26 Маусым, 2015

Альпіден асқан Айдарбек

428 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
УОС-ЦВ«Қызыл Жұлдыз», І дәрежелі Отан соғысы және Югославияның үш орденімен марапатталған ержүрек партизан, Югославия халық-азаттық армиясы құрамындағы партизан жасағының рота командирі Айдарбек Шаяхметовтің есімі ел есінде сақталып, еленсе екен... Жақында Шәрбан апамен тағы бір сөйлесіп амандық біліскенбіз. Альпіде шайқасқан партизанның жар қосағы, сүйегі асыл кісілер ғой. Жанының сарайы саңғырлап, сонау алыстағы ауылдан туыстық самалын естіре самбырлай сөйлегеніне қуанып қаламыз. Неге десеңіз, сексен бестің сеңгіріндегі адам үшін бұл да болса тыңдықтың, шүкіршіліктің белгісін білдіреді емес пе. Өткен жазда барғанда Айдарбек ағаның артта қалған қаншама қағаз-құжаттарын маған бір бума қылып қояр да қоймай «сенде болсын» деп арқалатып жіберген. Осы бір аманат, әсіресе, Жеңістің 70 жылдығы тұсында мені де жиі мазалайтын болған-ды. КА-Айдарбек 002-1Аруақ алдында өтелмеген парыздай сол бір мазасыздық сезімі тірі болса бүгінде тоқсанның төртеуіне келетін майдангер архивінің сарғайған парақтарына үңілдіре береді. Көзі барында да кеңесінде болғанбыз. Бірақ өткен шақтың елесіндей мына жәдігерлердің орны дәл қазір мүлдем бөлек, қымбат көрінетіндей. Мынау – Зеренді аудандық әскери комиссариатындағы есеп карточкасы. Онда 1941 жылдың желтоқсанында әскерге алынып, нақ сол айдан 1942 жылдың тамызына дейін Сталинград майданындағы №128 атқыштар полкінің құрамында шайқасқаны тайға таңба басқандай көрсетілген. Одан кейінгі жазба деректерінен біз қатардағы жауынгер атқыш Айдарбек Шаяхметовтің 1942 жылдың 25 тамызы мен 1943 жылдың ақпаны аралығында Австрия жерінде тұтқында болғанын ұғамыз. Бұдан соң тұтқыннан қашып Жеңіс күніне дейінгі екі жылдан астам уақытты югослав партизандарының жасағында күн-түн қатқан жортуыл-жорық жолдарында өткереді. Ал мынау – «Югославия партизаны – КСРО азаматы» естелік төсбелгісінің куәлігі. Бұл төсбелгі А.Шаяхметовке фашистік Германияны жеңудің 45 жылдығына орай Югославиядағы халық-азаттық соғысқа белсенді қатысқаны үшін беріліпті. Бір назар аударарлық жай, Югославия партизандарының Ұлы Отан соғысына қатысушы мәртебесіне ие болуы да дәл осы қарсаңда ғана. Бұған дейін олардың басым көпшілігі Ұлы Отан соғысына қатысушының жеңілдіктерін пайдалана алмады, қорланып жүрді. Тіпті, біраз партизандардың құжаттарын елге оралғанда арнайы тексеріс кезінде тартып алып қойған екен. Партизан ардагерлері әділдіктің орнауы үшін байтақ елде шашырап кеткен бір-бірін іздеп тауып, хат жазысып, кездесулер өткізіп, бірігіп ұзақ та табанды күрес жүргізген болатын. Күдікшіл де тоңмойын кеңес билігіне қырық бес жылдан кейін ғана сөздерін өткізіп, өздерін Отан үшін от кешкен кеңес жауынгері ретінде мойындатқан еді. Осы ізгі мақсат үшін 1989 жылғы қыркүйекте Қырым облысының Евпатория қаласында болған кездесуде Югославия халық-азаттық армия­сы ардагерлерінің Бүкілодақтық бірлестігі құрылған еді. Осы қозғалыстың, осы күрестің бел ортасында Айдарбек Шаяхметов