңге), жекеменшік балабақшалардағы ата-ана жарнасы, ата-аналардың мемлекеттік балабақшаларға төлейтін жарнасынан, яғни 9000 теңгеден аспауы қажеттігі талап етілуде. Ал ол талап орындалмаған жағдайда мемлекет беретін ақшадан бас тарту қажет екен. Несие алып, жеке болған соң өзге де қиындықтармен жалғаса жүріп ашылған, барлық мәселе мән-жайы, болашағының қам-қарекеті иесінің мойнындағы парыз болып саналатын жекеменшік балабақшаларды барлық шығынын үкіметтің өзі көтеріп отырған мемлекеттік балабақшалармен теңестіру қажет екен. – Үкіметтен бөлінетін қаржы Білім және ғылым министрлігінің 21.08.2012 жылғы №387 бұйрығына сәйкес тек қана қызметкерлердің жалақысына, білім көтеруіне, коммуналдық шығындарға, ойын­шықтар мен оқу-әдістемелік құралдарын алуға деп нақтыланып көрсетілгендерге ғана жұмсалады. Ал балабақшаның өзге шығындарын, материалдық-техникалық базасын нығайту кәсіпкердің, яғни жекеменшік балабақшаны ашқан жанның мойнына жүктелген. Мемлекет бөлген ақшадан бас тартсақ, жарнаның көлемін көтеруге тура келеді, ол оралман отбасылар жағдайында тіпті, мүмкін емес. Ал жарнаны 9 мыңға дейін түсірсек, онсыз да несие төлеп, әзірге толыққанды аяғынан тең басып тұрып кете алмаған балапан қауырсын жекеменшік балабақшалар үшін тағы қиын. Ашығын айтсақ, тапқан қаражатымыз ай сайынғы несиемізді жаппаса, кәсіпкерлік қызметтің пайдасын көрмесек, біздің кәсіпкерлігіміз қайсы? Жекеменшік балабақшалардың жұмысын тоқтатудан басқа амал жоқ, дейді «Аяла» жекеменшік балабақ­шасының директоры А.Байдаулетова. Мәселеге қатысты Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облыстық филиалына арнайы хатпен шыққан, «Жауапты білім саласы басшыларына жолдадық» деген олар. «Балапан» бағдарламасы аясында ашылып, өз жұмыстарын заңға сай жүргізген жекеменшік балабақшалардың тірлігінен «ши» таппағанға ұқсайды. Бірақ, тиісті жауапты мәселенің мән-жайын түсінбей екі ортада дағдарған арызданушы тарапқа түсіндіріп беруге неге құлықты болмаған? «Былай жүрсең арбаң сынып, былай жүрсең өгізің өледінің» кері. Қазіргі таңда 6000-нан астам бала балабақша кезегінде тұрған Мұнайлы ауданда ашылған бақша қайта жабылса, не болмақ? «Жылы орны суыған» 300-ге тарта ата-ана алақан жайып кімнен жұмыс сұрайды? Биыл аталмыш ауданда тағы да бес жекеменшік балабақша өз жұмысын бастауға тас-түйін дайын екен, мынау талаптан соң, «шалаптарын шайқамайтын шығар», кім білген?! Егер олар іске қосылған жағдайда кезектегі бірнеше мыңдаған баланың саны 345-ке азаяды екен! Айтуларынша, аталмыш талаптан соң Маңғыстау облысының бірқатар аудан, қалаларында жұмысын тоқтатқан немесе мемлекет бөлген қаражаттан бас тартқан бір-жар жекеменшік балабақшалар бар болып шықты. Жұмысты әрі қарай алып жүруге, банктерден алынған несиені ай сайын төлеп тұруға мүмкіндігі барлар ғана бас тарта алатыны белгілі, ал жекеменшік бақша ашып, бизнес саласындағы қадамын енді ғана бастаған кешегі ұстаз, бүгінгі ұстаз-кәсіпкердің бәрінің бірдей шекесі шылқып отырмағаны да белгілі. Мемлекеттен бөлінетін 23032 теңгеден бас тартып, оны ай сайын ата-ана қалтасынан шығатын 15 мың теңгенің үстіне қосса, балабақшалар халық үшін ешқашан «қолжетімді» болмайды. Орын алып отырған жағдай қаншалықты дұрыс? Мемлекет бөлген қаржыдан бас тарту жекеменшік балабақшалардың жұмысын тоқтатуына әкеп соқпай ма? Ал олар жабылған күнде қаншама бала бақшасыз, нешеме жан жұмыссыз қалып, онсыз да шешімін таппай тұрған жайтты одан сайын қоюлатып жібермей ме? Ал жарна көлемін мемлекеттік балабақша деңгейімен теңестіргенде бірін-біріне жалғап, еппен ұштастыра әрекет еткен жекеменшік балабақшалардың және олардың иелерінің ахуалы қалай болмақ? Мәселені сарапқа салып, ақ-қарасын шешу еліміздің Білім және ғылым министрлігі бастаған құзырлы орындардың құзыретінде тұр. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.