25 Ақпан, 2015

Қостанайда ақын кітабының тұсаукесері өтті

952 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
IMG_0516ҚОСТАНАЙ. 25 ақпан. Қостанайда Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап кітапханада жас ақын Абылай Маудановтың «Сары дәптер» кітабының тұсаукесері өтті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Сары дәптер» – Абылайдың тұңғыш жыр кітабы. Ақын өлеңдері бұған дейін бірнеше жыр жинақтарында жарық көрген болатын. Сонымен қатар Қостанайда өткен жыр сайыстарында және «Бір өлең – бір әлем» мүшайрасында үшінші, «Шабыт» республикалық фестивалі аясындағы жыр бәйгесінде бас жүлдені жеңіп алған болатын. Ал мына тұңғыш жыр кітабының тұсаукесері Абылайдың өлең өлкесіндегі талант екенін айғақтайды. Жыр кешіне үлкенді-кішілі оқырмандар көп жиналды. Өлең өлкесіне қанат қаққан Абылай Мауданов пен оның осы өңірдегі тұрғыластары Қостанай топырағы құнарының азбағандығына дәлел. Соңынан ергендерге ақыл-кеңес, пікірін айтатын Ғұмар Ахметчин, Серікбай Оспанұлы, Әсия Беркенова, Ақылбек Шаяхмет, Нағашыбай Мұқатов секілді әдебиет майданында өзін мойындатқандар да тұсаукесерде отырды. Серікбай Оспанұлы: «Қадыр айтқандай, ақын басқалар айта алмаған сөзді айтуы керек... Абылай – лирик ақын. Абылай бақытын лирикадан іздеуі керек. Лирика деген сөз нәзіктік, Абылайдың жаны сол» десе, ақын Ақылбек Шаяхмет: «Абылайда Кеңшілік ағасының шұрайлы тілі, Серік Тұрғынбеков ағасының ойы, Сейіт ағасының уытты қалжыңы бар» деді. «Әсия Беркенова: «Адамгершілік туың болсын» дегенді өсиеттеді. Абылайдың туған жері де Торғай төсі, Қойшығара, Төлен, Кеңшілік, Сейіт секілді көптеген таланттарды берген өңір. Сондықтан ол тұңғыш кітабының тұсаукесер кешін «Көкалатым--киелім» деп атапты. Кешке жиналғандар Абылай Маудановтың өлеңіне жазылған Марғұлан Оспанның әндерін жас актер Асылан Кенжетайдың орындауында тыңдады. Сонымен қатар сатира ауылында да көрініп жүретін Абылайдың әңгімелері сахнадан оқылды. Нәзира Жәрімбетова. Деерк, сурет: egemen.kz. IMG_0520 IMG_0526