те жүрді. Оның Югославия жерінде неміс фашистерімен ымырасыз шайқасқан 21 ұлт өкілдерінен тұратын алты мыңнан астам кеңес жауынгерлерінің жай қатардағы біреуі емес, нағыз сайыпқырандарының санатында болғанын айту ләзім. Үш рет жараланған. Югославия халық-азаттық армиясының 9-шы корпусы, 30-шы дивизиясы құрамындағы 18-ші екпінді орыс бригадасында өжеттің өжеті саналған, жанып тұрған өрттей өршіл рота командирі Айдарбек Шаяхметовті білмейтін адам жоқ-ты. Мен қазір қарап отырған, осыдан 35 жыл бұрын жазылған сарғайған партизан хаттары соған куәлік етеді. Соның бірін Мәскеу облысындағы Люберцы қаласынан 1980 жылдың 9 сәуірінде бұрынғы майдандас командирі, кейінгі генерал Григорий Жиляев жазыпты. Енді осы хат шерткен сырға зер салайық: «Қымбатты жорықтас партизан досым Айдарбек Шаяхметұлы! Са­ған сағынышты сәлем жолдап, өзіңе және отбасыңа мықты денсаулық, бақ-бере­ке тілеймін. Тура ертегідегі сияқты, 35 жыл­дан кейін біздің тағы бір бұрынғы ержү­рек серігіміз табылғанына жүрегім жары­ла қуандым. Қазақстанның басқа да тамаша ұлдары сияқты, сен де күні бүгінгідей есімдесің. Жарманов та, Жақсымбетов те, Қауымбаев та, Боранбаев та, Төлжан Құлқожинов та, Оспанов та, Қосжанов та, Шановпен қоса Райысов та (соңғы төртеуімен хат жазысып, көрісіп тұрамыз) – бәрі есімде. Тағы да Маңғыстаудағы Оңберген Шоңқалов бар ғой. Есентаев та есендікте. Біз бастан кешкенді ұмыту мүмкін бе, сірә?! Есіңде ме, апталап, айлап бір үзім нан көрмеуші едік қой. Тұзы жоқ сорпа мен шөптің тамырын қайнатып нәр еттік. Үнемі кескілескен ұрыс, қауіпті тау-құздардағы жорықты жолдарда жүрдік. Қыста да, жазда да ашық аспанның астында жамылғысыз жаурап жататынымыз жадыңда болар. Ал қаншама қыршын жас жігіттер, соның ішінде қазақтар да сол жақта, Альпінің тастақты топырағының астында мәңгілікке қалды. Осы жігіттердің мәңгі жас бейнелері де жадымда. Олар мүлдем қыршын кетті ғой. Қожахмет Жақсымбетов (шіркіннің дауы­сы қандай еді, белдемше келген мығым денелі) те, рота комиссарлары Қален Қауымбаев пен Шаяхмет Боранбаев та, сосын бізде саған дейін комиссар болған Ғабит (Сережа) Көлемеров, есіңде ме, ұзын бойлы санитар Айдарбек Теміров болып еді ғой, сосын рота командирі Леонид Халықов, ол да ұзын бойлы, сымбатты еді, қайғылы жағдайда қаза болды. Құттықадамов пен Әбілқайым Сәдібеков те Триестегі соңғы күндерде қайғылы қазаға ұшырады. Ол да ұзын бойлы, аққұба болатын. Барлығының бет-әлпеттеріне, кескін-келбеттеріне дейін есімде, бәрін де соңғы деміме дейін ұмыт­паймын. Олар нағыз қаһармандар, қыран ерлер болатын. Эх, Шаяхметов, сен ше? Сен де жүрек жұтқан өжет едің-ау. Қатардағы партизан­нан рота командиріне дейін жетуің бекер емес. Бізде аға лейтенанттар да, капи­тан­дар да болған. Бірақ оларды рота коман­дирі етіп қоймады. Демек, ерлік істерің­мен, партизандық қажыр-қайратыңмен ко­мандирлікке сен лайықты болғансың...». КА-Айдарбек-1  

А.Шаяхметов қазақстандық партизан достарымен. 1980-жылдар.

КА-Айдарбек 001-1

А.Шаяхметов Югославиядағы №1 советтік екпінді бригадада. 1945 жыл.

Сол сексенінші жылдардың өн бойында Айдарбек ағаға Ставрополь өлкесіндегі Черкесск қаласынан тағы бір майдандас досы Василий Мельников үзбей хат жазып тұрыпты. Бір ғажабы, Василий Григорьевич әрбір хатын: «Здравствуйте, побратимый друг Айдарбек и супруга-Шура» деп бастайды. Қандай ізет! «Андаласқан, бауырласқан досым» деп тұр ғой. Үнемі өзінің хал-жағдайын тәптіштеп айтып келіп: «Міне, осындай жағдайлар, Андрюша – Айдарбек!» деп қояды арасында. Партизан достары Айдарбек ағаны жақсы көретіні, сыйлайтыны байқалады. Осындай хаттар Евпаториядағы Георгий Пономаренкодан, Түркіменстанның Мары қаласындағы комбат Бейсен Райысовтан, Жамбылдағы Орынтай Қосжановтан, Маңғыстаудағы Оңберген Шоңқаловтан және басқа майдандастарынан үзбей келіп тұрған. Айекең өзі де қандыкөйлек достарға хат жазып, амандық білісуден әсте жалықпаған сыңайлы. Ал бұрынғы партизан қыз, кейін Ростов облысының Шахты қаласында тұрған Любовь Панкова Айекеңді желеп-жебеуші ағасындай көретін. Себебі, бұл қызды эшелонмен Германияға құлдыққа айдап бара жатқанда құтқарып қалған Альпінің арыстан партизаны Айдарбек болатын. Мұны біз отыз жылдың арысында жырға да қосқанбыз. Эшелон тұрды көгенде, Ұрандап келіп төменнен, Айқара ашып есікті, Түсіңдер қыздар дегенде. Маңдайда тұлым желбіреп, Көгілдір көзі мөлдіреп, Панкова Люба жылаған, Шаттықтан сонда еңіреп. Партизан Люба жалын жас, Жолдас та болды қарулас. Ауыр бір шақта соңынан Ағалап ерген қарындас... Ал енді осы Айдарбек ағамыз Альпідегі партизан соқпақтарына қалай тап болды? Ол да ерлікке толы өмір-өлім хикаясы. Оны ертеректе өз аузынан да естігенбіз, жетпісінші жылдардың орта шенінде журналистикадағы алғашқы ұстазымыз, Зеренді аудандық газетінің редакторы, марқұм Баймұрат Азнабайұлының сол кезде жазған «Ажал да қаймығады екен» атты тамаша эссе-очеркінен де оқығанбыз. Өмір бойы ұстаздық еткен Айекеңді сол кезде Зеренді атырабының орыс-қазағының ішінде білмейтін адам жоқ-ты. «Партизан» деген лақап атпен дүрілдеп тұрды. «Урал» мотоциклін, одан «Газ-69» автомашинасын мініп басшылардың да шаңын қағып жүреді. Көкшетау облысының шегінде ол кісіні тоқтатуға шамасы жететін ГАИ және жоқ. Тоқтатқан былай тұрсын, ол кісінің көлігінің төбесі көрінгенде тұра қалып өздері «честь» береді. Сыйлайды. Халық, әсіресе, жастар жағы керемет жақсы көреді. Өйткені, «Мінезі тіктеу, сөзі өктем. Соғыстың, бәлкім, сызы өткен. Көлгірсу көрсе – кенеттен Шырпыша жанып тыз еткен. Айдарбек аға – бауырға, Майдангер аға – ауылға. Қар жастанып, мұз төсеп, Соғысқан Альпі тауында»... Иә, тұп-тура осылай болатын. Айдарбек аға­ның партизандық әңгімелерін тыңдап әсер­лен­генде осындай өлең шумақтары өрілуші еді кеудемізде. Ал енді Югославия партизандарына қосылуының хикаясы былай екен. 1942 жылдың тамызында Сталинград түбіндегі текетірескен шайқастар кезінде бұлардың взводынан 11 солдат түн жамылып барлауға, «тіл» әкелуге аттанады. Басшылары – Айдарбек. Жаудың байланыс сымын қиып, «тілді» қолға түсіріп кейін қайтқанда бұларды біліп