Жақында газет редакциясына Павлодар облысының Екібастұз қаласына қарасты Ақкөл ауылының бір топ зейнеткерлері атынан хат келді. Компьютермен теріліп, пошта конвертіне салынған үш жарым беттік хатқа аты-жөндері көрсетілген он бес зейнеткер қол қойыпты.
«Біз де туған ауылымыздың, кіндік қанымыз тамған жеріміздің мерейі үстем болғанына марқаямыз, – деп жазады зейнеткерлер. – 2013 жылдың 7 шілдесі күні Ақкөл ауылында саябақ ашылып, онда сол ауылда туып-өскен еңбек ардагерлеріне, қоғам қайраткерлеріне арналған ескерткіш тақта орнатылғанын естігенде, қатты қуанған едік. Оның алдындағы жылы Павлодар өңіріне кеңінен танымал Исабек ишан хазіретке арнап зәулім кесене салынған болатын. Кесененің құрылыс жұмыстарын жүргізу мақсатында «Исабек ишан атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігі құрылды. Қорға Павлодар облысы мен Екібастұз өңіріндегі елді мекендер тұрғындары шама-шарқынша қаржылай көмек беріп, өз үлестерін қосты. Ал қорды Зекен Құсайынов, Әбілхақ Түгелбаев секілді азаматтар басқарды. Олардың еңбектерін жоққа шығарудан аулақпыз. Десек те...».
Сонда зейнеткерлердің наразылығын тудырып, «Егеменге» хат жазуға мәжбүр еткен қандай мәселелер, нендей жағдайлар? Бұған хатпен танысу барысында көз жеткізгендей болдық. «Қор мүшелері өздерінің бастапқы ойы – ескерткіш тақтаға Ақкөлдің дамуына еңбегі сіңген, осы ауылда туып-өскен, түрлі салада жемісті еңбегімен танылған азаматтардың есімдерін жазу кезінде шындықтан ауытқып кеткен, – деп атап көрсетеді осы жөнінде зейнеткерлер. – Сөйтіп, қор мүшелері ескерткіш тақтаға жазылатын адамдар тізімін жасау міндетін мойнына алған ауыл әкіміне өз биліктерін жүргізіп, ескерткіш тақтаға Ақкөлде тумаған, тіпті, бір күн де тұрмаған таныстарының, құда-жекжаттары мен руластарының, сондай-ақ, ауылымызға еш қатысы жоқ 50-ге жуық адамның есімдерін жазыпты».
Зейнеткерлер осы елуге жуық адамның бірқатарының аты-жөндерін атап өткен екен. Мысалы, Рысты Жұмабекова, Тәжен Жақыпов, Өлкен Құсайынов, Жақа Нұрғазин, Ермек Әбдуалиев, Бақтыбай Амантаев, Мырзағали Ерғалиев, Нығи Нарынбаев, Анар Түгелбаева, Самат Мұрзалин, Бахирден Төлебаев, Аслан Нұрмағанбетов, тағы басқалар бар. Хат иелері бұл әділдікке жатпайды деп есептейді. Олар ескерткіш тақтаға есімдері жазылған осы адамдардың кім екендігін, қандай қызметтер атқарғанын, Ақкөл ауылына қандай еңбек сіңіргенін білмейді де екен.
Ал қайырымдылық қорының мүшелері болса, «жалпы ол адамдар да Ақкөл – Жайылмаға жақын аудандарда туған» дегенді алға тартатын көрінеді. Саябақтағы ескерткіш тақта аудандардағы ардагерлерге емес, Ақкөл ауылында еңбек еткен, осы елді мекеннің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ағалар мен апа-әжелердің есімдерін мәңгі есте қалдыру үшін орнатылды емес пе? Бұл расында да ауыл тарихын бұрмалаушылық болып табылады.
Редакцияға жолдаған хатында зейнеткерлер ескерткіш тақтаға кезінде Ақкөл ауылының өсіп-өркендеуіне айтарлықтай үлес қосқан бірқатар жандардың есімдері кірмей, ұмыт қалғанын да келтіреді. «Шын мәнінде, Ақкөл құрылғалы бері сол жерге маңдай терін төгіп, саналы ғұмырын еселі еңбек етумен өткізген, осы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан, есімдері құрметке лайық біраз адамның аты-жөндері ескерткіш тақтадағы тізімнен табылмады, – деп жазады ардагерлер осы жөнінде. – Мәселен, Ақкөлде алғаш ашылған жетіжылдық мектептің директоры болған, қадірлі ұстаз Мұқатай Мұсабеков, кеңшар құрылғаннан бері ұзақ жыл ферма басқарған Шәки Кәкенов, үш бірдей орденнің иегері, үлгілі шопан Мәрзия Шапатова, тағы бір озат шопан Бәкір Көпежанов, жылқышы Қаппар Айдарбеков және басқа бірқатар ардагер ұмыт қалған. Бұлар – өздерінің ерен еңбегімен Ақкөлдің өркендеуіне зор үлес қосқан, осы елді мекеннің тарихында есімдері алтын әріптермен жазылуға тиісті жандар. Ақкөлдің тарихы осындай жандардың еңбегі арқасында құралды емес пе? Олардың ел үшін, халық үшін атқарған істерін неге ұмыттық?
