14 Тамыз, 2015

Мәңгілік Ел мұратына адалдық

634 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
000 (1) Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республи­­­­ка­­­­­сының Президенті лауазымына кірісу сал­танатында: «Президент сайлауы Қазақ­стан хал­қының кемеңгерлігін бүкіл әлемге паш етті. Ел бір­лігіне беріктігі мен кемел келешекке сені­мін танытты. Мәңгілік Елдің мызғымас ұстын­­­да­рына адалдығын көрсетті. Бұл таңдау – жар­қын болашаққа қадам басқан Қазақстанның таң­­­дауы!» – деп тебірене сөзін бастаған еді. Иә, ғасырлар тоғысында, яғни XX ғасырдың аяғы мен XXI ғасырдың басында Қазақ мемлекеттілігінің тәуелсіз, еркін туы қайта желбіреп, шаңырағы бәйтеректей биіктеді. Орта ғасырларда қазақ мемлекеттілігінің бас­тауын қалаған, сол кездегі алып империялармен иық тірескен Түрік қағанаты Күлтегін бітіктасына Мәңгілік Ел мемлекеттік идеологиясын халқына саяси манифест, үндеу ретінде жариялаған еді. «Осы құндылықтарға адалдық біздің Мәңгілік Ел – ғасырларға ұласатын күшті де тиімді мемлекет құру туралы арманымызды жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деп, Елбасы президенттік сайлаудағы жеңісіне арналған ұлықтауда қуаттай түсті. Ал, осы егеменді мемлекеттің бастап­­­қы қиын-қыстау кезеңінен бастап, бүгінгі өркендеген Қазақстанға әлемдік өркениеттілік кеңістігіне кіретін үлкен тарихи жолдың көш­басшы тұлғасы кім десек, әрине, президенттік сайлауда жеңіске жеткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі. Енді, міне, Елбасының ант беру рәсімінен кейін, халыққа өзінің Ұлт жоспарын түсіндіре отырып, алға қойылған міндеттерді шешудің жолдары еркіндік пен елдікті аңсаған ата-бабалар дәуірінің мұратына деген адалдық пен тарихи сабақтастықтан бас­тау алатынын көрсетті. «Дағдарыстар мен жанжалдар дүниенің төрт бұрышын біздің көз алдымызда тітіркендіріп отыр. Азаматтары қайыршылықта өмір сүріп немесе әскери жанжалдарда қаза тауып жатқан жолы болмаған мемлекеттер саны ұлғая түсуде. Тұрақсыздық Орталық Азияның шекараларына да тым жақын келіп тұр. Соңғы 2-3 жылда жаһандық проблемалардың өсе түскенін көре отырып, мен Қазақстанымызды қалай нығайту мен қауіпсіздендіру және аса табысты 30 елдің қатарына ену жолынан адастырмау туралы ойладым. Мен жағдайды басқа мемлекеттердің көшбасшыларымен талқыладым. Барлық жауапкершілікпен ұлтқа мына жайды ескерткім келеді. Біздің әрі қарайғы дамуымызға әлі 5 жаңа сыртқы сын-қатерлер қауіп төндіруін жалғастыруда», дей келіп, Елбасы оларды атап өтіп қана қоймай, одан сүрінбей өтудің тетіктерін де айшықтады. Шынында да, алғашқы қоғамдық құрылыс­тан кейінгі замандардың қай-қайсысы да болсын, адамзат қоғамы мемлекет құру жолынан өтті. Өйткені, адамдар қоғамының өмір сүруінің басты шарты – мемлекет болды. Онсыз ол қоғамның тұрақты ғұмыр сүруі мүмкін емес еді. Сол даму сатысында тұрған қоғамның талап-тілегіне сай мемлекеттік институттар түрлі формаларда қалыптасты және оның өзі сол қоғамды реттеп отырды. Бірақ, оларды құру өздігінен жасалған жоқ. Қоғамның өз ішінен ерекше тұлғалар шығып, мемлекет құруға барлық күш-жігерін жұмсады. Ғұн-сақ заманында Еділ патша Шығысы – Тынық мұхиты, ал батысы – Атлант мұхитының жағалауларына дейінгі аралықта қуатты империя құру жолында күрессе, Бумын, Естеми, Күлтегіндер батысы – Қара теңіз, шығысы – Сары теңіз (Тынық мұхиты) аралығында қуат­ты қағандық құра алды. Сондықтан да Күлтегін тас жазуындағы: Ілгері – күн шығысында, оң жақта –күн ортасында, кейін – күн батысында, сол жақта – түн ортасында осының ішіндегі халық­тың бәрі маған қарайды, халықты осын­шама көп еттім, – деген жазулар бабалар заманының ұранына айналды. Биыл 