қалып, соңдарынан өкшелеп қуып оқ жаудырады. Айдарбек екі жігітті алып тосқауылға қалады да, басқа серіктеріне «олжаны» тездетіп штабқа жеткізуді бұйырады. Өздері кері бұрылып, автоматтарын кезене, күші басым жаумен атысып қала береді. Міне, осы жолы оқ тиіп жараланып, есінен танған Айдарбек тұтқынға түседі. Талай азапты көре жүріп Австрия жеріндегі конц­лагерьде ауыр жұмысқа жегіледі. Ақыры, осы төңіректегі тау ішінде партизандар бар екенін біліп, бір түнде тәуекелге бел буып, қашады. Жалғыз емес, қасында Анатолий Киселев және Райымқұл Тасжүреков деген жолдастары бар. Тау орманын кезіп жүріп іздеген партизандарына да жолығады-ау. Сонда бұларды алғаш қарсы алып, сенім білдіріп, жасаққа қосқан жоғарыда айтқан командирі Григорий Жиляев болатын. Сөйтіп, 1943 жылдың ақпанынан Жеңіс күніне дейін созылған партизандық қатал өмір, жорықты жолдар басталған еді. Иә, сан ұлт өкілдерінің арасында қа­за­ғының атына кіршік түсірмеген Ай­дарбек айбынды партизан бола білді. Не­ше сан ұрыс, операцияларға қатысты. Ер­жүрек, өжеттігінің арқасында рота коман­дир­лігіне жетті. Біздің партизан ағамыздың бойында да қаһарман Қасым Қайсеновтің қайсарлығы бар еді. Сол сұрапыл жылдарда: «Қайралып жауға шабылып, Шайқаста жүрдік сабылып, Жортуыл, жорық жолдары, Қатерін тосқан қағынып. Жай отын жауға түсірдік, Үрейін сөйтіп ұшырдық. Альпі мен Триест арасы Жорықпен біздің дүр­сілдеп. Өлім мен өмір арбасты, Біз жеңдік сонда, жау қашты. Партизан соқпақтарында да, Жеңісті жолдар жалғасты» деп ардагер партизан асқақ кеудемен айта алар еді. Партизан ерліктерінің қайсыбірін айтып тауысарсың. Кинода емес, шын өмірде, бұрқанған майдан төрінде, құрсанған оқ пен оттың арасында көпірлер де жарылды, темір жолдар да қиратылды, эшелондар тоқтатылып, құлдыққа әкетіп бара жатқан бейбіт адамдар да құтқарылды, жау колонналарына әзірейілдей тиетін партизандық жойқын шабуылдар да жасалды. Қоршауда қалып, қорғанып, Альпінің биіктегі мәңгі мұзарттарына шығып кеткен де күндер болды. Югославия халық-азаттық армиясы құрамындағы осы орыстың екпінді бригадасында қазақ жігіттері де көп болатын, бәрі де ер болатын. Бұлар 1945 жылдың 7 мамырында Триестен 40 шақырым жерде партизандық соңғы шайқасты өткізді. Сол жерде фашистік Германияға қызмет еткен югославтық опасыздар мен «СС» офицерлерін ақтық айқаста қайнаған кекпен, арыстандай ақыра жер құштырды. Сөйтіп, соғысты жеңіспен аяқтаған еді. Альпідегі партизандық соғыстарда қаншама қазақстандық һәм қазақ боздақтары оққа ұшып, сүйектері жат жерде қалды. Жат жерде жан қиғанмен, олар туған ел мен Отанын қорғаған-ды. Бүгінде толайым тоқсандағы қарт майдангер, қайраткер жазушы Қалмұқан аға Исабаевтың тынбай ізерлеуімен осыдан төрт-бес жыл бұрын Триест қаласында фашизмге қарсы майданда қаза тапқан қазақ елінің боздақтарына арналған ескерткіш кешені ашылғанына мың алғыс. Ал Айдарбек Шаяхметов үш мәрте ауыр жараланса да Алла жарылқап аман-есен елге, көркем Көкшетауына, зерлі Зерендісіне, сағынған Сарымсақтысына оралды. Оның алдында