Білім • 13 Ақпан, 2024

8 минуттық оқу

275 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кітап – ақылды қуаттандыратын, рухани азық бола­тын құрал. Жетістікке жеткен кез келген адамнан сұра­саңыз, қай-қайсысы болсын алдымен кітап оқуға кеңес береді. Көп оқу арқылы таным көкжиегі кеңейіп, тіл байлығы жақсаратыны мәлім. Өкінішке қарай, ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуы әсерінен қоғамда тұрақты кітап оқырмандарының үлесі айтарлықтай азайған. Соның салдарынан өз ойын толық жеткізе алмайтын, тілі шорқақ, ойталқыда тосыр­қап қалатын жас­тар көбейді. Тіпті аға буын өкіл­дері арасында да осы мәселе жиі кездесіп жатады.

8 минуттық оқу

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласындағы Ұлттық Құрылтайдың екінші оты­рысында «Балалар кітап­ханасы» атты жаңа бағ­дарламаны жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекет басшысы «Балалар үшін смартфонның кітапты алмастыруына рұқсат етуге болмайды. Бүгінде еліміздің мектеп кітапханаларында 130 миллион кітап бар. Алайда олардың арасында көркем әдебиеттің үлесі 40 миллион ғана. Бұл – еліміз үшін өте төмен көрсеткіш», деп өзекті мәселені көтерген еді. Осы түйткілдің шешімін тапқан Астана қаласының Білім басқармасы «8 ми­нут­­тық көркем әдебиет оқу» жоба­сын әзірлеген еді. Бүгін­де бұл бастама елорданың барлық білім беру ұйымында жүргізіліп жатыр. Оқушылар әр ауысымның алдында­ сабақ басталмас бұрын 8 минут уақытын кітап оқу­ға арнайды. Жылдың соңына дейін олар отандық әдебиет пен әлем әдебиетінің ең озық әрі таңдаулы шы­ғар­­маларымен танысады. Әр ай сайын кітаптың та­қырыптары ауы­сып отырады. Мәселен, балалар қараша айында ұлттық мүддені қалыптастыру, туған жер, мемлекетшілдік, ел тарихын құрметтеу тақырыбын­­да­ғы кітаптар оқыса, желтоқ­сан айында азаматтық болмысты қалыптастыратын шығармаларды оқыған. Қаңтар айында отбасылық құндылықтар, ата-анаға деген махаббат, адамгершілік мінез-құлық нормаларына тәрбиелейтін шығармалар болса, ақпан айында саламатты өмір салтын ұстану, жан мен тән тазалығының сақ­­талуы, қоршаған орта­ға қамқорлық таныту тақы­ры­бын­дағы кітаптарды оқып жатыр.

– Жоба жапон тәжіри­бе­сі­нен алынды. Іссапармен Жапонияға барғанымызда «8 минуттық кітап оқу» бағдарламасымен таныстық. Аталған бағдарламаны зерт­тей келе, сабақтың ал­дында кітап оқу – академия­лық көрсеткіштерді жақ­сар­туға және оқуға деген қызығушылықты арт­тыруға көмектесетінін біл­дік. Сонымен қатар Ұлы­бри­тания астанасы Лондон қаласындағы мектептерде де балалардың сауаттылығын қалыптастыруға 6 минуттық кітап оқу жүзеге асырылады екен. Бұл тәжірибе біздің білім беру жүйесіне де қажет деп санап, оқу жылының 2-тоқсанынан бастап Астана қаласы бойынша білім беру ұйымдарына енгіздік. Бұл тәжірибені педагогика­лық зерт­теулер қолдайды. Жоба артықшылығы кітап­­ханашылар, сынып жетек­шілері мен пән мұғалімде­рі­нің бірлескен жұмысы нығай­ды. Басталғанына 4 ай болған жоба бүгінде жақ­сы нәтижелер көрсетіп жатыр. Соның ішінде оқу­шылардың бір-бірімен ана тілінде сөйлесуі, көркем әдебиетке деген қызы­ғу­шылықтарының артуы көңіл қуантады. Сондай-ақ сабаққа кешігіп келу мәселесі бірте-бірте азайып келеді, – дейді Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» басшысы Сындар Дауешова.

Расында, бұндай тағы­лым­ды жобалардың арқа­сында келешекте оқу­шы­лардың сөйлеу мәдениеті дамып, ойын еркін жеткізетін болады. Білім беру ұйым­да­ры аталған бастаманы ерекше қабылдап, жоба енгізілген сәттен бастап бір­ден іске кіріскен. Сондай білім ордасының бірі – Нәзір Төреқұлов атындағы №35 мектеп-лицейі. Ұстаздардың айтуынша, әуелгіде оқу­шы­лар бұл өзгеріске үйрене алма­ған. Қағаз кітап оқудан бас тар­тып, электронды кітап­­тарды оқуды ұсынған екен.

– Бастапқыда аталған жобаны іске асыру оқушылар үшін қиын болды. Бұған дейін смартфонға әбден үйренген балалар қағаз кітапты оқуды қиынсынды. Шығармалардың аудио­нұс­қаларын тауып, тыңдай салуды да ұсынды. Дегенмен кітапханашылар мен ұстаз­дар қауымы оқушы­ларды оқуға ынталандыруға көп­теген жұмыс жүргізді. Әр қабатқа кітап сөрелерін қойып, оқыған шығарманы баланың санасына тереңірек сіңіру мақсатында талдау­ға арналған түрлі іс-шара ұйымдастырдық. Нәтижесі көңіл қуантады. Бүгінде берілген тақырыптарға байланысты шығармаларды пән мұғалімдері кітап­хана­­шылармен ақылдаса ұсынады, – дейді Нәзір Төре­құлов атындағы №35 мектеп-лицейінің директоры Зәуреш Әділбекова.

Балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятатын жоба жыл соңына дейін жалғасын табады. «Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік» деп әйгілі жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, кітап біздің серігімізге айналуға тиіс. Әлемдік деңгейде тәжірибесі бар жоба тек елордамызда ғана емес, еліміздің барша білім беру ұйымдарында жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

 

Еркеназ ҚОРДАБАЙ,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті