10 Шілде, 2010

Президент поштасынан

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
“СІЗ ДЕНСАУЛЫҚҚА ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛЕТІН БАСШЫСЫЗ ”Мемлекет басшысының атына Тараз қаласынан медицина ғылымдарының докторы, академик Сейітхан Жошыбаевтан хат келді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі. Бүгінде Тараз қаласындағы Кардиохирургия орталығында қызмет атқаратын С.Жошыбаев хатында тарихи Отанына оралуы “Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық қызметті дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасының” қабылдануымен тұспа-тұс келгенін жазады. Бұл бағдарлама, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйенің енгізілуі өңірлерде кардиохирургияның дамуына серпін берді. Академиктің баяндауынша, “қысқа мерзім ішінде барлық облыс орталықтарында кардиохирургиялық бөлімдер ашылып, жұмыс істей бастаған. Ендігі жерде жүрек ауруының сипатын анықтау үшін емделушілердің Астанаға немесе Алматыға баруының қажеттігі жоқ. Әрбір емделуші облыс орталығында тексерістен өту мүмкіндігіне ие. Көптеген өңірде жүрекке операция жасала бастады. Бұл халықаралық деңгейдегі жетістіктерге тездетіп жету, әлемнің дамыған 50 елінің қатарынан орын алу жолындағы үлкен іс”. Автор сондай-ақ қазіргі уақытта Елбасының “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы мен Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму жоспарын жүзеге асыру мақсатында әзірленген, Қазақстанның медицина саласы­ның жұртшылығы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған “Саламатты Қазақстан” мем­лекеттік бағдарламасын талқылап жатқа­нына тоқталады. “Мен оралман ретінде өтіп жатқан оқиғаларды салыстырмалы түрде бағалаймын. “Саламатты Қазақстан” бағдарламасын жүзеге асыру еліміздің денсаулық сақтау саласын едәуір жоғары деңгейге көтереді. Дәрігер ретінде мен Сізге мықты денсаулық тілеймін. Сіз денсаулыққа ерекше көңіл бөлетін басшы және азамат ретінде баршамызға үлгі көрсетіп келесіз”, – делінген хатта.