орыстың екпінді бригадасы түгелдей Белградқа келген-ді. Югославияның жаңа үкіметі оларға сый-құрмет көрсетіп, марапаттар тапсырады. Міне, мен осы мақаланы жазу үстінде Айдарбек ағамыздың Югославияның фашистерге қарсы халық-азаттық қозғалысы төрағасының 1945 жылғы 7 маусымдағы №269 бұйрығына орай алған №10640 «Батырлығы үшін» орденінің куәлігін және басқа марапаттар құжаттарын алдыма жайып салып отырмын. Ал 18 маусымда Югославия Социалистік Федеративтік Республикасының халық қорғаныс министрлігі А.Шаяхметовке осы орденді тағып жүруге рұқсат ететін анықтама беріпті. Бұған қоса партизандық құрама командирі берген мінездеме және бар. Онда Қазақ КСР-ы Ақмола облысы, Зеренді ауданының Сарымсақты колхозында 1921 жылғы 15 қыркүйекте туған А.Шаяхметов жолдастың Маршал Тито басқаратын партизандар штабына 1943 жылғы 4 қазанда келгендігі, өзін аса тәртіпті жауынгер ретінде танытып, фашистерге қарсы ұрыстарға белсенді қатысқаны айтылған. Кейінгі бейбіт жылдарда да Югославия үкіметі өз жерін жау­дан азат ету жолында аянбай шайқасқан ержүрек партизан Айдарбек Шаяхметовті ұмыт қалдырмады. 1982 жылғы 8 маусымда соғыс ардагерін құрмет пен алғыс белгісі ретінде Естелік медалімен, 1983 жылдың 25 ақпанында азаттық күресіндегі ерліктері үшін күміс венокты Туысқандық және Бірлік орденімен марапаттады. Бұл деректерге тағы бір қосарымыз, Ай­дар­бек Шаяхметовтің Сталинград түбінде «тіл» әкелуге барған сәтсіз түнде тұтқын­ға түскенін баяндап едік қой. Ол сондағы ерлігі үшін «қайтыс болғаннан кейін» «Қы­зыл Жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Бұл марапат иесін 1967 жылы ғана тау­ыпты. Ол орденнің куәлігін, міне, аялай ұстап отырмын. Шын мәнінде де, Айдар­бек ағамыз ел-жұрты үшін аяулы, ардақ­ты кісі еді. Өмір бойы ұстаздық етіп, жас ұрпақты тәрбиеледі. Қарт майдангер бүгін­гі бейбіт заманды мүмкін еткен аға ұрпақ­тың ерлік жолына үлкен құрметпен қарап, жастарға соны өнеге етті. Жан-жүре­гінде үлкен ардагерлік парасат бар еді. Өмі­рінің соңғы 10-15 жылын түгелдей дерлік партизан достарына арнап, солармен ха­барласып, хат жазысып, кездесіп тұрды. Бәйбішесі Шәрбанды, інісі Төкешті ертіп Айдарбек ағаның Шахты, Орел, Жам­был қалаларындағы майдандастармен өткен кездесулерге мәре-сәре барып-келіп жүре­тіні біздің де есімізде. Партизандық, жауынгерлік ерлік рухымен өмір сүрді, ақтық демін алғанша. Өзінің партизан жаса­ғындағы командирі, генерал-лейтенант Григорий Жиляевтің аузына лирикалық толғауымызда мынадай өлең шумағын салған едік: «Өзің бір жанған от едің, Оны айтпай қалай өтемін. Парызды Отан-Анаға, Айдарбек, сен де өтедің». Бір ғана тілегіміз бар, Отан алдындағы парызын өтеген ержүрек партизан Айдар­бек Шаяхметовтің есімі туған елі мен жері Зе­рендіде де ескеріліп, еленсе екен, неғұр­лым толымдырақ, аты мен затына сай қас­тер­­ленсе екен дегіміз келеді. Солай болса Қы­­зылегістегі Шәрбан апамыздың да тол­қу­лы көңілі тоғайып, бір қуанып қалар еді-ау... Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан». Алматы