550 жыл­дық мерейтойы атап өтілгелі отырған Қазақ хандығы да заманында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» арқылы Дешті Қыпшақ жерінде мемлекет құрып, Еуразия кеңістігінде өзін мойындатты. Елімізде тәуелсіз мемлекеттіліктің негі­зін құруды іс жүзінде жүзеге асыра отырып, Елбасы оның теориялық негіздемесін жасау үшін де көп еңбек етті. Еліміздің тәуел­сіздік алып, дербес мемлекетін құру жолына түсуінен бастап, бүгінгі өркендеген шағына дейінгі кезеңде шешуіне тура келген әрқилы мәселелеріне қатысты Елбасы ғылыми негізделген еңбектер жазып қана қоймай, оның іс жүзінде жүзеге асуын да қамтамасыз етті. Сөйтіп, әлемде «қазақстандық экономикалық ғажайып» термині қазірдің өзінде пайда болса, ол Елбасының теория мен практиканы, сая­сат пен экономиканы тиімді ұштастыра отырып жүргізудегі өлшеусіз еңбегінің нәтижесі десек қателеспейміз. XIX ғасырдың екінші жартысындағы мемлекеттің қалыптасуы және дамуы проблемаларының дүниежүзіне танымал зерттеуші, белгілі орыс ойшылы Б.Н.Чичерин мемлекет құрылуының алғашқы кезеңінде басқа факторлар қатарынан жеке тұлғаның шешуші рөл атқаратынына айрықша көңіл бөліп, «Жеке адамның тарих пен саясаттағы рөлі еш жерде дәл мемлекеттің құрылуы немесе күшеюі кезеңіндегідей жарқын көрінбейді», – деп турасын әділ айтқан еді. * * * Ата-бабаларымыз қай кезде болсын, сол өзі өмір сүрген қоғамда өмір сүру ережелері мен қағидалары негізінде заң шығарушылықты жете меңгере білгені белгілі. «Жазылмаған заңдар» халықтың ауызекі есінен ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырды. Бұл шаруашылығы негізінен көшпелі болған ел үшін табиғи құбылыс еді. Әйтсе де осы уақытқа дейін жеткен «Жеті Жарғы» заңдар жинағы біз үшін асыл мұра болып қала бермек. Ортағасырлық түркілердің Қарахан мемле­кетінің Ата заңының басты принциптерін көрсеткен Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты Білік» шығармасында Мәңгілік Елдің мемлекеттік-құқықтық негізін жасап кеткен еді. Бүгінгі таңда қос палаталы Парламент пен парламентаризмнің теориялық негіздемесін жасап, оның бас саяси сәулетшісі Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың болғандығы және болашаққа мемлекетіміздегі заң шығарушы органның дәре­жесі артып, қуатты өкілеттілікке ие болуы Елба­сының саяси ұстанымы мен жіті көзқара­сына тығыз байланысты екендігіне күмән жоқ. «Ұлт жоспары» деп атаған Елбасы белгіле­ген 5 реформаның біріншісі – мемлекеттік қызмет жүйесін реформалау, онда қызметшілер азаматтар құқықтарын құрметтеп және олардың заңды мүдделеріне қызмет ететіндей мөлдір де тиімді модельді қалыптастырады. Мемлекеттік қызмет меритократия («лайықтылар билігі») қағидаты негізінде барлық азаматтарға өз қабілеттерін жүзеге асыру үшін бірдей мүмкіндіктер берілетін әділ қазақстандық қоғамның түп бейнесіне айналады. Түрік қағанатын қуатты мемлекетке айнал­дыру үшін сонау батысында Қара теңізден, шығысында Сары теңіз (Тынық мұхи­тындағы) аралығында бытырап жатқан түркі тайпаларының басын қосып біріктіру керек болды. Осы жерде Түрік қағандары, қолбасшылары мен данагөйлері бірде ақ найзаның ұшымен, ал кейде бейбіт келісім арқылы жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін аямай жұмсады. Нәтижесі ойлағандай болды. Тарихта II Түрік қағанаты немесе Шығыс Түрік қағанаты деген атпен мәңгі өшпес із қалдырды. Қазіргі еліміздің, мемлекетіміздің күш-қуаты онда тұратын халықтар ынтымақтастығында, түрлі діндер мен конфессиялардың төзімділігі мен толеранттық қатынаста болуын қамтамасыз етуге байланысты. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Елбасы әп дегеннен өзінің бар күш-жігерін аямай, терін төкті. 