ПЕТРОПАВЛ. 25 ақпан. Петропавлда Қазақстан іскер әйелдер Ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаеваның, облыс әкімі Ерік Сұлтановтың, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибраимованың қатысуымен іскер әйелдердің ІІ форумы өтті. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Мәртебелі меймандар форум басталмас бұрын Vizavi company ЖШС-де болып, озық технолологиялардың қолданылу жайымен танысты. Серіктестікті көп жылдан бері Лейлә Сайдашева басқарып келеді. Кәсіпорында 150 адам еңбек етеді. Кондитер өнімдері елімізбен қатар экспортқа да жөнелтіледі. Бұдан кейін Погодин атындағы орыс драма театры фойесінде орналастырылған тауарлар көрмесі тамашаланды.
Форумды ашқан аймақ басшысы Ерік Хамзаұлы жиналғандарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. Елбасының индустриалдық-иннновациялық даму бағдарламасын жеделдету жөніндегі тапсырмаларының орындалу жайына тоқталып, 32 жобаның іске қосылғанын жеткізді.
«Даму»» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова кәсіпкерлер әйелдерді бір қуантып тастады. Оның айтуынша, осы жылдың 1 сәуірінен Үкіметте кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу қолға алынады. Ол бойынша бұдан былай шағын қалалар мен ауылдарға да ,салалық ерекшеліктерге қарамастан, жеңілдікті субсидия берілетін болады. Ал, мамырдан бастап әйелдер кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасы мәре алады. Бұл орайда, банктер 14 пайыздық үстемемен несие беріп, оның 10 пайызы субсидия есебінен өтеледі.
Қазақстан іскер әйелдер Ассоциациясының президенті Раушан Сәрсембаева елімізде 30 мыңға жуық әйелдің шағын және орта бизнес саласында жүргенін, жалпы ішкі өнімнің 40 пайызы нәзік жандарға тиесілі екенін, Ассоциация 5 мыңнан астам іскер қыз-келіншектерді топтастыратынын, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қазақстанда жасалған» брендіне ерекше назар аударылып отырғанын, осы себепті жергілікті өнімдер мен тауарларды өндіруге қамқорлық алда да жалғаса беретінін тілге тиек етті.
Қазақстан бойынша шағын бизнесті қолдау орталығының менеджері Алма Қасымова еуропалық банктерде шағын және орта бизнеске қызмет ететін арнайы бағдарламалардың жұмыс істейтінін, елімізде бизнес-жоспарларды жасау, қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін қайтарымсыз гранттар берілетінін жеткізді.
Форум делегаттары үндеу қабылдады.
Алқалы басқосуды қорытындылаған Е. Сұлтанов облыстық іскер әйелдер ассоциациясының төрайымы, белгілі кәсіпкер Бақытжан Сәмиеваны гендерлік саясат мәселелері бойынша өзіне көмекші етіп тағайындайтынын жариялады.
Өмір Есқали.
Дерек, сурет: Солтүстік Қазақстан облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.