25 Ақпан, 2015

«Барыс» бес ойын қатарынан жеңіске жетті

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Барыс-Торпедо 24.02.2015 сурет 01АСТАНА. 25 ақпан. «Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының тұрақты чемпионатында Нижний Новгородтың «Торпедосынан» 4:2 есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Астанадағы «Қазақстан» спорт сарайында өткен ойын айдын иелерінің басымдығымен басталды. Небәрі 3-минутта қонақтар сапынан Виктор Другов кіші айыппен жазаланып, «Барыс» ойыншы басымдығына ие болды. Өздеріне берілген мүмкіндікті мүлт жібермеген астаналықтар 3-минутта есеп ашты. Голдың авторы – Найджел Доус. Артынша «Торпедо» ойыншылары да екі мәрте ойыншы басымдығына ие болғанымен, есепті теңестіруге шамалары жетпеді. Ал тартыстың 13-минутында қос бірдей қорғаушыны қапы қалдырып, қақпашымен бетпе-бет шыққан Талғат Жайлауов командасының екінші шайбасын соқты. Бұл жолы нәтижелі шабуылды ұйымдастырған «Барыс» қақпашысы Ян Лацо мен шабуылшы Дастин Бойд екенін айта кетейік. Екінші кезеңде айдын иелері негізінен қорғанысқа көңіл бөліп, көбіне қарымта шабуылға иек арта ойнады. Қарсыластарының қарқыны бәсеңдегенін байқаған ресейліктер шабуылдарын күшейтті. Нәтижесінде, 38-минутта Никита Двуреченский мергендігімен көзге түсіп, есеп айырмасын қысқартты. Шешуші кезеңнің басында Двуреченский дубльдің авторы атанып, есепті теңестірді. Десек те, астаналық команда ойын соңына дейін екі шайба соғып, тұрақты чемпионаттың соңғы ойынын жеңіспен аяқтады. Аталған екі нәтижелі соққыны Николай Антропов пен Константин Пушкарев жасағанын айта кетейік. Осымен ҚХЛ-дың тұрақты чемпионаты 2014-2015 жылғы маусымның шымылдығын түсірді. Енді алда плей-офф кезеңі. 28 команданың ішінен үздік шыққан 16 ұжым «Гагарин кубогын» сарапқа салады. Бұл кезеңнің алғашқы сатысында «Барыс» омбылық «Авангардпен» ойнайды. Қос команда алдымен 28 ақпан және 1 наурыз күндері Омбыда шеберлік байқасады. Ал 3-4 наурыз күндері «Барыс» «Авангардты» өз айдынында қабылдайды. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hcbarys.kz. Барыс-Торпедо 24.02.2015 сурет 04 1