Әділдік пен шындық әкімге де, қарапайым жұртқа да, жалпы барлығымызға бірдей екенін естен шығармаған жөн. Ал қайырымдылық қорының басы-қасында жүргендер орын алған олқылықтарды, жіберілген кемшіліктерді айтқан адамдарды «тырнақ астынан кір іздеушілер» дейтін көрінеді. «Қордың басшысы Зекен Құсайынов осындай олқылықтарды айтқан біздерді «тырнақ астынан кір іздеушілер» деп атайды екен, – деп жазады хат иелері осы мәселе жайында. – Ескерткіш тақтадағы тізімге қатысты дау шыққан соң, Құсайынов «Біздің бұған қатысымыз жоқ, бұл іске жауапты емеспіз» деп жауапкершіліктен ат-тонын ала қашуда. Ал Ақкөл ауылының әкімі Бақтияр Ақтаев «Тізімді мен жасаған жоқпын, тізімді бізге Исабек ишан атындағы қайырымдылық қоры берді», деп ол да жауапкершіліктен жалтаруда».
Зейнеткерлердің наразылығын тудырып, хат жазуға мәжбүр еткен мәселелерден ауыл атқамінерлерімен қатар, Екібастұз қаласының басшылары да жақсы хабардар екен. Мәселенің оң шешілуіне араласуымызды өтінген хатта ол анық көрсетілген. «Екібастұз қаласының әкімі А.Вербняк мырзаға жазған хатымызға әкімнің орынбасары А.Марданова мен әкім аппаратының жетекшісі М.Адасбаева берген жауапта: «Ақкөл ауылының еңбек ардагерлеріне қойылған ескерткіш тақтаны орнатумен «Исабек ишан атындағы қайырымдылық қоры» қоғамдық бірлестігі айналысты. Бұған біздің (әкімдіктің) ешқандай қатысымыз жоқ» делінген, – деп жазады зейнеткерлер. – Облыс әкіміне жазған хатымызға да осы тектес жауап алдық. Осылайша, олар бізді допша домалатып, бір-біріне сілтеумен келеді».
Ескерткіш тақтадағы тізім жайы Екібастұз қаласының әкімі А.Вербняктің осы жылдың 6 ақпанында өткен тұрғындар алдындағы есеп беру жиынында да көтеріліпті. Жиын үстінде қала басшысы Ақкөл ауылының әкімі Б.Ақтаевқа осы мәселеге байланысты ауыл тұрғындарымен жиын өткізіп, наразылық тудырған жайттарды талдап, әділ шешім қабылдауды тапсырған екен. «Бірақ, қала әкімінің тапсырмасын құлағына ілген Ақтаев жоқ», – деп өкініш білдіреді зейнеткерлер.
Хат иелері, сондай-ақ, тізім жасағандардың бұл іске жүрдім-бардым қарағандарын да нақты дәлелдер келтіре отырып, атап көрсеткен. «Тізімді түзген олар өздерінің ана тілі – қазақ тілінен сауаттары төмен екендіктерін байқатты. Ол тақталардың атауларынан анық көрініп тұр», – дей келіп, оған қатысты бірқатар мысалдарды алға тартады. Негізінен олар тақталар атауларының дұрыс жазылмағандығына байланысты.
Бірнеше тақта атауының тақтада қалай жазылғандығын тырнақшаға ала отырып, сол күйі келтірейік. «Еңбек Ерлері Ленин ордені иегерлері», «Ақкөл – Жайылмадан шыққан Қоғам, Мемлекеттік қайраткерлері», «Ұстаздар, жазушылар мен БАҚ», «Ақкөл – Жайылмадан шыққан ел, кәсіпорын басшылары».
«Біздіңше, ақиқатты бұрмалауға, оны жоққа шығаруға ешкімнің хақысы жоқ, – деп қорытындылайды хатын зейнеткерлер. – Бұл азаматтардың құқығына қол сұғу, сеніміне қаяу түсіру, айрандай ұйып отырған ауыл тұрғындарының арасына жік салу болып табылады. Әділдігі сол, тізімді қайта қарау керек. Біз ескерткіш тақтадан шын мәнінде Ақкөлге еңбегі сіңген жандардың ғана есімдерін көргіміз келеді. Сонымен қатар, қор мүшелерінен жіберілген қателерді түзетулерін талап етеміз».
Хат осылай аяқталады. Ал бұған облыс, аудан және қала басшылары не дейді?
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».