“Қара құрлықта” футболдан әлем чемпионаты дүрілдеп өтіп жатқанда, жамбылдық шенеуніктер де тараздық жас футболшыларды тосын сыйлықпен таңқалдырып тастады. Ол сыйлықтың “авторы” Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев десек те жарасатын сияқты.
Атап айтсақ, Әйтеке би көшесіндегі №11 көпқабатты тұрғын үйдің ауласынан шағын футбол алаңы ашылды. Ерекшелігі – ол жасанды “шөппен” жабылған. Көгалдан айырмасы жоқ бұл жасанды жамылғыны іскер азаматтар сонау Голландиядан арнайы алдырыпты. Сөздің тоқетері, балалар алаңсыз ала доп тебетін алаңның құрылысы халықаралық талаптарға сай.
Айтпақшы, балалар мен олардың ата-аналары үшін таптырмас алаң облыс бойынша футболды дамыту бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылыпты. Әкімнің айтуына қарағанда, алдағы уақытта облыс көлемінде осындай 20 футбол алаңы салынбақшы екен. Оның тең жартысы Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласынан орын теппек.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында Қазақстан халқының кемінде 30 пайызын бұқаралық спортпен қамту мәселесі алға қойылғаны белгілі. Сондықтан бұқаралық спорттың дамуына біз ерекше көңіл бөлеміз. Футбол алаңдарымен бірге, биыл облысымызда 20 бокс залын ашамыз. Спорттың басқа түрлерін дамыту бойынша да жоспарлар бар, – деді ауладағы жасыл алаңға келіп, ала допты алғашқылардың бірі болып тепкен облыс әкімі Қ. Бозымбаев.
Аталған футбол алаңдары тек демеушілердің көмегі есебінен салынуда. Мұндай бастаманы енді аудан әкімдері қолға алмақшы.
–Мен осы үйдің “басшысы” деген жауапкершілікті мойныма алған кезде 38 жаста едім, қазір 68 жасқа келдім. Яғни, аула балалары 30 жылға жуық қара топырақтың үстінде доп қуып келді. Енді, міне, облыс әкімі Қанат Алдабергенұлының бастамасымен ақ шаңдақ жер жасыл түсті жасанды жамылғымен түрленіп шыға келді, – дейді Сәния Асанова апай қуанып.
Бүгінде облыста 4 000 бала футбол спортымен айналысады. “Тараз” футбол клубының көптеген ойыншылары алғашқы голдарын осындай шағын алаңдарда соққанын ескерсек, Әйтеке би көшесіндегі №11 үйдің ауласынан болашақ Лионель Месси, Криштиану Роналду және Дэвид Бекхэм сияқты жұлдыздар шығып жатса, еш таңқалмаңыздар.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.