АСТАНА. 25 ақпан. Кеше түнде Чемпиондар лигасының 1/8 финалдағы кезекті екі ойыны ойналды. Олардың бірінде – меймандар, екіншісінде алаң иелері жеңіске жетті. Бұл туралы Football.ua хабарлады.
Ағылшынның Манчестер қаласында «Манчестер Сити» мен испанның «Барселонасы» кездесті. Бұл екі команда өткен жылғы 1/8 финалдың бірінші матчында да тап осылай Альбион жерінде ұшырасқан еді. Онда манчестерліктер барселоналықтардан 0:2 болып ұтылып, іс жүзінде гирек финалға шығу мүмкіндігінен айрылып қалған. Бұл жолды да жеңістің жетегі «қалалықтарға» қарай құлады. Олар кездесудің 16 және 30-минуттарында Луис Суарес (суретте) соққан екі голдың арқасында тағы да 2:0 есебімен алға шықты. Алайда, ойынның екінші бөлігінде, дәлірегі 69-минутта Серхио Агуэро бір жауап доп қайтарып, өз командасын «құрғақ есептен» қорғап қалды. Бұл жолы да «Ситидің» бір ойыншысы алаңнан қуылды. Бірақ ол өткен жылы Демикелистің алаңнан кеткеніндегідей ойынның ақырғы нәтижесіне әсер кеткен жоқ. Себебі, Гаэль Клиши 74-минутта «қызыл қағаз» алғанға дейін-ақ ол нақтыланып қойылған еді. Дегенмен, матчтың ең соңғы демі соғылып жатқанда барселоналықтардың тағы бір гол соғатындай мүмкіндіктері болып еді. Әйткенмен, Лионель Месси 90+4 минутта белгіленген пенальтиді соға алмады.
Италияның Турин қаласында жергілікті «Ювентус» пен Германияның «Боруссия» (Дортмунд) командалары ұшырасты. Мұнда да 2:1 деген есеп тіркелді. Бірақ ол алаң иелерінің пайдасына шешілді. Қорытынды есеп бірінші таймда-ақ жасалып қойды. Есепті туриндік Карлос Тевес 13-минутта ашты. Арада 5 минут өткенде неміс Марио Ройс таразы басын теңестірді. Ал 43-минутта Альваро Мората «Ювентусты» алға шығарды.
Бүгін түнде 1/8 финалдық кезеңнің бірінші ойындары аяқталады. Бұл жолы алаңға «Арсенал» (Лондон, Англия) – «Монако» (Монако, Франция), «Байер» (Леверкузен, Германия) – «Атлетико» (Мадрид, Испания) шығады.
Жауап ойындар 10, 11, 17 және 18 наурыз күндері ойналады.
Дамир Қожамқұл.
Дерек: Football.ua.
Сурет: «Чемпионат.Ру».