25 Ақпан, 2015

Атырауға Омбы кәсіпкерлері келді

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
DSC_0624АТЫРАУ. 25 ақпан. Атырау облысындағы әріптестерімен тығыз байланыс жасау үшін Ресейдегі Омбы облысының кәсіпкерлері келді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұдан былай сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және өзге де салалардағы қарым-қатынасты нығайтуды көздеген атыраулық және омбылық кәсіпкерлер өзара келісім аясында бір-бірімен жиі кездесуге уағдаласты. «Біз Атырауға бірінші рет келіп тұрмыз. Бұл өңірдің экономикасын дамытуда мұнай-газ өнеркәсібіне басым бағыт беріледі. Кәсіпкерлердің ісі Омбыда да, Атырауда да бір-бірімен өте ұқсас. Біздің бұл сапарымызда Атырауға Омбы облысындағы 9 компанияның өкілі келді. Әсіресе, «Газпромнефть-ОНПЗ», «Титан» секілді кәсіпорындардың Атыраудағы әріптестерімен байланысы нығайғанын қалаймыз. Біз атыраулық кәсіпкерлермен өзге де салаларда қарым-қатынасымызды кеңейткіміз келеді. Бұл сапар екі ел кәсіпкерлері үшін пайдалы әрі жемісті боларына сенемін», деді Омбы облыстық сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті Андрей Титов. Омбылық кәсіпкерлердің Атырауға сапары мұнай-газ өнеркәсібі саласында кәсібін дөңгелеткен шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуден басталды. Атырау облысы кәсіпкерлер палатасының басшылығы өңірді өркендету жөніндегі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен таныстырды. Ресей кәсіпкерлері «АтМӨЗ», «Ембімұнайгаз» және «Рауан Налко» секілді мұнай-газ өнеркәсібі саласындағы іргелі кәсіпорындарды аралап, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігімен жұмысымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. «Біздің жұмысымыздың басым бағытының бірі – Еуроазиялық экономикалық одақ аясында шекаралас өңірлер арасындағы байланысты кеңейту. Омбылық кәсіпорындар өнімі мен жұмысы біздің кәсіпкерлерімізді қызықтырады. Сол себептен бұдан былайғы уақытта екі облыстың кәсіпкерлері бір-бірімен тығыз байланыс жасап, өзара тиімді келісімдер жасайды деп ойлаймын», деді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек, сурет: Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы. DSC_0644