1993 жылы 28 мамырда Елбасы Ордабасының ең шырқау тұсындағы Қарауылтөбенің басына шығып, тұңғыш рет тәуелсіз мемлекетіміздің туын көтеріп, «Береке басы – бірлік» атты тарихи баяндамасын жасады. Сол баяндамада Қазақстан халықтарының Ассамблеясы құрылатындығы да алғаш рет осы Ордабасында жария етілді. Осы кезді Қорқыт ата кітабындағы ежелгі түркілер қағандарының өмірінен де көзге елестете аласың: «Бір күні Ұлашұлы Төле құстың түлегі, біз жарлының үміті, Амид суының арыстаны, Қарашықтың қабыланы, Қоңыр аттың иесі... – Салор Қазан орнынан тұрды. Тоқсан баулы ордаларын қара жердің үстіне тіккізді. Тоқсан жерге қызыл­ала, қалы кілем төсетті. Тоқсан төбеге шатыр құрғызды... Ол жүгіне отырып былай деді...». Бұл жолы да Елбасы Ұлт жоспарының төртінші буыны ретінде: «Біздің қоғамымыздың көптүрлілігі – біздің әлсіздігіміз емес, күшіміз. Барлық азаматтар құқықтың бірдей көлемін пайдаланып, жауапкершіліктің бірдей жүгін арқалап және түрлі мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуі тиіс. Біздің қоғамымыз неғұр­лым қуатты және біртұтас бола отырып, тарихи тұрғыда көптеген тілдерден және мәдениет­терден қалыптасты. Бүгінде бізді Мәңгі­лік Ел құндылықтары: азаматтық теңдік, еңбек­сүйгіштік, адалдық, оқымыстылық культі, толеранттылық, шын берілгендік пен патрио­тизм біріктіреді. «Егер алдағы бір жылды ойласаңдар – астық өсіріңдер; егер алдағы жүз жылды ойласаңдар – ағаш өсіріңдер; егер мәңгілікті ойласаңдар – Адамды тәрбиелеңдер» деген біздің ата-бабаларымыз. Мәңгілік Ел құндылықтары біздің бақуатты болашағымызға бағдарлама болады. Сондықтан біз елдің бірлігі мен топтасқандығы үшін одан әрі де өзіміздің ортақ азаматтық біртектілігімізді нығайтуымыз керек», – деп сөзін түйіндеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – елімізді мекендейтін 140-тай этнос өкілдерінің мүд­десін қорғайтын ұлттық мәдени орталықтардың жиынтығы. Сонымен бірге, еліміздегі саяси тұрақтылықтың, халықтар арасындағы ынтымақ-бірліктің, ұлтаралық татулықтың діңгегі. Сол Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 20 жыл толды. Бүкіл әлемдік халықаралық ұйымдар Қазақстандағы ұлтаралық қатынас­тарды нығайтудағы біздің Ассамблея тәжіри­бесін зерделей келіп, оны өздерінде іске асыруға ұмтылуда. Сайлауда Н.Назарбаевтың жеңіске жетуіне байланысты Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқы Мәңгілік Ел идея­сының негізі болып табылатын тұрақтылық пен қоғамдық келісімді жақтап дауыс берді», деп әділ бағасын берді. Қоғам бірлігі, елдің біртұтастығы қазіргі кезеңде белгілі дәрежеде ондағы тұратын халықтардың діни наным-сенімдері арасындағы төзімділікке, толеранттық қатынасқа да байланысты болып отыр. Бұл жағынан да ата-бабаларымыз үлкен өнеге, үлгі қалдырып кетті.Тек қана әуелгі ортағасырлық Қазақстан жерінде пұтқа табынушылық, христиандық (несториан), буддалық, манихейлік және ислам діндері өмір сүрді. Қазақ халқы этногенезінің қалыптасуында үлкен рөл атқаратын Хазар қағанаты діндер тоғысының өркениеттілік үлгісін жасады. Жоғарыда айтылғандар Елбасының Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының стратегиясында орын тепті. Ол былай басталады: «Ежелгі қазақ жерінде халықтардың, өркениеттердің, мәдениеттер мен алуан діни сенімдердің бір мемлекетте бейбіт қатар өмір сүруінің бай да бірегей тәжірибесі жинақталған». Осылардың барлығы «Бақытқа жету мақсатымен азаматтары бір-біріне көмектесіп отыратын қоғам – қайырымды қоғам», – деп айтып кеткен ұлы әл-Фараби бабамыздың сөздері шындыққа айналып келе жатқанының көрінісі болмақ. * * * Бабалар тарихындағы қай қоғам болмасын, ондағы биліктің тұрақтылығы сол елдің шаруашылық