Жиынға қатысқандар қаладағы балалар шығармашылығы орталығының, 20 пәтерлік тұрғын үй мен тағы басқа нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, оның сапасына ден қойды.Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығы атап көрсетілген. Осы міндеттерді жүзеге асыру барысында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалы нақты жұмыстарды қолға алып, “Жол картасы – халық сенімі” қоғамдық тыңдауды Қапшағай қаласында өткізіп, оған өңірдегі партия филиалдарының төрағаларының бірінші орынбасарлары, партиялық бақылау комиссияларының төрағалары және Қапшағай қалалық мәслихатының депутаттары, партия белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар мүшелері, әлеуметтік бағдарлама, құрылыс бөлімдерінің басшылары қатысып, күн тәртібіндегі мәселенің маңызына мән берді.
Қоғамдық тыңдауда облыстық филиал партиялық бақылау комиссиясының басшысы Ж.Жексенбинов “Жол картасы” бағдарламасының аясында өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, соңғы екі жылда ғана маңызды шараға 27 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, игерілгенін ортаға салды. Нәтижесінде, 20 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылса, 530-ға жуық жоба жүзеге асырылыпты. Сонымен қатар, “100 мектеп, 100 аурухана”, “Ауыз су”, “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы”, “Жол құрылысы” бағдарламасымен елді мекендерде тұрғын үй салу, жылу және сумен қамтамасыз ету жүйелері жөнделсе, мыңдаған шақырым көлік жолдары, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарын салу мен күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қамтылғаны айтылды. Тек Қапшағай қаласында бағдарлама аясында 15 нысан іске қосылып, 667,7 млн. теңгенің құрылыс жұмыстары игерілсе, шаһар сәулеттеніп, қазіргі заман қаласына айналған.
Партияның кезектен тыс ХІІ съезінде алға қойылған міндеттерге байланысты жұмыстар ауқымы әлі де жеткілікті деуге болады. Сондықтан да, қоғамдық тыңдау кезінде аталған шаһардағы әлеуметтік нысандар құрылысында жол жөндеу, тағы басқа салалардағы жұмыссыздықты азайту мен қаржы дағдарысынан шығуға бағытталған бағдарламалардың бүгінгі жайы зерделеніп, қалалық партия филиалы жанындағы партиялық комиссия мен бекеттердің жұмысына баға берілсе, тыңдауда оның біршама тиянағы келтірілгені атап көрсетілді.
Өңірде өткен жылы “Жол картасы” негізінде жүзге тарта партиялық бақылау бекеттері жұмысын жүйелесе, қазіргі кезде олардың саны едәуір артып, белсенділіктері де нығая түскен. Осылайша 135 партиялық бақылау бекеттеріне саяси кеңестің мүшелері, облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері тартылып, құрамы 400-ден асқан. Олар бағдарламаның орындалуын бақылауға алып, өткен мерзімде оның пәрменділігіне қол жеткізілген. Мәселен, Талғар, Іле, Ескелді, Ақсу, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалаларының партиялық бақылау комиссиялары мен бақылау бекеттерінің жүргізген рейдтері мен тыңдаулары нәтижесінде нақты істердің тиянағы келтірілгенін көреміз. Десек те, жағдай барлық жерде осылай деуге болмайды. Қоғамдық тыңдау кезінде кейбір жерлерде жұмыстың сылбыр жүргізілгені, құрылыс жұмыстарында отандық өнімдерді пайдаланудың жеткіліксіздігі атап көрсетілді.
Партияның қоғамдық тыңдауында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Қапшағай қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Қ.Темірәлиев, қала әкімінің бірінші орынбасары І.Сүгіров, Іле ауданы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы В.Ким және тағы басқалар сөйлеп, қаржыны игеру мен халықты жұмыспен қамту бағытындағы алда тұрған міндеттерге тоқталды. Қай кезде де сын мен өзара сынның қажеттігі айтылды.
Жиынға қатысқандар қаладағы балалар шығармашылығы орталығының, 20 пәтерлік тұрғын үй мен тағы басқа нысандардағы құрылыс жұмыстарының барысымен танысып, оның сапасына ден қойды. Осылайша бүгінде баршаның сұранысына жауап берген “Жол картасы” бағдарламасына бөлінген қаржыны игеру мен атқарылған жұмыстардың тиімділігі партиялық бақылаудың пәрмені артқанын көрсетті.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.