Жоба әсіресе жоғары сынып оқушыларының көзқарасын өзгертті. Олар смартфонның оқу үдерісіне кедергі келтіретінін түсініп, мектеп қабырғасында гаджетсіз жүруге біртіндеп дағдыланып келеді. Бұл үрдіс тәртіп пен өзін-өзі бақылау мәдениетінің қалыптасуына да ықпал етіп отыр.
Соның бірі – №82 «Дарын» мамандандырылған лицейі. Лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләззат Тәжденқызының айтуынша, жоба енгізілгелі бері оқушылардың күнделікті әдеті айтарлықтай өзгерген.
«Бұрын үзіліс кезінде оқушылардың басым бөлігі телефонға үңіліп отыратын. Қазір олардың қолынан кітап жиі көрінеді. Оқушыларымыз гаджеттен алыстағалы бері білім сапасында да оң өзгерістер байқала бастады. Балалар бір-бірімен көбірек сөйлеседі, сабаққа зейіні артты», дейді ол.
Жоба аясында көптеген мектепте ортақ тәртіп енгізілген. Оқушылар сабақ басталар алдында ұялы телефондарын арнайы ұяшықтарға немесе сақтау орындарына тапсырады. Сабақ аяқталған соң ғана құрылғыларын қайта алады. Бұл тәсіл балалардың назарын толықтай оқуға аударуға мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі таңда Астана мектептерінің барлығында дерлік «Смартфонсыз мектеп» жобасы іске асқан. Ресми мәліметке сәйкес, қала мектептерінің шамамен 40 пайызында оқушылар сабақ кезінде телефон қолданудан саналы түрде бас тартқан. Мамандар бұл көрсеткіш алдағы уақытта тағы да өседі деп отыр.
Осылайша, «Смартфонсыз мектеп» бастамасы заманауи білім беру жүйесінде тәрбие мен тәртіпті ұштастырып, оқушының зейіні мен білім сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадамға айналып келеді.