жай-күйіне тікелей байланысты. Ал негізінде жоғарыдығы қағанның аузынан шыққан жыр жолдары Түрік қағандығының негізі көздеген мақсаты елін, халқын байлыққа молшылыққа кенелту екендігі көрініп тұр. Бұл тұрғыда әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының гүлдену кезеңі осы Түрік қағанатымен тұспа-тұс келуі де кездейсоқ емес еді. Өкінішке қарай, біз, әсіресе, тарихшылар, ата-бабалар кұрған қағандықтар мен мемлекеттердің шаруашылық өмірі экономикасына жете көңіл аудармай келеміз. Әдетте, шаруашылығын айтқанда, оның тек түрлері ғана атап өтіледі. Ал оның даму эволюциясы және оның саяси тарихқа ықпалы назардан тыс қалады. Сондықтан да болар, өткен замандардағы Қазақстан жерінде болған мемлекеттер тарихи сырт көзге көбінесе саяси оқиғалар (жаугершілік, шапқыншылық, т.с.с) тізбегінен ғана тұратын сияқты. Ал шын мәнінде саяси оқиғалардан гөрі ата-баба тарихы өркениеттің эволюциялық үрдістері арқылы қолы жеткен шаруашылық пен мәдениеттің бай тәжірибесіне толы. Міне, осыған барынша көңіл бөлу қажет. Кейінгі кезде посткеңестік кейбір елдердегі саяси дағдарыстар қазіргі Елбасымыздың ұстан­ған саясатының дұрыс екендігін айқын көрсетті. Қай қоғамда болмасын, сая­си өзгеріс­тер экономиканың дамуымен негіздел­генде ғана өз қойған мақсатына жете алады. Бұрын­ғы замандағы бір данышпан айтып кеткен­дей: «Кедейлер үшін биліктің ауысуы билеу­шісінің аты өзгергенінен басқа еш нәрсе әпермейді» (Федр) Сол сияқты билік ауыс­қанмен жоғарыда аталған елдерде қарапайым қара халық молшылыққа кенелді ме? Қайта әлеуметтік қайшылықтар күшейіп, экономикасы тығырыққа тіреліп, бұрынғы жеткен дәрежесінен де төмендеп кеткенін көрдік. Ал, Елбасының экономика бірінші, одан кейін сая­сат ұстанымының өміршең екендігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Бүгінгі таңда Ұлт жоспарының үшінші шешуші міндеті ретінде: «Қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту. Бұл кең көлемде орта тапты құру үшін қағидатты түрде маңызды. Индустрияландыруға негізделген экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін біз түбегейлі құрылымдық реформаларды жүзеге асырамыз. Білім беру мен денсаулық сақтау – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің стандарттарына бағдар ұстанатын болады. Экономиканы әртараптандыру үшін біз өңдеу өнеркәсібіне трансұлттық компанияларды тартамыз, ол Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуын қамтамасыз етеді, – деп нық сеніммен айтты. Түрік қағанатының саяси тарихы сол кездегі алпауыт көрші елдермен (Қытай, Иран, Византия, Русь және т.б.) жүргізген қарым-қатынастары мен сыртқы саясаттың небір жемісті іс-шараларына толы екендігі мәлім. Сол заманнан басталып, Қазақ хан­ды­ғы және оның жалғасы болып табылатын Қазақ­стан Республикасының кең-байтақ жері мен елін сақтап қалуы белгілі дәрежеде әр заман­ның басшы тұлғаларының іскерлік, сая­си көрегендік, «шығысқа тән сабырлылық пен да­на­лық» қасиеттеріне байланысты болды. Қазақ хандығы тұсында ханға кеңесшілік рөл атқар­­ған билер институты сыртқы саясат пен көр­­ші елдермен бейбіт қарым-қатынастың не­бір тамаша үлгілерін көрсеткені тарихтан мәлім. Елбасы Н.Назарбаевтың ұзақ жылдар бойы жүргізген сыртқы саясаты нәтижесінде ұзындығы 7 591 шақырым шекара мәселесі сәтті шешілді. Өз сөзімен айтқанда: «Тарихымызда тұңғыш рет біз өзіміздің стратегиялық әріптесіміз Ресеймен заң жүзінде ресімделген мемлекеттік шекараға ие болдық». Бұл – қазақ жері үшін қажымай-талмай күрескен ата-бабаларымыздың аруағы бір аунап түскен кез болды». Бұл жерде ғұн-сақ заманындағы Модэ қағанның көрші империя патшасы сұрағанда астындағы сәйгүлік атын, қойнындағы сұлу жарын берсе де, ұлтарақтай жерді беруге мүлде қарсылық білдіріп, жанкештілікпен шайқасқа шыққаны тарихтан еске түседі. «Біз өзіміздің стратегиялық әріптестеріміз – Ресеймен, Қытай Халық Республикасымен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақ елдерімен, Ислам әлемімен ынтымақтастықты жалғастырамыз. Біз халықаралық ұйымдарда белсенді жұмыс істейтін боламыз. Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде Қазақстан біздің өңіріміздегі қауіпсіздік пен экономикалық дамудың ортақ архи­тектурасына қолдау көрсетеді. Біздің Еуразиялық экономикалық одақ бойынша өзіміздің ең жақын әріптестеріміз – Ресей­мен, Беларусьпен, Қырғызстанмен және Армениямен қатынастарымыз айрықша болмақ. Қазақстандық дипломатия ислам әлеміндегі және посткеңестік кеңістіктегі өткір өңірлік дау-жанжалдарды бейбіт жолмен реттеу жөніндегі күш-жігерін ұлғайта түсетін болады», – деп Елбасы Ұлт жоспарын табысты орындаудың кепілі ретінде қолайлы халықаралық ахуалын қалыптастыру шарттарын да айқындап берді. * * * Түрік қағанаты екінші рет бой көтеріп, мемлекетін күшейту кезінде орталық Орда орнын дұрыс сайлап, шешудің маңызы зор болды. Әсіресе, қағанаттың оңтүстігіндегі қуат­ты империядан қауіпсіз болу үшін, стратегия­лық жағынан Моңғолия Алтай таулы өлкеле­рінің солтүстігіндегі Өтүкен қойнауы өте қолайлы болды. Екінші жағынан, ол жер түркі жұрты­ның негізінен айналысатын мал шаруашы­лығына да, егіншілігіне де жайлы еді. Сон­дықтан халықтың тоқтығын да, қауіпсіздігін де армандаған Түрік қағаны осы Өтүкен қойнау­ын Ел Орда ретінде белгілеген болатын. Ел Орданы таңдау, іздеу, оның орнын белгілеу, орнығу талай рет ата-бабаларымызды толған­дырған, тіпті аңызға айналғаны да мәлім. Оған Жерұйықты іздеп, жер шарын аралаған Асан қайғы бабамызды еске түсірсек те жеткілікті. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанға да Ел Орданы жан-жақты ойластырып барып белгілеу тікелей Елбасы ісінің жемісі. «Сын-қатерлерге қарамастан, біз жаңа елордамыз – Астананы, барлық қазақстандықтардың мақтанышын салуды бастадық», – деп Елбасы тебірене толғанды. Шынында да Елбасының Ақмоланы таңдауы көрегендіктің, саяси батылдықтың үлгісі ретінде тарихта қалатыны сөзсіз. Елбасы ендігі алда тұрған мақсатты айшық­тай келе: «Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары біз егемен мемлекеттің негізін қаладық. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың бірінші сатысы болатын. Одан кейін нығайып алған соң, біз қалыптасқан мемлекетке қарай қадам жасадық. Бұл екінші саты болатын. Енді ұлы реформаларды бастай отырып, біз Мәңгілік Елге жол саламыз. Бұл біздің мемлекеттік құрылыстың үшінші сатысы болмақ», – деп өзінің сөзін тиянақты қорытындылады. Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев – өткенге үңіліп, бабалар аманатын орындап, бүгінді бүтіндеп, ел болашағының қамын жеп келе жатқан Алаштың біртуар азаматы, тарихта алтын әріппен жазылуға тиіс ұлт перзенті дер едік. Сөз соңында айтарымыз, егер де Қорқыт бабамыз бір сәт тіріліп келсе, ежелгі түркі бабаларымыздың Мәңгілік Ел мұратына Елбасының адалдығы мен берген антына қуана қол жайып, өзінің мына бір батасын берер еді: Қарлы қара тауларың құламасын! Көлеңкелі қаба ағаштарың кесілмесін! Күркіреп аққан суларың сарқылмасын! Қанаттарыңның ұшы қырқылмасын! Бәйгеге жіберген Ақбоз атың мүдірмесін! Қара болат қылышың мұқалмасын! Шашақты найзаң сынбасын! Ақ шашты Ананың жатқан жері пейіш болсын! Ақ сақалды Бабаңның жатқан жері ұжмақ болсын! Хақ жандырған шырағың жана берсін! Сатай СЫЗДЫҚОВ, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Күлтегін сыйлығының иегері.