25 Ақпан, 2015

Кипр Ресейге қатысты санкцияларға қарсылық білдірді

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

25-02-15-kipr

АСТАНА. 24 ақпан. Кипр Ресейге қатысты санкцияларға қарсылық білдірді. Бұл туралы Lenta.ru хабарлайды. Кипрдің президенті Никос Анастасиадис Мәскеуге барған ресми сапары барысында агенттікке берген сұхбатында санкцияларға қатысты сын айтты. Оның айтуынша, санкцияны салушылар көздеген нәтижелеріне қол жеткізген жоқ. «Еуроодаққа мүше болғалы бері Кипр Ресей Федерациясын маңызды стратегиялық серіктес ел деп есептейтін және әрі қарай да солай есептейтін елдердің тобына кірді», - деді ол. Анастасиадис  Кипр мен Ресейдің өзара тығыз байланыста екенін айтты. «Бұл қарым-қатынас біздің экономикамыз бен қорғаныс жүйесіне қатысты. Біз Ресейден жеңілдетілген несие алдық, Кипрге Ресейдің мыңдаған фирмасы инвестиция әкеліп отыр. Бізде 30 мың ресейлік азамат тұрады. Туризм де сіздердің отандастарыңыздың арқасында едәуір дамып келеді. Сондықтан бұл санкциялар тек Ресейге ғана емес, Кипрге, Австрияға, Испанияға, жалпы, күллі Еуропаға кері әсер етіп отыр», - деді ол. Анастасиадистің сөзіне қарағанда, Кипр көптеген еуропалық елдердің экономикасындағы ахуалды қиындатып, Украина халқының келешегі үшін ешқандай пайда әкелмеген санкциялардың мақсаты туралы сұрақты Еуропалық одаққа ашық түрде қойып отыр. «Еуропалық одаққа мүше елдердің көпшілігінде санкциялардың мүмкіндік туғызудың орнына, еуропалық елдер мен халықтарға керісінше әсер етіп жатқаны туралы пікірлер күшейіп келеді. Кипр - шағын мемлекет және бізде алпауыт елдердің позициясына ықпал ететін мүмкіндік жоқ, бірақ біз осылайша аз болса да санкцияның зардабын азайтып, жұмсартқымыз келеді», - деп мойындады Кипр президенті Никос Анастасиадис. Еске сала кетейік, бұған дейін Канаданың Ресейге қарсы жаңа санкцияларды енгізгені туралы хабарланған еді. Ақпанның 18-нде Канаданың премьер-министрі Стивен Харпер Ресей мен Украинаның 37 азаматының елден шығуына тыйым салу туралы, 17 ресейлік және украиналық компанияға экономикалық санкциялар енгізілгені туралы мәлімдемені жариялады. Ресейге қарсы жаңа санкциялар Украинадағы соңғы апталардағы сарбаздардың әрекеттеріне жауап ретінде енгізілген. Мұрат Айтқожа.